Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоқан мылтығы – сирек кездесетін аса құнды жәдігер

18.07.2020, 14:00 2106

HALYQLINE.KZ Тарихи кезеңдерде зеңбірек оқпанының диаметрін біртіндеп кішірейту арқылы оны кішкентай қорғасын оқтармен атуға пайдалану нәтижесінде мылтық пайда болды. Қарудың салмағын жеңілдетудің арқасында оны бір адам қолда ұстап қолдануға мүмкіндік туды. Оқ-дәрімен атылатын алғашқы мылтық ХІІІ ғасырда арабтарда пайда болды. Жазба деректердегі қолда ұстап ататын отты қарудың парсы, түркі тіліндегі бір атауы – «туфенг». Қол отты қару ретіндегі туфак (туфанг) алғаш рет «Бабур наме», «Шараф-наме-йи шахи» сияқты ХҮІ ғасырдағы тарихи шығармаларда кездеседі.

ХVІ ғасырдың аяғындағы жазба деректерінде қол отты қаруының түркі тіліндегі «мылтық» атауы қолданыла бастайды. Ал, ХІV-ХV ғасырлардан бастап Шығыста қолданысқа енген қолда ұстап ататын отты қаруы түрі – мылтық (туфенг) кейін Орта Азияға және қазақ даласына да таралып, қазақтардың отты қаруының басты түріне айналды.

​Қазіргі таңда музей қорында мылтықтың бірнеше түрі сақталған. Солардың бірі – қоқанның шиті мылтығы. Қару музей қорына 1968 жылы өткізілген. Түгендеу нөмірі КЗМ КП 71\1. Музей қорындағы деректерге сүйенсек, мылтық 1853 жылы Ақмешіт бекінісін орыс әскері басып алғаннан кейін қолға түскен. Мылтықтың ерекшелігі капсюльді қолдану үшін оқпанның түбінің оң жағында кішкентай сауытша пісіріліп орнатылып, сауытшаға капсюль кигізілген түтікше темір өзек бұралып бекітілген. Капсюльді (пистонды) мылтық – сол кезеңдегі жетілдірілген қару түрі. Қолдану әдісіне тоқталсақ түтікше темір өзектің ұшына мыс капсюль кигізілді. Капсюльге шаппаның соққысы тигенде оның ішіндегі жарылғыш қоспа жарылып, от шығарып, сауытшаның тесігі оқпандағы зарядты тұтатты. Мұндай капсюльді шүріппе Еуропада алғашқыда аңшылық мылтықтарда қолданылып, кең танымал болып, кейін әскери қаруды оттандыруға пайдаланылды.

Мылтықтың оқпанының ұзындығы – 123 см, ұңғысына келсек, іші алты қырлы қылып жасалынған. Бұл оқпан бұрын пілтелі мылтық немесе шақпақты мылтықтардан алынып қолданылуы мүмкін. Құндағы ағаштан қарабайыр жасалып жалғанған. Этнографиялық деректерде шит немесе шиті деп қазақтар мақтаның кішкентай дәнін атайды. І.Жансүгіровтың «Екпінді жеңгелер» өлеңінде:

Бұл тазалап жатқаны,

Мақта дәні шиті ғой.

Қоқыр-соқыр, шөп-шары,

Сол шитінің биті ғой, – деген өлең жолдары кездеседі.

Осыған байланысты мақтаның тұқымындай, дәніндей кішкентай заттарды қазақтар шиттей деген. Кішкентай пистон капсюльдерді де шит, шиті деп атаған болуы керек.

Қорыта айтқанда, 150 жылдан астам тарихы бар музей қорындағы шиті мылтық – сирек кездесетін аса құнды жәдігер және Ресей империясының Сыр өңірін отарлаған кезеңнің куәсіндей музейдің экспозициялық залынан орын алған.

Гүлзира ӘУБӘКІР,

Ақмешіт музейі филиалының экскурсоводы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: