Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны

24.03.2023, 16:20 143

Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Жер жүзінің жаңарып, нәрленіп, гүлденетін уақыты – көктем мезгілі. Наурыз айы бастала салысымен қос мереке қатар тойланып, адамзатты қуанышқа бөлейді. Оның алғашқысы қыз-келіншектерге арналса, екінші мейрам – Ұлыстың Ұлы күні саналатын «Наурыз тойы». Күн мен түннің теңелетін сәтін жаңа жылдың кіруіне теңеген ата-бабамыз сан жылдан бері әз-Наурыздың қадір-қасиетін ерекше ұғынып, ұлыстың тойы ретінде тойлауды дәстүрге айналдырған. Қазақылығы бұзылмаған Сыр өңірінде де  наурыз тойы ерекше аталып өтіп, киіз үйлер тігіліп, дәстүрге сай барлық жөн-жоралғылар жасалады. Биыл да өңірдегі ұлы той өз деңгейінде бастау алып, орталық алаңда үлкен жиын өтті.  

«Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты тақырыпта ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шараға жиылғандардың қарасы қалың болды. Орталық алаңға 38 киіз үй тігіліп, әрбірінде наурызкөже әзірленіп, жұртшылыққа таратылды. Жиында облыс әкімі сөз сөйлеп, сырбойылықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

–  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің жаңа тарихи кезеңі төл жаңа жылымыздан басталатынын айтты. Біз өткен жылды жемісті қорытындыладық, зор жетістіктерге қол жеткіздік. Жақсылықтың жаршысы болған биылғы жылды толайым табыстармен бастадық. Сыр халқы қай кезде де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамаларына ерекше қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі Ұлыстың ұлы күніндегі ниеттеріңіз, игі тілектеріңіз қабыл болсын! Қолға алған істеріңіз нәтижелі, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Салтанатты жиынның қадірлі қонақтарының қатарында өңір тумасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы, облыстың экс-әкімі Қуанышбек Досмайылұлы, қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы және өзге де ел ағалары мен басшылар бар. Іс-шара барысында қонақтар арнайы құрылған 38 киіз үйді аралап, әртүрлі мекеменің жыл бойында жеткен жетістіктерін тамашалап, наурызкөжеден де дәм татты.  

Биылғы жылдың наурыз тойының өзге жылдан ерекшелігі Қызылорданың 85 жылдығына орай, арбат бойында облыс әкімімен бірге өзге де басшылар 85 бүлдіршіннің тұсауын кесіп, олардың болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді. Олар әр балаға батасын беріп, басқан қадамына сәттілік тіледі.  

Аймақ басшыларының осылай бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ізгі лебіздерін білдіріп жатқанына қуаныштымын. Бүгін ұлымыз Расулдың аяғына ала жіп байланып, салт-дәстүр шеңберінде тұсауы кесілді. Осы іске бастамашы болған жандарға зор ризашылығымды білдіремін, – деді ата-ана Несібелі Жүсіпова.

Мейрам әрі қарай думанды кешпен жалғасын тауып, сахнада елімізге танымал белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Олардың ішінде Мөлдір Әуелбекова, Ғазизхан Шекербек, Кенжебек Жәнабіловтер де бар. Киелі сахнада өңірдегі өнер орталықтарының өнерпаздары да ән айтып, би билеп, жыр-күйден шашу шашты. Қала орталығында ұйымдастырылған концерт жұртшылықтың да көңілінен шыққан секілді.

Жылда осында отбасымызбен келеміз, дәстүрімізге сай наурызкөже таратылып, концерт өткізіледі. Бұл күнді осылай атап өтудің өзі тұрғындардың көңілін көтереді. Сол үшін билік басындағылар мен ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, – деді қала тұрғыны Нағипа Оспанова.

Қазақтың ұлттық дәстүрі мен салт-санасын асқақ тұтып, оны өз өмірінде зор құрметпен пайдаланып жүргендердің қатары артып келе жатқандай. Оған қала тұрғыны Әбіш Жұмабекұлының:

Қазақтың нағыз мейрамы – осы наурыз. Қазір тұрғындар баяғыдай шыршаның айналасындағы жаңа жылды емес, қазақы нақыштағы киімдерді киіп, киіз үйлердің жанында тойланатын мейрамға жиылуды әдетке айналдырып келе жатыр. Бұл да бір елдігіміздің нығайып келе жатқанының көрінісі деп білемін, – деген сөзі дәлел.

Расында, орталық алаңда аяқ алып жүретін орын болмады. Ұлттық ойын түрлері де ұйымдастырылып, күш иелері арасында сайыстар өткізілді. Бір сөзбен айтқанда, жылына бір келетін мейрам жылдар бойы еске алатындай деңгейде болды. Бұл – біздің ғана емес, бұқараның да пікірі. Ұлыстың ұлы күні тек биыл емес, жыл сайын жоғары деңгейде тойланады деген үміттеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: