Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салт-дәстүріміз бен мәдени мұрамыз – ұлт амандығының берік кепілі

28.02.2021, 11:00 335

HALYQLINE.KZ

Жыл басында баршамыз ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын зор қызығушылықпен оқып шықтық. Әсіресе, Мемлекет басшысының өсіп-өркендеу жолында істелген жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде жазған тұжырымдарын шын жүректен қолдап, оның ішінде «Салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің кепілі» деген сөзі жайлы ой қозғағым келеді.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Мемлекет басшысы салт-дәстүріміз бен көз қарашығындай құнды мәдени мұрамызды сақтап қалу ұлт болашағының бірегей кепілі екенін ерекше атап өтті. Егемен еліміздің даму барысында талай серпінді жоба сәтті жүзеге асып, көптеген тарихи жәдігерлер жинақталғанын ескертіп, ендігі кезекте оны сақтап қалып, бұқара халыққа насихаттау аса маңызды екенін айтты.

«Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен, сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па?», – деген Президентіміздің осы сөзі бәрімізге, оның ішінде, әсіресе, ғылыми ұйымдар мен музейлерге қатысты екенін баршамызға мәлім.

Осыған орай, нағыз қазақылықтың мекені, еліміздің алғашқы астанасы – Қызылордада өшпес мәдени мұрамызды сақтап қалып, өскелең ұрпаққа аманат етіп тапсыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берсем.

Өздеріңіз білетіндей, тұңғыш қазақстандық музыкалық драма театры, Қазақ АССР атауын тәуелсіз Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы шешім қабылданған тарихи ғимарат үлгісімен салынған «Рухани жаңғыру» орталығы, көне қалашықтар мен өзге де көптеген аса құнды мәдени нысандар өңірімізде орналасқан. Одан бөлек, «Сыр елі – жыр елі, қазақылықтың мекені» аталып кеткен туған өлкеміз ежелден бері атақты талай суретшілер мен жазушылар, әншілер мен артистердің туған жері. Тарихи-өлкетану музейіміздің де көпшілік жиі баратын, қызығып тамашалайтын орындарының бірі екені де сондықтан болар.

Сұранысқа сай, музей ұжымы да экспонаттарды кеңінен насихаттауға, жұмыстың жаңа форматтарын игеруге ұмтылады. Мәселен, «Музейдегі түн», түрлі ашық көрмелер мен экскурсияларды ұйымдастырып тұрады. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған халық топтары үшін экскурсиялар тегін өткізілетінін ерекше атап өткен жөн.

Сондай-ақ, жастардың мәдени құндылықтарымыз туралы көбірек білу мақсатында «Жас экскурсовод» атты тың жобамыз бар. Оның аясында балалар мен жасөспірімдерді үйретіп, ежелден сыр шертетін Сыр өңіріміздің көрнекі жерлері туралы айтып береміз.

Әрине, аймағымыздағы білім беру ұйымдарымен бірлесе бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ашылған жаңалықтарымыз да аз емес. Мәселен, «Музейге сый» науқаны аясында талай құнды жәдігерлер анықталып, музей қорына өткізілді. Жақын арада көрнекі ақын, аудармашы Ә.Тәжібаевтың қолданған мылтығы музейге табысталып, жақын арада бұқара халықтың қызығып тамашалайтын экспонаттарының біріне айналмақ.

Міне, осылайша қасиетті Сыр елі Президентіміз айтқандай, өткенді дәріптеп, сақтап қалып, заманауи үлгімен кеңінен насихаттайды әрі болашақ ұрпаққа аманат етеді. Қазақ елінің алғашқы мәдени астанасы атағына сай болып қалуға тырысады. Әрине, бұл елімізде істеліп жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Атқаратын жұмыстарымыз әлі де жетерлік. Осыған орай, жерлестеріме айтайын дегеніміз: қасиетті жеріміздің өшпес мұрасын әрі қарай халық игілігіне пайдалануға барынша жұмылып, балаларымызға туған жеріміз туралы айтып, оған деген құрметтерін асыруға бос уақытымызды аямайық. Жастарымыз туған өлкемізбен мақтансын, келешекте оған қызмет етуді мұрат етсін. Құдай қаласа, оның абыройын одан сайын асқақтатуға өз үлестерін қоссын!

Алтын  Садырқызы,

Қызылорда қаласының қала тарихы музейінің қызметкері, экскурсовод

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: