Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңына барды, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бірінші нысан – Президент саябағы аумағында бой көтерген 300 орындық балалар тынығу лагері. Лагерь жеткіншектердің саламатты орта қалыптастыруына бағытталған спорт кешенінен, балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктардан, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған event-аймақтан, 5 киіз үй, ашық бассейн, ойын алаңдарынан және амфитеатрдан тұрады. Демалушыларға жыл он екі ай қызмет көрсететін лагерь 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай тарту етіледі.

Қала әкімі Президент саябағындағы тағы бір нысан Ботаникалық білім беру орталығына да барды. Шынымен қапталған, екі қабатты заманауи ғимаратта Оңтүстік Америка, Африка, Қытай, Мексика, Жапония және Мадагаскарда өсетін өсімдіктер бағы орналастырылады. Көпфункционалды нысанда келушілерге табиғат, ғылым мен экологиялық мәдениет үйлесімі көрсетіледі. Облыс орталығындағы құрылысы қарқын алған тағы бір нысан – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені. Кешенде олимпиадалық бассейн, 2500 орындық спорт залы, сондай-ақ түрлі форум мен жиындар өткізуге арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған. Нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!