Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ән әлемінің падишасы» атты танымдық конференция өтті

03.10.2022, 10:45 332

HALYQLINE.KZ Қазалы ауданында жезтаңдай әнші, Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ән әлемінің падишасы» атты танымдық конференция өтті.

Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында өткен конференцияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қасиетті Қазалы жерінде дүниеге келген Роза Тәжібайқызының ән әлемінің жарық жұлдызы ретінде Қазақстанды дүниежүзіне таныстырып, аңыз – адам, ұлт мақтанышы атанғанын жеткізді.

Конференция барысында ғалым, тарих ғылымының кандидаты, облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас «Бағланова болмысының ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасады.

Ал, Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Еуразиялық кәсіби лидер медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, БҰҰ сыйлығының лауреаты Ермек Зәңгіров, Орал қаласында тұратын жерлесіміз, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қуаныш Төлебаев, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері иегері Нәжмадин Мұсабаев, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова және Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев, аралдық сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, Мұрат Сыдықов талант иесі жөнінде тебіреніске толы естеліктер айтып, Роза Бағланованың есімі қазақ халқының есінде мәңгі сақталатындығын білдірді.

Танымдық конференцияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматтары, экономика ғылымының докторы, профессор Орақ Әлиев, Бибіайша Тілеубергенова «Ән әлемінің падишасы» атты кітаптың тұсауын кесіп, оқырмандарға ұсынды.

Конференцияға қатысуға еліміздің әр түкпірінен келген қонақтар аудан орталығындағы Жанқожа батыр кесенесі және Жалаңтөс батыр мен Әйтеке би ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: