Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Роза Бағланованың 100 жылдығына орай мерекелік концерттер өтті

04.10.2022, 9:10 752

HALYQLINE.KZ Биыл – КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, қайталанбас ғажап дауыс иесі, әнші Роза Бағланованың туылғанына 100 жыл.

Ерекше талант иесі, дала сандуғашы атанған белгілі әншінің 100 жылдық мерейтойына орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ауданда болып, орталық алаңда аудан халқына арнап «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты концерт өткізді.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі С.Сермағамбетов: «Әсем әуенімен туған халқымен бірге жарты әлемді тамсандырған дала сандуғашы Роза Бағланованың әуезді әндері халық жадында мәңгі сақталды. Роза Тәжібайқызының өзі іргетасын қалауға белсене атсалысқан «Қазақконцерт» ұжымы Қызылорда облысының аудандарын аралап, 100 жылдық мерейтойға орай Роза апамыздың әндерін жаңғыртып, әсем әуен кешін ұйымдастыруда. Осындай керемет іс-шараны ұйымдастырып, елдің алғысын арқалап, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат тұтқан ұжымға аудан тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Бүгінгі шара қазақтың ән падишасы атанған Роза Бағланова есімінің келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосады деп білемін. Қазақтың әні, жыры, әуені қарыштап дами берсін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін!» деп ізгі лебізін білдірді.

Мұнан кейін өнерпаздарға айдынды өлкенің арнайы сый-құрметі көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.

Мерекелік концертте қазақ эстрадасының белгілі әншілері Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Айжан Нұрмағанбетова, Құрмаш Махан және «Азия» тобы, «Қазақконцерт» ұйымының басқа да өнерпаздары шырқаған әсем әуендер жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ, Қазалыға да Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы арнайы келіп, аудан тұрғындарының назарына «Қазақ деген халықтың еркесімін» тақырыбындағы концерттік бағдарламасын ұсынды.

Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған концертті аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп ашты.

– Баршаңызды қазақтың бұлбұлы атанған жезтаңдай әнші, Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін Роза Тәжібайқызының туған жерінде өтіп жатқан мерейтойлық іс-шаралар да өз мәресіне жетті.

Түске дейін апамыздың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында танымдық конференция ұйымдастырылып, жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Түстен кейін Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде республикалық ақындар айтысы өтті.

Еліміздің әр түкпірінен келген ақындарды «Алтын домбыраның» 3 дүркін иегері Мұхтар Ниязов өзі бастап келді.

«Қазақконцерт» өзінің байырғы гастрольдік сапарларын жаңғыртып, заманауи үлгіде елді мекендерді аралауы сапалы мәдени өнімге қолжетімдікті үйлестіріп қана қоймай, өнерден сусындаған аудан халқын серпілткенін айта кеткен абзал. Еліміздің маңдайалды майталман жұлдыздары мен халықаралық сахналарда шыңдалған жас өнерпаздардың ауданымызға ат басын тіреуі біздер үшін жағымды жаңалық болғаны жасырын емес. Аудан халқын рухани жігерлендірген өнер ұжымына қазалылықтардың атынан алғысымды айтамын, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Мұнан соң өнер ұжымына аудан әкімінің «Алғыс хаты» тапсырылып, сый-құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ, қазақтың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова да аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Одан әрі күміс көмей әншілер Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағанбетова, Құрмаш Махан мен «Азия» тобы және басқа да өнерпаздар мерейтойға әннен шашу шашып, көрерменнің ықыласына бөленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: