Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Дос-Мұқасанның» «Той жырына» – 50 жыл

23.01.2021, 12:00 1363

HALYQLINE.KZ

Өткен жыл несімен есте қалды, дегенде, біздің замандастырымыз үшін елеулі оқиға «Дос-Мұқасан» тобының атақты «Той жыры» әніне 50 жыл толуымен есте қалды. «Той жыры» әні қазақтың әр шаңырағына қатысы бар, бәріміздің үйлену тойымызда осы ән бірінші кезекте орындалды. Осындай айтулы оқиғаға байланысты бір мақала жазу ойымда жүргенде, оның да реті келіп қалды. Бала күнгі үш дос кездесіп қалып, әңгіме осы «Той жыры» әні төңірегінде өрбіді. Менің достарымды аудан халқы жақсы таниды деп ойлаймын.

Қонысбек Оразалы, ардагер-ұстаз, білім беру ісінің үздігі, музыка мектебінде 40 жыл ұстаз болып, аудандағы мәдени іс-шаралардың басты қазығы болған, виртуоз баяншы.

Қазыбек Жиенбаев, ардагер-ұстаз, ауданға белгілі әуесқой музыка зерттеушісі. 1970 жылдан бастап кеңес, қазақ және шетел композиторларының эстрадалық әндерін жинақтаған коллекционер. Қазыбектің коллекциясында В.Высоцкий әндерінің толық жинағы бар, әлі күнге дейін жиі бас қосып, оның әндерін тыңдап тұрамыз.

1985 жылы Әйтеке би кентіндегі Жеңіс паркі ашыларда режиссер-сценарист Насыр Баекеев осы Қазыбектің коллекциясындағы соғыс әндерін пайдаланды.

Сонымен екі досыма осы «Той жыры» төңірегінде сұрақтар қойып отырдым.

2020 жыл «Дос-Мұқасан» тобының «Той жыры» әні алғаш рет орындалғанына жарты ғасыр толып отыр. Ән туралы сөз қозғамас бұрын аталған топтың қалай құрылғанын айтып өтсеңдер?

Қазыбек Талғатбекұлы: Өзің білесің, Хрущев басқарған «жылымық» жылдарында өнер мен музыка саласында үлкен сілкіністер болды. Поэзияда А.Вознесенский мен М.Мақатаев, Б.Ахмадуллина мен Ф.Оңғарсынова, кино өнерінде А.Тарковский мен Ш.Айманов, музыкада Б.Окуджава, В.Высоцкий мен Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев шығармалары адамдардың санасына өзгерістер әкеліп, өнерлі жастардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашылды. Әсіресе, ағылшындардың «Битлз» тобының әсері күшті болды, әр республикада вокальды-аспапты ансамбльдері құрыла бастады.Сол кездегі Алматыдағы парктер мен алаңдарда, осы «Ливерпульдік төрттікке» еліктеген жастар бас қосып, қолдарына гитара ұстап ән салатын. Қазір Алматыдағы «Тулебаевкада» осы атақты топқа арналған «Битлз орындығы» ескерткіші ашылды. Кез келген адам өзінің жастық шағын еске түсіріп, төрт ағылшын жігітінің қасында отырып, суретке түсе алады. «Битлз орындығы» ескерткіші дүниежүзі бойынша Қазақстаннан басқа Америкада, Канадада, Жапонияда ғана бар, осыдан-ақ Алматы қаласы үлкен өнер ордасы болғандығын көрсетеді.

Алпысыншы жылдардың орта тұсында, Хрущевтің «Орыс тілін неғұрлым тез үйренсек, коммунизмге де соғұрлым тез жетеміз» деген сөзіне байланысты, орыс тілінің мәртебесі шарықтау шегіне жетіп тұрғанда, Алматыдағы қазақтың политехникалық институтына қаймағы бұзылмаған ауылдан бір топ жастар арман қуып келіп, студент атанды. Институттың «Автоматика және есептеу техникалары» факультетінің студентері Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов қиындығы мен қызығы қатар жүретін студенттік жылдардың басында бас қосып, өз өнерлерін ортаға салушы еді. Төртеуі де гитарамен ән айта алатын болып шықты, мереке күндері институттың акт залында өз өнерлерін көрсете бастады.

Қонысбек Аббасұлы: 1967жылдың жазы «Политехтің» студенттік құрылыс отряды «ССО-67» Павлодар облысының Баянауыл аудан орталығындағы мәдениет Үйінің құрылысында жұмыс істеді. Жұмыстан соң, кешкі бас қосуларда төрт жігіт концерт қоятын. Сондай кезекті концерттен соң, Будапешттегі Карл Маркс атындағы институтынан келген интернационалдық студенттік құрылыс отрядының жетекшісі Мадияр (венгр) жігіті Янош Карпоти ансамбльге «Дос-Мұқасан» деп ат қойды. Дос – Досым, Мұ – Мұрат, Қа – Қамит. Сан – Саня (Александр) деп, бойында қыпшақтың қаны бар, Мадияр жігіті тамаша үндесіп тұрған ат ойлап тапты.

«Дос-Мұқасан» Ресейдегі «Самоцветы». Белоруссиядағы «Песняры», Өзбекстандағы «Ялла», Тәжікстандағы «Гульшан» ансамблінен бұрын осылайша дүниеге келді.

«Дос-Мұқасан» лезде-ақ елге танылып, жастардың сүйікті ансамбліне айналды. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, өнердің үлкен жанашыры Д.А.Қонаев шетелден су жаңа аппаратура алдыртып берді. Қатарлары Дариға Тұрсынбаева, Шәріп Омаров, Бақытжан Жұмаділов, Ақнай Шомотов, Асқар Жанқұшұқов, Нұртас Құсайынов, Құрманай Әжібаева-Омарова, Асан Мақашев, Ақжол Мейірбеков сияқты талантты жастармен толығып, құрамы 1975, 1989, 1995 жылдары толық өзгерді, қазір бесінші құрамында алғашқы құрамнан тек Мұрат Құсайынов қана қалды. Өкінішке қарай, ансамбль мүшелері ерлі-зайыпты Құрманай мен Шәріп Омаровтар, Қамит Санбаев, Бақытжан Жұмаділов мезгілсіз дүниеден озды. Ансамбль тарихында ерекше дауысты Құрманай Әжібаева-Омарова ән салған жылдар «Дос-Мұқасанның» шығармашылығы шарықтаған жылдар еді. Сол кездері халық әндерін қайта өңдеп (аранжировка) жастар айтатын дәрежеге жеткізді. «Назқоңыр», «Жайдарман», «Бипыл», «Құдаша», «Ауылың сенің іргелі», «Он алты қыз» және Біржан салдың «Ләйлім шырақ», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», А.Жұбановтың «Қарылғаш»  әндері соған дәлел бола алады.

– Енді «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарының түп қазығы болып табылатын «Той жыры» әні дүниеге қалай келгенін айтып берсеңдер?

Қонысбек Аббасұлы: Жарты ғасыр бойы, әр қазақ отбасының шаңырағында шырқалып келе жатқан ән не бәрі жарты сағатта дүниеге келді десе, қазір кім сенеді? Расында солай болған, 1970 жылдың 10 қазанында Мұрат Құсайынов Сәбираға үйленетін болады, студенттердің жағдайы белгілі, қалтасы тесік, күні бұрын бір ауыздан ән шығарайық дейді, сабақтан қолы тимей кетеді де, той болатын күні сағат 13:00-де Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықов жатақханада кездесіп, не қыламыз дегенде сөзі де дайын болмапты, сол жерде аяқ астынан ойында жүрген өлең шумақтарын шығарып, Досымға береді, ол да гитарасымен әуенін ыңылдап отырып шығарады, осылайша жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта ән пайда болады. Сол күні «Ромашка» кафесінде сағат 5-те той басталып кетеді, ансамбль жігіттеріне сөз бергенде, өздерінің Мұрат пен Сәбираға арнап ән шығарғанын айтады, әнді алғаш рет орындаған Мейірбек Молдабеков. Бір жылдың ішінде бұл ән қазіргі тілмен айтқанда хит болады. Осылайша алғашқыда тойға шашу ретінде жазылған ән, жарты ғасыр шырқалып келеді.

Қазыбек Талғатбекұлы: Осы «Той жыры» әніне байланысты бірнеше қызықты жағдайлар болған. Мен отан алдыңдағы борышымды 1973-1975 жылдары Тәжікстанда ішкі істер әскері қатарында өтедім, кешкі уақытта қоғамдық тәртіпті күзету үшін көшеде кезекшілік атқарамыз. Сондай бір күні бір адам ентігіп келіп, кафеде төбелес болып жатқанын айтты. Командиріміз бар кафеге келіп, бұзақыларды автокөлікке тиеп жіберіп, қайтайық десек, кафе меңгерушісі тәжік жігіті дәм татып кетіндер деп ішке шақырды. Кафедегі ансамбль «Той жырын» қазақ тілінде орындап жатыр, тілдері келіңкіремесе де шынайы орындап жатқанына риза болдым. Екінші жағдайды барлықтарыңыз теледидардан көрген шығарсыздар. Ансамбль мүшелері ресторанда бас қосып отырғанда, қазақ тілінде таза сөйлейтін орыс жігіті рұқсат сұрап кіріп: «Сіздерге бір жолықсам деп жүр едім, сіздердің арқаларында өлімнен аман қалдым» дейді. Оқиға былай болыпты, өзі Қазақстанда тұрған орыс жігіті, ата-анасы Ресейге көшіп кетеді, ол жақта жасы 18-ге толғасын әскерге шақырылады. 1994-1996 жылдардағы бірінші орыс-шешен соғысына қатысады, тұтқынға түсіп қалғанда, шешендердің командирі атып тастаңдар дейді. Есіне шешендердің соғыс кезінде қазақ жеріне келіп аман қалғаны түсіп, жан ұшыра мен Қазақстанда тұрдым дейді. Шешен командирі оны немен дәлелдейсің деген де, «Той жырын» қазақша айтып береді. Сонда шешендердің басшысы, мынаны босатыңдар дейді, бұл да қасындағыларын қимай мыналарды босатпасаң, мені де осылармен қосып атып тастаңдар дегесін, шешендердің командирі бұларға былай дейді: «Жақсы мен сендерді босатайын, бірақ та бұдан былай бізге қарсы қару ұстап соғысатын болсаңдар, бауыздап өлтіреміз» деп босатқан екен.

«Дос-Мұқасанның» атағы дүрілдеп тұрғанда, біз мектеп оқушылары едік, ол кезде магнитофон болғанмен Қазалыға әлі келе қоймаған уақыты, бірақ әр үйде грампластинка ойнататын радиола болғанын біздің қатарларымыз біледі. Орталық базардың төрінде Қазалы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына қарасты «Дыбыс жазу» студиясы болды. Сонда теміржолшылар клубы жанынан құрылған «Құрдастар» ансамблінің жетекшісі, марқұм Жаппар Құлмырзаев осы студияны өзі ашқан болатын. Сонда осы «Той жыры» әніне сұраныс өте жоғары болатын, рентген түсіретін қағазға ұқсас пластикке жазатын, егер үйлену тойына құттықтау сөз жазатын болсаң, 20 тиын қосылып, 1 cом 20 тиын тұратын, өте қолжетімді баға болатын. Бірде осы пластинканы мектепке апардым, сынып жетекшіміз, математика пәні мұғалімі Базаркүл Қазиқызы Сәрсенбаева тәрбие сағатын өткізгенде, пластинка ойнататын радиоласына «мына пластинканы тыңдайықшы» деп едім, рұқсат берді. «Той жыры» әні орыс қыздарға ұнағаны соншалық, әлгі пластинка қолдан-қолға өтіп, үйлерінде қайта-қайта қойып сөздерін жазып алып, бізден қалыспай айтатын болды.

– «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамы, репертуары және жеткен жетістіктері туралы не айтасыңдар?

Қонысбек Абассұлы: О бастан ансамбль құрамына талантты жастар топтасты. Ансамблдің негізін салушы Досым Сүлеевтің «Ғашықпын», «Алматы түні», «Күт мені», «Жан досым», «Бақытқа барар жолда», «Дала», «Әже әлдиі», «Это ты» әндерінен махаббат, достық, сағыныш, Алматы түніне деген іңкәрлік сезіледі.

1971 жылы Ташкент қаласында өткен вокальды-аспаптар ансамбльдердің бүкілодақтық фестивалінде бірінші орын алды. 1973 жылы Минск қаласындағы байқауда үздік өнер көрсетсе де, бірінші орынды белорустар өздерінің «Песняры» ансамбліне берді, екінші орын алған «Дос-Мұқасан» орындаған «Соловьи Россий» әнінің аранжировкасы ең үздік деп танылды. 1973 жылы Берлинде өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің Х фестиваліне қатысып, лауреат атанды. 1974 жылы Қазақстан Ленин комсомол сыйлығын алды. Гастрольдік сапармен кеңестік республикалар мен социалистік елдердің барлығында болды, әсіресе поляктің халық әні «Сұлу қыз» әнін қазақ тілінде орындап, Варшавадан үлкен жүлдемен оралды. 1977 жылы КСРО мәдениет министрлігінің рұқсатымен «Дос-Мұқасан» ансамблі гастролдік сапармен Оңтүстік Америка елдерінде болып қайтты.

Осыдан кейін ансамбль үлкен шығармашылыққа бет бұра бастады. Мұрат Құсайынов қазақ эстрада тарихында тұңғыш рет «Жерұйық» атты рок-опера жазды. 1974 жылы тың игерудің 20 жылдығына арнап «Бетпақ дала» атты музыкалық композициясы да сәтті шықты. «Дос-Мұқасаннан» кейін ағайынды Серкебаевтар, Сағынай Абдуллин мен Әлібек Дінішев «Жетіген» ансамблін құрды, ауылшаруашылығы институтында «Алтын дән», Қыздар институтында «Айгүл» және «Бумеранг» джаз ансамблі құрылды. Алайда олардың бастауында «Дос-Мұқасан» тұрды.

Қазыбек Талғатбекұлы: Көктөбеде «Битлзге» ескерткіш ашылғанда, қазақ баспасөзінде «Неге ливерпульдік төрт жігітке ескерткіш ашылады, өзіміздің «Битлзіміз» бар емес пе?» деген көптеген пікірлер басылып шықты. Ұлтын қадірлейтін мүсінші Сіргебаев Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университетінің алдына «Дос-Мұқасанның» алғашқы құрамындағы төрт жігітке ескерткіш орнатты. Осындай ескерткіш 1967 жылы 1 тамызда алғаш рет «Дос-Мұқасан» деген атпен тұңғыш концертін қойған, бір кездері өздері салған Баянауылдағы мәдениет Үйі алдында да бар. Қарағанды қаласында «Дос-Мұқасан» алаңы бар. Ансамбльдің 40 жылдығына орай жазушы Шәкен Күмісбаев «Дос-Мұқасан» атты кітап та шығарды. Ансамбль құрамынан 2 адам академик, 1 адам ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспендет-мүшесі, 5 ғылым докторы мен 7 ғылым кандидаты шықты. Бірінші болып ғылым соңына Досым Сүлеев түсті, оның орнына ансамбльдің көркемдік жетекшісі болып келген Мұрат Құсайынов 45 жылдан бері топ құрамы бес рет өзгерсе де, үздіксіз басқарып келеді.

Досым Сүлеев 2001 жылдан бастап Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, Мейірбек Молдабеков ҚР Ғарыш Агенттігі ұлттық компаниясын басқарады. Шәріп Омаров ҚР Парламентінің депутаты болған қоғам қайраткері еді. Асан Мақашев өз алдына әнші болып бөлініп кетті. Бақытжан Жұмаділов (1947-2010 ж) топтың жетекші әншісі болған, әсіресе халық әндерін шебер орындайтын, халық әні «Құдашаны» шебер орындағаны үшін алматылықтар «Мистер құдаша» деп атап кеткен болатын, әзілқой ансамбльдің концерттік бағдарламасын шебер жүргізетін.

1988 жылы ақпан айында «Дос-Мұқасан» ансамблі Қазалыда гастрольдік сапармен келіп, В.И.Ленин атындағы теміржолшылар клубында концерт қойды. Осы сәтті пайдаланып, сол кезде мен касетталық магнитофонмен Мұрат Құсайыновтан сұхбат алғанмын, оны жариялау алдағы уақыттың еншісінде.

Қазіргі кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай топтар (ансамбль) қаптап кетті, біреулері тарап кетсе, енді біреулері қосылып атауын өзгертіп жатады, сапасынан гөрі саны көп ешқайсысы да «Дос-Мұқасан» жеткен деңгейге жете алмай жатыр, себебі олардан ұлттық нақыш көрінбейді, шетелге еліктеушілігі басым.

«Дос-Мұқасан» тобы әлі де өнер сүйер қауымды қуанта беретініне сенеміз, «Той жыры» әнін орындап жатқанда, марқұм Шәріп Омаровтың: «Әй, жарайсыңдар жігіттер?» деген сөзін, өздеріне арнап айтып аяқтауды жөн көрдім.

Бақытжан  Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: