Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Соңғы сеанс»: жандану алдындағы тоқырау

23.05.2023, 15:40 608

HALYQLINE.KZ

Кино өнері ХХІ ғасырға дейінгі даму тарихына нүкте қойды. Бұл – ғылыми тұжырым. Экран арқылы алапат эмоциялар сыйлаған кино әлемі көркем өнер ретіндегі миссиясын толық аяқтады. Бүгінгі кезең цифрлану алдындағы дағдарыс процесін өткеруде.

Әлемдік кино тарихындағы игерілген сан алуан тақырыптар ендігі алдағы онжылдық көлемінде «санаға терапиялық талдау» қызметін ғана атқара алады. Көрермендер үшін көретін әлемдік фильм қоры жеткілікті және тақырыпқа бай.

Жаңа деңгей ендігі уақытта шығармашылық тұлғаларға «жанды» талаптар қойып отыр. Жасандылық екінші планға түсті. Ойдан шығарылған оқиғалар, жасанды актерлік ойын енді қызық емес.

Кино өнерін саяси қадам ретіндегі қолдану тәсілі де енді ұзаққа бармайды. Әлемдік кинематографтың идеологтары ақырзаман оқиғаларына дейін таспалап, бағдарламадағы болжамдарын жасап болды. Ақпарат майданы тығырықта.

Бүгінгі уақытта жер шарының әрбір қоғамы рухани дағдарыста. Әркім өз ішкі әлемінде болып жатқан процеске оңашада зерттеу жүргізеді. Ұялы телефоны арқылы виртуальды және өз өмірінің шындығы аралығындағы «ақиқаты» іздеуде.

Біз бақылаған бұл процесс режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Соңғы сеанс» фильмінде нақты ашылады. Осы қысқа метрлі фильмде автор адамзаттың бүгінгі даму бағытының негізгі өзегіне сараптама жасаған. Қоғамға тән күйдің атмосферасын ашқан.

Көркемдеу, әсерлеу, қолдан экранда жаңа өмірдің баламасын жасап шығару процесі соңғы нүктесіне жетті. Енді деректіліктің құны артады. Ақпаратты, оқиғаны шынайы табиғи жолмен үйлестіру – кино өнерінің соңғы нотасы.

Экран өнерінің тарихында Франциядағы алғашқы сеанстан бастап негізгі мақсаты шынайы өмірді пленкаға таспалап қалдыру болды. Шығармашылық тұлғалар өмірдегі оқиғалардан алған әсерін, сезіну ерекшеліктерін, онан түйген тұжырымдарын идея мен тақырыпқа, әртүрлі жанрға негіздеді. Өмірдегідей түрлі тағдырды, шытырман оқиғаны фильм етіп көркемдеп шығарды.

Өмірдегі уақыт – тоқтаусыз процесс, ал фильм осы өмірдегі әсерлерді пленкаға сақтай білді. Оқиғаны көркемдеді, кейбір тарихи деректі бұрмалап әсіреледі. Шығармашылық тұлғалар өресі мен дүниетанымына сай экрандағы «өз шындығын» тудырды.

Кино тарихындағы режиссерлар мен олардың түсірген фильмдері аралығындағы шығармашылық процесті зерттеу барысында өте қызықты құбылыстар бар. Кез келген режиссер өз шығармашылығындағы түсірген тақырыптарын бекер таңдамайды және ол оның жеке өмірінің бейсанасындағы бағдарламасын оқуға барлық картаны ашады.

Экранда шынайы туындылар адамзаттың тұтас тарихи шындығын жасайды, кей авторлар өздерінің бейсанасындағы жеке шындығын ашады. Өнердің тіліне миссия жүктелген. Оның табиғаты жасандылықты ұзақ көтермейді. Бүгінгі уақыттағы тоқырау – заңды құбылыс.

Цифрланған жаңа әлем жаңаша деңгейде жаңғырады. Оның ішкі механизмдері күрделі. Бүгінгі уақыттың ішкі ритмі қарқынды. Көрермендердің назарын ұстап тұру қиын. Шығармашылық тұлғалар визуальды дәуірдің жаңа талаптарына бейімделуі қажет болады.

Смартфон әр адамға шығармашылықпен айналысудың тәуелсіз тетігін берді. Бұл – техникалық прогресс. Әр адам ұялы телефоны арқылы операторлық өнерге құқық алды. Өз өмірінің биографиясын таспалауға, цифрлауға қабілетті.

Кино өнері экран арқылы өмірдің жоғарғы мағынасын ашудың тарихи-философиялық, танымдық-психологиялық, эстетикалық рөлін атқарды. Енді адамзатқа идеяны өнердің тілі арқылы ғылыми жетілген деңгейде жеткізудің тәсілін меңгерудің жаңа сатысы тұр.

Гүлзат КӨБЕК,

киносыншы,

Өнертану PhD докторы,

«Тұран» университетінің профессоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: