Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағланова болмысы

10.03.2021, 9:30 1041

HALYQLINE.KZ

Қазақтың мақтанышы, жезтаңдай әншісі, Халық Қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық артисі Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығына орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ұлы әншінің есімін мәңгі есте сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақ әндерін дүниежүзіне танытқан Розаның дауысына лайықтап, көптеген сазгерлер өз әндерін арнап жазды. «Ақ көгершін», «Бейбітшілік бейбіт қолда», «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Асыл арман», т.б. әндердің тұңғыш орындаушысы болды. Әншінің репертуарында одақтас болған 15 елдің әндерімен қатар чех, венгр, поляк, үнді, моңғол, корей, швед, т.б. тілдегі әндері жеткілікті болды, қай елде гастрольдік сапарда болса, сол елдің  әнін үйреніп келетін.

Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қазалы қаласында дүниеге келді. Тәжібай мен Ақкүріштің «бары да, нары да» жалғыз Роза болды. Анасы Ақкүріш даусы әсем әнші, жиын-тойлардың сәні болған көрінеді. Әкесі Тәжібайдың екі әйелі болған, бірінші әйелі татар қызы Мариям құрсақ көтере қоймағасын, шешесі Күндей екінші рет үйлендіріп осы Ақкүрішті алып берген. Мариям да бала көтеріп ұл туса, Ақкүріш Үрбибіні туады, кейін Роза деп аталып кетеді. Мариямнан тетелес туған бауыры Ыдырыс соғыста хабар-ошарсыз жоқ болып кетеді. Анасы Ақкүріш 1965 жылы 65 жасында қайтыс болды. Көз жұмар алдында: «Қарғам, арманым жоқ, он баласы бар адамдар да мұндай бақытқа қол жетпеген шығар. Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін! Ризамын, халқыңның сенімін жоғалтпа!» деп батасын беріп кетеді.

Қазалы ауданы орталығында Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте ұлы әншінің оқығаны ұжым үшін мақтаныш. Мектепте Розаға ән сабағынан Ырзахан Жәлімбетов дәріс берді, мектебіміздің бұл мұғалімі де тегін адам емес еді. 1939 жылы Қызылорда облысының 14 өнерпазын бастап апарған Нартай Бекежановпен бірге Москвадағы бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістігінің көрмесі ВДНХ-ға қатысып, Кремльдер сарайында ән салған ұстаз болатын. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген сөз Розаға арнап айтылғандай. Ырзахан ағайын Роза да ұмытқан емес, Қазалыға келген сайын концертіне шақырып, алдыңғы қатардағы орындарға отбасымен бірге отырып, аудан басшыларымен қатар концертін тамашалайтын.

1961 жылы Қазалыға келгенде Ырзахан ағайын, әйелі Қанбибі мен қызы Қаламқасты, Ырзаханның жиен қарындасы Зерхан Бержанованы Алматыдағы үйіне қонаққа шақырды, астанада бір апта болғанда ұстазын қыдыртқан болатын. Ырзахан ағайы шәкірті Розаны Қазалыға қанша келгенде де, үйіне қонаққа шақыра алмағанына қатты өкініп жүрді, Желтоқсан көшесіндегі екі қабатты үйде тұрғандықтан үй тарлығы қолбайлау болды. Роза келсе жалғыз келмейтіні белгілі, қасындағы адамдарымен баратынын білетін. 1939 жылы мектебімізді бітірерде, табиғи дауысы керемет пысық Розаға: «Сенің дауысың ерекше, сенен жақсы әнші шығады, оқуға түс» деп кеңес берді. Сол жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Әкесінің қайтыс болуы, жұмыссыз екі шешесінен басқа ешкімі жоқ, Розаға оқу қиын болды. Ол кезде студенттерге стипендия берілмейді, үйінен келетін қаражаты болмағандықтан 1941 жылы ақпанда Ташкентте тұратын Әбдірахман деген жамағатына екі шешесімен көшіп барып, сондағы тоқыма комбинатына жұмысқа тұрып, осы тоқыма-тоқу институтының кешкі бөліміне оқуға түседі. Осы кезде Розаның тағдырына күрт өзгеріс әкелген кездесу болды. Аға-жеңгесі жоқта ауланы сыпырып ән салып жүргенде шарбақтан ұзын бойлы қара кісі кіріп: «кім ән салған» деп сұрайды. Роза ұялыңқырап, «мен» дейді. «Ертең филормонияға кел» деп мекенжайы көрсетілген қағазды ұсынады. Бұл кісі Ташкент филормониясының директоры Кары Якупов еді, осылайша Роза бір күнде филормония әншісі болып шыға келді. Осы филормонияда өзі сияқты кейін КСРО Халық артистері атанған биші Тамара ханум, әншілер Халила Насырова, Мукарама Тұрғынбаева, Гауһар Рахимовалармен өнердегі жолын бірге бастайды.

1941 жылдың мамырында Ташкентте мақта теруші еңбеккерлердің құрылтай съезіне қатысушыларға арналған салтанатты концертке Роза қатысып, қазақ, өзбек әндерін орындайды. Осы концертті көрген Өзбекстан Компартиясының 1-ші хатшысы Осман Юсупов Розаны үйіне қонаққа шақырады. Бұл туралы Розаның өзі былай деп еске түсіреді: «Адам бақытты болайын десе, жұлдызы оңынан туып, қамқор жандарға тап болады екен. Осман аканың үйіне қонаққа барсақ, бүкіл отбасымен күтіп отыр екен. Төбем көкке жетіп, өз әкем тіріліп келгендей болдым. Бұл дүниеде мен де ел қатарына қосылып, ЦК-ның 1-ші хатшысының үйінде қонақ боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кіріп пе?! Сонымен Осман ака маған жағдай жасады, қаланың дәл ортасынан бес бөлмелі үй беріп, қажетті дүниелер, пианнино, сахнаға киетін киімдерге дейін көмектесті».

Бұл бақытты күндер  ұзаққа созылмады, соғыс басталып кетті. 1941 жылдың 17 тамызында Ташкент вокзалында майданға аттанып бара жатқандар алдында концертке қатысып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген Сталин үндеуіне өзінің үлесін қоса алатынына сенді. 

1941 жылдың қыркүйегі мен 1945 жылдың мамыры аралығында Ташкент филормониясы атынан әртүрлі майдандарда концерт беріп, «жақсы ән – жан азығы» дегендей жауынгерлердің бойында жеңіске деген жігерін арттыруға өзінің үлесін қоса алды. Қыстың қақаған аязында, күздің қара суығында алдыңғы шептегі бомбалардың жарылғанына қарамастан ән салған еңбегі еш кетпеді. 1943 жылдың 30 сәуірінде Кеңес Одағының Маршалы, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры И.С.Конев «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалын Розаға өз қолымен табыс етсе, 1945 жылдың 22 ақпанында Кеңес Одағының Маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры К.К.Рокосовский екінші рет «Жауынгерлік  ерлігі үшін» медалын Розаның кеудесіне тақты.

1945 жылы 9 мамырында Берлиндегі Бранденбург қақпасы алдында ашық алаңда өткен атақты концертке қатысқанының өзі неге тұрады? Орыс халқының атақты әншісі Лидия Русланова өзінің рептуарындағы «Ах, Самара городок» әнін «менен гөрі сен жақсы айтасың» деп, Розаның еншісіне беруінің өзі шын талантты орыс әншісінің бағалауы туралы мәліметті осы мақаланы жазу барысында ғана білдім.

1943 жылдың көктемінде алдыңғы шепте жауынгерлерге ән салып тұрғанда минометтен жау атқылаған снарядтың жарықшағы көз алдынан өтіп кетіп, қызған металл қызуы Розаның көзін шарпып өтіп кетеді. Дәрігерлер көмек көрсеткенмен «бұл зақым кейін сыр беруі мүмкін» деп ескертеді. 1979 жылы 13 желтоқсанда Петропавлда гастрольде жүргенде екі көзі тас қараңғы болып көрмей қалады. Сол кезде «Роза бетінің әжімін тарттырамын деп операция жасатып, екі көзі көрмей қалыпты» деген қауесет тарағаны оқырмандардың естерінде шығар деп ойлаймын. Алматыдағы Республика Сарайында жоспарланып қойған концертке де «халықтан ұят болады, мен концерт бағарламасында бармын ғой» деп ән салғаның жерлесіміз сазгер Кеңес Дүйсекеев былай деп еске алады: «Сахнаға прожектор жарығын түсіріп, жүретін қадамына дейін санап бердік, сол өлшеген жерде ғана ары-бері жүріп, өз номерін тамаша орындап шықты» деген болатын, сол кездегі Қазақ радиосы мен телевидиенесінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі Кеңес Дүйсекеев. 1980 жылы Москвадағы С.Федоров клиникасында 3 рет операция жасатып жарық дүниені қайтадан көретін болды.

Соғыстан соң Москвада жоғары партия мектебінде оқып жүрген ақын Жұбан Молдағалиев Ташкент филормониясында ән салып жүрген талантты әнші қазақ қызы барын естіп барады, концерттен соң: «Өзбек жерінде не бітіріп жүрсің, Алматыға қайт, мен жоғары жаққа қағаз жазайын. Қазақтың сендей қызы басқа елде жүрмеуі тиіс» – дейді. Қазақстан басшысы Жұмабай Шаяхметовтың ықпалымен Роза Бағланова Қазақстанға біржола келді. 1947-1949 жылдары Абай атындағы опер және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары мемлекеттік филармония әншісі болды. 1960 жылдан бастап республикалық «Қазақконцерт» бірлестігінің құрамында, кейін жеке өзі бөлініп шығып Америка, Азия, Европа, Африкадағы көптеген елдерде концерт беріп қазақ әндерін дүниежүзіне танытты.

Халық алындағы еңбегі еленіп, 1950 жылы «Ленин» орденімен, 1955 жылы Қазақ КСР-нің халық артисі, 1967 жылы КСРО халық артисі атанды, 1970 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1982 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталып, қазақ қыздарының ішінде бірінші болып 1996 жылы Халық Қаһарманы атанды, осы жылы Қырғызстанның Халық артисі атағына да ие болды. 2000 жылы халықаралық «Дәнекер» сыйлығымен марапатталды, 2002 жылы дүниежүзілік «Кто есть кто?» энцилопедиясына есімі енгізілді, 70 жыл сахнадан түспей қазақ елін дүниежүзіне танытқан Роза Бағланова біздің мектептің түлегі екені, әрине, мақтаныш.

Туған елі өздерінің ұлы әншісін есте қалдыру мақсатында көптеген іс-шараларды іске асырып келеді, Роза Бағланова атында мәдениет Үйі мен үлкен көше бар, Жеңіс паркінде қоладан құйылған биік тұғырдағы бюсті бар. Роза Бағланова атындағы республикалық әншілер байқауы өтіп тұрады.

Суретте: 1937 жыл, 15 жастағы Роза жоғарғы жақтан санағанда сол жақта бірінші тұрған, ақ көйлек және пионер галстугын тағып жүрген кезі, ұстазы Ырзахан Жәлімбетов ортада әскери гимнастерка киген кісі.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің тарих пәні мұғалімі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: