Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі инвесторларға жобаларды таныстырды

25.12.2023, 9:45 129

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «CNNP Rich Energy Corporation Limited» компаниясының өкілдерімен кездесіп, аймақ үшін маңызды инвестициялық жобалар туралы айтты. Аталған компания еліміз аумағында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, электр энергиясын өндіру жобаларына қызығушылық танытады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы Сыр өңірінде баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігі мол екенін жеткізді.

«Облысымыз географиялық орналасуы мен климаттық жағдайына байланысты күн және жел энергиясын өндіруде зор әлеуетке ие. Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономика» бағытындағы перспективалық жобаларды әрқашан қолдаймыз.

Мамандардың зерттеуінше, өңірімізде жылына 300-ден астам ашық, бұлтсыз күн болады. Аймақ географиялық жағынан да желді белдеуде орналасқан. Облыстағы күн ұзақтығы жылына 3000 сағатқа дейін және күн энергиясын дамытудың энергетикалық әлеуеті жылына 32 000 млрд кВт/сағ, ал жел энергиясы жылына 2 700 млрд кВт/сағ құрайды. Бизнес ахуал мен инвестициялық әлеуетті жақсарту – аймақтың басым бағыттарының бірі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мұнан бөлек, облыс әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, Үкімет тарапынан ауқымды инвестициялық преференциялар ұсынылғанын, жаңа өндірістерді орналастыру үшін өңірде барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымы жеткізілген арнайы 6 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін атап өтті.

Өз кезегінде, «CNNP Rich Energy Corporation Limited» компаниясының өкілдері аймақ басшысына алғыс айтып, әріптестік орнатуға ниет білдірді.

Бүгінде облыс аумағында жиынтық қуаты 89 мегаватт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі ірі, шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Атап айтқанда, Шиелі ауданында орналасқан қуаттылығы 50 мегаваттық қазақ-британ компаниясына тиесілі «Байконур-Солар» күн электр станциясы, Жалағаш ауданындағы франциялық «Total Eren» компаниясына тиесілі қуаттылығы 28 мегаваттық күн электр станциясы, Жаңақорған ауданындағы «Hevel» компаниясына тиесілі қуаттылығы 10 мегаватт электр станциясы. Сондай-ақ, Шиелі ауданында «Тесис» ЖШС күн электр станциясын салуды жоспарлауда. Қазір қажетті жер учаскесі бөлінген (80 га), жобаны 2025 жылы іске қоспақ.

Айта кетейік, тіркелген капиталы 2,2 миллиард юаньды, яғни 310,1 млн АҚШ долларын құрайтын «China National Nuclear Corporation (CNNC)» және «China National Nuclear Power (CNNP)» платформасы таза энергетикалық жобаларды дамытуға, құрылысын салуға және пайдалануға маманданған.

Компания қызметінің негізгі бағыттарына жел, күн, сутегі энергиясы, геотермалдық энергия, жинақтау энергетикасы, зарядтау станциялары және т.б. кіреді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: