Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атыраулық өнер ұжымы Қызылордаға қадам басты

16.03.2022, 9:25 428

HALYQLINE.KZ Алаштың анасына айналған Сыр бойына Жайықтың жайсаң елінінің сәлемін Нұрмұхан Жантөрин атындағы өнер шаңырағының өнерпаздары мен Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі ұжымы жеткізді. Ат басын Сырға бұрған атыраулық өнер ұжымы биыл 55 жылдық өнер белесінің жаңа баспалдағына аяқ басты. Қарт Каспий сағасынан келген өнер ұжымының 55 жылдығына орай басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы арнайы облыс әкімі Гүлшара Наушақызының құттықтау хаты мен ықылас гүлін табыс етті.

Қазақ өнері қашан да тума таланттарға кенде болмаған. Өнерді жасайтын өнерпаздар десек, еліміздің ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр атырабы – ықылым заманнан бері сыбызғы саздың, қоңыр наздың, әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің, мың бұралған бидің алтын кеніші саналған.

Бүгінгі Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының құрылғанына 55 жыл толуына арналған Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрін аталмыш оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров сүйемелдеді. Құрманғазының «Серпер», Қаршыға Ахмедияровтың » Арпалыс», композитор Ермұрат Үсеновтің аты аңызға айналған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Шәмші дастан» шығармасы мен Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйі, Құрманғазының «Сарыарқасы» кештің көркін кіргізіп, көрерменге жаңаша серпін берді.

Өнерсүйер қазақ жұртшылығының көзайымына айналып, есімдері құрметпен аталып, дәуір талабына сай дара жолға түскен өнер ордасын қалыптастырған атыраулық әріптестерімізбен біріге отырып қазақ мәдениетінің мәртебесін мұнан да биікке көтеретін боламыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: