Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сахнада жарты ғасыр: Халық әртісі сырбойылық көрерменімен қауышты

14.12.2023, 21:20 163

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне өнер сапарымен келген Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның сахнадағы 50 жылдығына арналған шығармашылық кешін тамашалады.

Кешке ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясы аппаратының басшысы Мадина Қадырова, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері келді.

Сахнадағы жарты ғасырлық мерейлі белесіне орай сырбойылық көрерменімен қауышқан Роза Қуанышқызы ұлдары Әли және Мәдимен бірге репертуарындағы танымал әндерін айтып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қызылордалықтар әншінің орындауындағы «Атамекен», «Отандастар», «Өткен күн», «Неге жалғыз?» шығармаларын тыңдап, әншіге ерекше қошемет көрсетті. Өйткені, Халық әртісінің шығармашылығы мен қазақ әнінің тұтас дәуірі бір-бірімен тығыз байланысты.

Концертте Роза Рымбаева жерлесіміз, танымал музыкант Батырхан Шүкеновтің құрметіне оның әндерін орындады.

Отандық эстраданың ең танымал әншісі 22 жасында Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі, 29 жасында Қазақ КСР-ның Халық әртісі атанған. Еліміздің атын, ұлтымыздың болмысын, музыкалық талғамын әлемге танытқан. Роза Қуанышқызының 1977 жылы Болгарияда өткен «Золотой орфей» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алуы сол кезеңдегі қазақ ән өнерінің ғана емес, Кеңес одағы мәдениетінің ең үлкен жетістігі еді. Әншінің талантын мойындаған бауырлас қырғыз бен өзбек ағайындар Роза Қуанышқызына өз республикаларының Еңбек сіңірген әртісі атағын берді. Ол тәуелсіз еліміздің «Құрмет», «Парасат» ордендеріне ие болып, Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

Концертте әншіге аймақ басшысының ықылас гүлі ұсынылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: