Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөз сабанға айналды…

26.05.2020, 10:10 730

HALYQLINE.KZ Осы қысқаша ғана жазбамда екі мәселе туралы айтпақпын. Біріншісі, күншығыс еліндегі Жапон халқы экономикалық тұрғыдан неге қарыштап кетті десеңіз, ол сол халықтың ерекше еңбекқорлығы мен кішіпейілдігі дер едім.

Мәселен, Жапон шенеуінігі үшін кез келген жұмыс болмыс пен парыз есебінде. Сондықтан шығар, тойота десеңіз болғаны бұл милаттың есіне ең әуелі машина емес, болмыс пен сапа мәселесі бірінші түседі. Ал біздерде ше? Керісінше қазақ шенеунігі үшін қызмет атаулы зор мақтан мен кісі қорқытудың ең үлкен құралы емес пе? Бұл орыс «ағамыздан» мирасқа алып қалған мәңгілік дүниеміздің бірі ме деймін. Осы орыс билігі мына тәкаппарлығы мен қоса ұрдажық мінезінен тез арада қоштаспаса Жапон моделінің маңына жақындап та бара алмайды. Мұндай кішіпейілдікке жетуге орыстың аспан тіреген зор кеудесі мен қас надандығы жібере қояр ма екен.

Екінші айтпағым, еркін ақпарат ағысының негізінде көп дүниеге көзіміз жетіп келеді ғой. Соның бірі батыстың азаматтық қоғам тезіндегі сайлау феномені дер едік. Саяси жүйесі мен өз идеологиясы бір қалыпқа түскен елде кез келген тұлғаның (егер де оның шын ниеті болса) ел президенті бола алатынын анық бағамдап отырмыз. Кәсіби батыс демократиясының өзі емес, тек шалығы ғана жұққан кешегі Украин елінде актер Зеленскийдің таққа отыруы біз үшін аса зор киелі саналатын патшаға деген көзқарасымыздың күл паршасын шығарды. Бақсақ, патша дегеніміз де ет пен сүйектен жаралған, бес жылдық саяси тағдыры тек қарашаның ғана көңіл күйіне тәуелді «бейбақтың» нағыз өзі екен ғой.

Осыларды ойлап отырып дүниедегі ШЫН ПАТШАЛЫҚ өнер мен ғылым екен-ау деген ұйғарымға келдім. Өнердің аты қашан да өнер ғой. Отыз жыл бойы Қазақстанды жер-жаһанға қалай танытсақ екен деп шаты айырылғанша тыраштанғандардың әрекетін Димаш Құдайбергенов бар болғаны бірер жылдың бедерінде ғана атқара салды емес пе? Қарапайым ғана бір мысал келтірейін. Димаштың саяси жүйесі əбден орныққан демократиялық қоғам негізінде (егер де оның өз тарапынан қалауы болса) президент болуға жүз пайыз мүмкіндігі бар. Ал енді біздегі мың шенеуніктің бірігіп бір Димаш бола алуы мүмкін бе?!. Өзіңіз енді ойланып көріңіз.

Мұны баса айтып отырғаным ханға лайық өнері бар кей жандардың СОЛ ПАТШАДАЙ ӨЗ ӨНЕРІНІҢ ЕШ НАРҚЫНА ЖЕТПЕЙ, бүгін бар да ертең жоқ қайдағы бір боққарын біреулерге жағатсып, өз қадірін өздері кетіргеніне еш ақылым жетпейді. Былтыр ғана бір адам үшін былаудай болып өксіген сол шіркіндердің саяси қойылымына күлемін деп екі күн бойы орнымнан тұра алмай жаттым.

…Қазақтың бұған дейінгі жүріп өткен жылнамасына қарасақ сөздің құны сары алтыннан да қымбат болатын. Дәлірек айтсақ, бұған дүниенің ешбір байлығы жетпейтін. Сондықтан да шығар сөз ұстартқан адамның құны мен даңқы қашанда биік-тұғын. Бүгінде сары алтыннан қымбат сол сөз атаулы бопыр сабанға айналды. Соған сай оның иелерінің де құны адам айтқысыз деңгейге түсті. Ақиқатын айтайын сізге Алаштың арғы-бергі тарихында қазақтың саф өнері мен асыл сөзі мұндай деңгейде ешқашан құнсызданған емес.

Мұның ең басты себебі сол сөз бен өнерді ұстаған адамның өз құнын өзі еш білмейтіні дер едік. Егерде қазақтың қобызшы Сматайы мен күйші Жанғалиы қадірін білген елге жапонның ең соңғы самурайымен пар ғой.
Ал самурай атаулы кімге жағатсып, кімге басын иетін еді.

Қазақтың саф өнерін ұстаған кез келген дарын өз басын шын патшаға лайық ұстаған жағдайда ғана алаштың құты мен ырысы қайыра оралатын болады. Сонда ғана ресми патша ШЫН ПАТШАНЫҢ дәргейінде болып, ол жүгіріп келіп ең бірінші жалбақтап сәлем беретін болады…

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: