Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайырбай Зәкіров: «Суреттің ерекшелігі аударманы қажет етпейді»

23.07.2020, 12:10 1047 2

 HALYQLINE.KZ – Қайырбай аға, сізді ел-жұрт ҚР өнер қайраткері, Көркемөнер академиясының мүшесі, талантты суретші ретінде жақсы біледі. Осы күнге жеткізген абыройды сізге құдіретті қылқаламыңыз әперді ме, әлде қылқаламыңызды танымал еткен сіз бе?

 – Қызық сұрақ екен, бір жағынан қиын. Мынадай сұрақты бірінші рет көрдім (күлді). Қылқалам – өнер, адамды өзі баурап алады. Бала кезімде отбасым теміржолдың бойында Шалқар жақта тұрды. Әкем де, оның әкесі де теміржолшы болған. Бала кезден пойыздың сартылы, паровоздың арқыраған дауысын естіп өстім. Солар маған керемет әсер ететін. Ес білгенде салған суреттерімнің бәрі пойыздар болатын. Әкем көріп: «Менің балам суретші болады» деп бір марқайып қалатын. Әкемнің де қолының місекері бар, етік тігу, ағаштан күбі, сандық, домбыра жасау, киім тігудің хас шебері болған. Қасында отырып, кейбір жұмыстарына да араластым. Өзімнің ықыласым бар, әкемнің қолпаштау сөзі бар, мені суретшілікке әкелді деп ойлаймын. Мектепте де сурет салумен айналыстым. Кейіннен көркемсурет училищесіне оқуға түскенде достарым да мықты болды. Амандос Ақанаев, Фатима Тарази, Бәтима Зәуірбекова, марқұм Дәркембай Шоқпаров – бәріміз бір топ болып оқуға түстік. 1968 жылы үлкен көрмелерге жұмыс қоя бастадым, бірақ 1974 жылдан бастап анық бет бұра бастадым. Маған бағыт берген Ресейдің атақты суретші-графикшісі Николай Эстис еді. Бірде Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында жас суретшілердің көрмесі өтті. Сол көрмеге «Қызылқұм туралы өлеңдер» атты серияларымды қойдым. Алты-жеті шағын лист жасағанмын. Өзім байқаған жоқпын. Бір күні газетті ашып отырып қарасам, осы жұмысымды жақсы бағалап, БЛКЖО-ның грамотасын 4-5 адамға беріпті. Соның ішінде мен де бар екенмін. Бұл – ол кезде үлкен мәртебе. Қатты толқып, содан құлшыныс пайда болды.

Өнерге келудің әртүрлі компоненттері бар. Тек қана сурет сала білу, жұмыс істей беру аздық етеді. Бір адамдардың жолығуы, өміріңе бағыт берер жағдайлардың орын алуы сеп болады. Смирнов, Ли Мен Су секілді суретшілер біздің өнерімізді оятуға көп көмегін тигізді.

 – Адамның қуанышы мен қайғысы жүрегінде. Ал кез келген туынды жүрек түкпірінен жарыққа шығады. Көңіл-күйіңіз жазған картиналарыңыздың бағытының өзгеруіне әсер ете ме?

 – Иә, адамның жүрегінде жақсылық та, ізгілік те, шапағат та, шаттық та бар. Кез келген іс адамның жүрек қалауы бойынша басталып, жүрек қалауы бойынша бітеді. Бұл тек суретшілерге қатысты мәселе емес. Кез келген адамның ішкі энергиясы оның қалай жұмыс жасауына тікелей әсер етеді. Бізде де солай. Ойыңа алған картинаның жұмысы біткенше оның бірнеше тарихы мен нұсқасы болады. Қаламмен жұмыс жасап отырғанда ойыңнан шықпаса, ашуға булығасың, керемет болса, жайдарлы қалыпқа енесің, әйтеуір қиындық пен төзімділіктің арқасында бір картина салынып бітеді. Барлығы бітіп, көрмеге қойылғанда көрермен мен сурет арасындағы байланыс әлемін көру – біз үшін бақыт. Жалпы, суретшілер қауымында күннің жарқырап шығып тұруы – сирек кездесетін жайт. Бір картина бітемін дегенше көңіл-күйің алай-дүлей күйге түседі.

 – Кеңес үкіметі мен қазіргі тәуелсіз ел суретшілерінің жағдайы қалай? Жалпы, қазақ суретшілерінің алтын дәуірі деп мақтанатын кезі болды ма?

 – Кеңес үкіметі тұсында суретшілерге жақсы жағдай жасалды. Бірақ біз оны білмеппіз, дұрыс пайдалана алмадық. Қазір нарық заманы, әрбір жағдайды нарық өзі баяндап отырады. Бастысы, өнерді түсінетін орта бар. Жуырда облыс әкімі суретшілер галереясын ашып берді. Ішінен алты шеберхана берді. Бұл да тәуелсіз ел суретшілерінің бір бақытты тұсына айналарына сенім бар. Біздің кезімізде Қазақстандағы жас суретшілерді аға буын жаңа бағытқа икемдеп, әлемдік деңгейге көтеріп жіберді. Салихитдин Айтбаев, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Кисамединов, Әділ Рахманов деген суретшілердің есімі тарихта алтын әріппен қалды. Осы кісілердің қасында жүргеніміздің өзі үлкен мәртебе еді. Сурет салып жатқанда қасында тұрып, үйренгеніміз көп болды. Шымкент, Қызылорда, Алматы, Целиноград қалалары көркемсурет саласында алдыңғы шептен көрінді. Сыр бойында суретшілер ортасын жасаған олардың шеберлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Этюд жазу, сурет салу көп болды. Бірде бір көрмеге барғанмызда Сабыр Мамбиев деген халық суретшісі «Кызылорда – это маленький Париж» деп баға берген болатын. Осындай қызыққа толы 60-жылдарды «Суретшілердің алтын дәуірі» десек те болады. Өйткені дәл сол кезде Қызылордадан басқа қалаларда қылқалам шеберлеріне айтарлықтай жағдай жасалмаған еді. Өнер – есірткі, тәуелді болып қаласың. Өнердің санаға салатын ауыртпалығы көп. Әсіресе, алдыңғы шепте жүру үлкен жауапкершілікті жүктейді. Менің осындай бақытқа ие болуыма жақсы кісілердің игіліктері септігін тигізді.

 – Бүгінгі бейнелеу өнері саласындағы мектептердің дамуы қарқыны қалай? «Ат тұяғын тай басар» дейді дана халқымыз. Көркемсурет саласындағы ізбасарларыңыздың жай-күйі жақсы ма?

 – Сыр елінде беделі биік суретшілер болған. Бұлар С.Романов, С.Айтбаев, С.Мамбиев, А.Бортников, тағысын тағылар. Осы талантты тумалардың ізін басып келе жатқан жас суретшілер баршылық. Оларға суретшілер галереясынан изостудия ашылды. Бұрын суретшілер мектебі болған, кейіннен біреулер бұздырып жіберді. Өкінішті жағдай.

 – Балаңыздың да осы жолды таңдауына сіздің ықпалыңыз болды ма?

 – Балам Аққали кішкентайынан қасымда жүреді. Содан дарыса керек, сурет салуға ынтасы зор. 2011 жылғы «Шабыт» фестивалінің І орын иегері, түрлі көрмелерге қатысып жүр. Алдағы уақытта баламыз екеуміз Астанада көрме өткізсек деп жоспарлап отырмыз.

 – «Қылқалам – өмір, қылқалам – өнер, қылқалам – құдірет» деп жатады, қылқалам сізге бақыт бола білді ме?

 – Дұрыс айтасың, қылқалам – менің өмірім, өнерім, осы құдіретті қылқаламның арқасында барлығы болып жатыр. Шүкіршілік дейміз, бақыт дегенің – жүректің тыныштығы. Өнердің арқасында шетелге де шығып, өнердің арқасында өлкемізді әлемге танытып жүрміз. 2013 жылы Түркияның Ескишеһир қаласында өткен «Ескишеһир – түркі әлемінің мәдени астанасы – 2013» жылының аясында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының XVI суретшілер көрмесінде «Қайнақ» (қазақша «Қайнар» – ред.) туындысын салып, бір жарым жылдан кейін «Түрксой» мемлекеттік сыйлығын иелендім.

Мына қоғамның өзі түрлі-түсті бояулардан тұрады. Және әр түс әртүрлі жағдайларды баяндап тұрғандай әсер қалдырады. Демек, қоғам мен бояу үндестігі бір-біріне сәйкес. Ал сурет салып отырғандағы ләззатты ешнәрсеге айырбастамаймын (үнсіздік). Керемет. Қасымда домбыра мен гитара болады, олар да маған шабыт сыйлайды. Және де сурет сала бастағаннан айналамдағы жайттарға алаңдамаймын. Өзімді өнерде де, өмірде де бірдей бақытты сезінемін, себебі өмірім – өнерім, өнерім – өмірім.

 – Сурет салу – өнердің ұлысы. Оны түсіне білу – ұлылық, түсіндіре білу – даналық. Көбінесе қай бағытты, қандай стильді басымырақ қолданасыз?

 – Бір кездері модерн дейді ғой, жаңа бағытта картина жазып жүрдім. Әлде де солай, өйткені әр заманның суретшісі өз заманын ғана толғайды. Бірде Микеланджело «Давид» деген інжіл тұлғасының мүсінін 6 метрлік мәрмарды қашап жасаған. Оның шеберлігі соншалық, бұлшықет, тырнағының ұшына дейін қашап бейнелеген көрінеді. Содан Пабло Пикассо мүсінді бірнеше рет айналып шығып, таңданыспен: «Тасты соншама азаптағаны несі?!» деп баға берген көрінеді. Бірақ, әр заманның өзіндік стилі бар. Мен көбіне жалпы табиғатты, Сыр табиғатын, Аралдың ахуалын баяндаймын. Жұмыстарымда натурализммен айналыспаймын, графикалық бейнелеудің симультандық әдісін пайдаланамын. Техникалық диапазон ретінде

Литография, кескіндеме жақын. Өзімнің жүрегім қалай қалайды, көзім қалай көреді, қалай сезінемін, солай саламын. «Құсжолы» (офорт сериясы), «Көкжиек» (линогравюралар сериясы), «Айтматовты оқығанда» (литография) секілді жұмыстарым бар. АҚШ, Франция, Марокко, Польша, Португалия, Йемен және басқа елдердегі шетелдік көрмелерге де қатыстым. Жұмыстарым Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұржайында, Ресей, Еуропа, Жапония, Йемен. Франция, АҚШ, Қазақстандағы жеке коллекциялар мен галереяларда сақталуда. Мұның өзі өнердің ұлылығының арқасында деп білемін.

 – Суретші мен әдебиетшінің миссиясы бір. Тіпті «Суреткөзбен көретiн өлең, өлеңқұлақпен еститiн сурет» деген де тәмсіл бар. Ал сіздіңше

 – Жалпы, халықтың талғамы мамандардың талғамынан бөлек, қабылдауы басқаша. С.Айтбаев: «Өнердің үш сарапшысы бар. Біріншісі, халық – олар аузына шайнап салғанды ұнатады. Екіншісі, мамандар – әрқайсысы әртүрлі бағалайды. Үшіншісі – суретшіні бағалайтын адам. Осы өнерді түсінетін адамдардың көңілінен шықса, сол ғана халықтың еңбегі» дейді. Ақын мен суретшіні алар болсақ, кей ақындардың өлеңін бірден түсіну қиын, сол секілді суретшінің де картинасын біреу оңай түсінсе, біреу маманның көмегімен түсінеді. Суреттің бір ерекшелігі, шетелге шыққанда ақын-жазушылардың туындысы секілді аударманы қажет етпейді. Менің жырға, өлеңге әуестігім картиналарымның мәнін ашып, әдемі шығуына көмегін тигізеді. Өлең жазатын қасиетім де бар, «Шалқасынан туған ай» атты өлеңдер жинағым халықтың қолында жүр.

 – Бальзак «Наполеон қылыштың жүзiмен жауламақ болған әлемдi мен қаламның күшiмен тiзе бүктiремiн» деген екен. Сіз табынушыларыңызды қалай тауып жүрсіз?

 – Жалпы, өнерді мынау – жыр, мынау – өлең, мынау – сурет деп бөлген емеспін, өйткені барлығы бір қазандықта жатқан өнер. Ақын болып жүріп бояудың теориясын жазған Гете «Ақын көп сурет салып, аз жазу керек» деген екен. Себебі, бұл өзің жүрген кеңістікке бойлап, өзіңді танытуың үшін керек нәрсе.

Заман ағымына байланысты суретті сатылымға шығарғың келсе, көңіліңді пәс қылып тастайтын жайттар болады. Батыста суретшінің аты-жөнін, өнерін іздеп келеді. Ал бізде тапсырыс берушілер келеді, менің өнерімді не болмаса, суретімді іздеп емес, түйе, жылқы немесе тал іздеп келеді. Салып беруге келіссең, төбеңнен төніп, «ана жерін өйт, мына жерін сүйт» деп команда беріп тұрады. Оған да бейімделіп келеміз, басқа амал жоқ. Суретшіні емес, өзінің қиялында тұрған суретті іздеп келу – бүгінгі қоғамның ең осал тұсы. Қарапайым ғана мысал, дәрігер біреуге ота жасап жатқанда қасына барып, «ана жер артық, скальпеліңмен алып таста» деп жағаласпайсың ғой.

 – Аға, әніміне дегенше, 70 жасқа да толып қалдыңыз. Осы уақыт аралығында кеудеңізді қарс айырып, «әй, осы, әттегенай» деп сан соқтырып немесе көңіліңізді күпті етіп жүрген мәселе бар ма?

 – «Әттеген-ай» дейтін тұстарым көп болады. Достарыммен қарым-қатынас жасағанда бір нәрселерді айтып қалып, кейіннен өкініп жүретін кездерім бар. Пендеміз ғой, адамның тілі өткір ғой. Сондай жайттар көкірегімнен кетпей, кейде мазамды алып тұрады. Бірақ, достарым кешіретін шығар. Ал былайынша алғанда барлығы өз ретімен орындалып жатқанына шүкіршілік етемін.

 – Әңгімеңізге рахмет. 70 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын. Алла қуат берсін!

(Мұрағат. Сұхбат 2015 жылы жүзбе-жүз алынды)

Пікірлер:
  • Қайырбай ағам суретшілік пен ақындықты тең ұстап жүрген ерекше дарын ғой! Әттең көп жұрт Қайрекеңнің суретшілігін білгенмен ақындығынан хабарсыз. Әйтпесе, ағамыз бір кітабымен-ақ өзін мықты ақын ретінде танытқан талант қой.

  • Қайырбай аға түгел оқып шықтым, маған қатты ұнады. Терең ойлы сұқпат болыпты. Жұрналшы да мғаналы сұрақтар қойған екен. Өзіңізбен кездесіп әңгіме- дүкен құрған қандай керемет!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: