Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала көшелері қайта жаңғыртылуда

28.07.2021, 10:30 625

HALYQLINE.KZ

Қазалы қаласының тарихы әріден бастау алады. Соған орай ежелгі шаһардың ел санасында сақталып қалған аңызға бергісіз деректері де аз емес. Ал замана көшіне ілесу үшін қала көркінің жаңарып, жаңғырып отыруы шарт.

«Байығың келсе, жол сал» деген ұстанымды естіген шығарсыз? Әлемдегі алып держава Америка Құрама Штатын дамытқан көлік қатынасы жолы екені әмбеге аян. Қазекең болса барша түйткілді «жол азабын жүрген біледі» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.

Әңгімеміздің қала көшелерінен басталуы да кездейсоқтық емес. Қазалы қаласындағы 10 көше қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқанынан оқырмандарымыз құлағдар болар. Сәл бұрын көшелерді асфальттау жұмыстары басталды. Мердігер мекеме З.Бұлақбаев көшесіне 800 метр асфальт төсеп, Бекетай би көшесінің жартысына қара қиыршық тас (шебень) төгіп қойған болатын.

Аудандағы кез келген тақырып ел ағаларының назарында тұруға тиістілігі көпке мәлім. Бұл Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевқа да тән дағды. Өзінің еңбек жолында мол тәжірибе жинақтап, сан саланың қазанында пісіп-шыңдалған Мұхтар Әуесұлы жол мәселесінің жайына да бір адамдай қанық. Мұны аудан әкімінің Қазалы қаласының бірқатар көшесінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысуы барысында да айқын аңғардық. Әрбір іске жіті мән беретін М.Оразбаев осы жолы да мердігер мекеме мен тиісті сала басшыларына асфальттың сапасына баса мән беруді тапсырды.

Қазынадан бөлінген қаржыға Қазалы қаласындағы С.Толыбеков, З.Бұлақбаев, Аманкелді батыр, Бекетай би, Қ.Рысқұлбеков, Ы.Алтынсарин, А.Қыстауов, Б.Момышұлы, Г.Шляпин, С.Мұқанов көшелері қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқанын атап кетсек.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: