Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Димаш Құдайберген Нұржас Садырбаевпен ерекше музыкалық жоба бастағанын айтты

28.04.2026, 17:05 66

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жаңа музыкалық жобаның басталғанын жариялады. Өнер иесі бұл жолы Hunan TV арнасындағы Voice Beyond Horizon жобасының алғашқы жеңімпазы Нұржас Садырбаевпен шығармашылық жұмысты бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасында жазды.

Димаштың айтуынша, ол Нұржас Садырбаевты продюсер ретінде қарамағына алған. Әнші мұны өзінің өнер жолындағы жаңа кезеңдердің бірі ретінде бағалап, көп жылғы тәжірибесін жас талантты халықаралық деңгейге шығаруға жұмсауға ниетті екенін жеткізді.

«Достар, бір жаңалықпен бөліскім келіп отыр: Hunan TV арнасындағы “Voice Beyond Horizon” жобасының алғашқы жеңімпазы – Нұржас Садырбаевты продюсері есебінде қарамағыма алдым. Мен 15 жылға жуық мансабымды халықаралық байқаулардан бастап әлем бойынша жеке концерттерге дейін әртіс ретінде ұзақ жолдан өттім. Енді сол тәжірибеммен бөлісіп, еліміздің атынан Азиядан Америка құрлығына дейінгі әлемдік ареналарда өнер көрсететін әртіс дайындайтын кез келді. Осы жолдағы басты күшіміз – біздің қолдауымыз бен бірлігіміз», – деп жазды Димаш.

Әнші сондай-ақ студиядағы бірлескен жұмыстың алғашқы көрінісін жақын күндері ұсынатынын хабарлады. Мәліметке сәйкес, жаңа ән ресми түрде алдағы аптада жарық көреді. Сонымен қатар Димаш тыңдармандарын Астана уақытымен сағат 17:00-де өзінің YouTube арнасындағы кездесуге шақырған.

Бұл жоба Димаш Құдайбергеннің енді тек орындаушы ретінде ғана емес, жаңа буын әртістеріне бағыт-бағдар беретін шығармашылық жетекші ретінде де жаңа қадамға барғанын аңғартады. Егер бастама сәтті жүзеге асса, Нұржас Садырбаевтың есімі де халықаралық музыкалық кеңістікте жиі айтыла бастауы мүмкін. Бұл – қазақстандық өнердің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететін коллаборациялардың бірі.

Фото: Видеодан скриншот

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: