Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келбеті келіскен Қызылорда

03.03.2021, 16:45 843

HALYQLINE.KZ

Күннен-күнге ұзарып келе жатқан Сыр елінің астанасы бүгінде адам танымастай өзгерген. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы қала келбеті мен облыс орталығының бүгінгі көрінісін салыстыруға келмейді. Қаланың өзгеретіндей жөні бар. Орталық көшелерді абаттандыруға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Сол жұмыстарды көзбен көріп, жұмыс барысын бағамдау үшін қала орталығының бірнеше нысанын аралап қайттық.

Сапарымызды алдымен тұрғындардың тілімен «Арбаттың бойы» атанып кеткен Ыбырай Жақаев көшесінен бастадық. Мұнда Ыбырай Алтынсарин көшесінен орталық алаңға дейінгі аралықта кеспе тас төселуде. Одан бөлек, мұнда 249 дана түнгі жарық шамдары, 44 дана орындық және 44 дана қоқыс жәшігі орнатылады. Сонымен қатар, 3 бірдей жаңа су бұрқақ қоймақ. Кешкі уақытта әсем әнмен тербейтін дыбыс құрылғыларын да орнататын болады. Абаттандыру жұмыстары ағымдағы жылы бітіп, пайдалануға берілетін болады.

Қала орталығындағы кеспе тас төселіп жатқан көшелердің бірі – Әйтеке би көшесі. Мұндағы абаттандыру жұмыстарына қаражат облыстық бюджеттен бөлінген. Көше бойына кеспе тас ғана емес, жаяу жүргіншілерге арналған түнгі жарық шамдары, арнайы орындықтар және қоқыс жәшіктері қойылатын болады.

– Қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқаны қуантады. Өзім тұратын Әйтеке би көшесінің бойында жүріп жатқан жұмыстарға да қуанып жүрмін. Таза, көрікті жерде өмір сүрген кез келген адамға ұнайды деп ойлаймын. Жаяу жүргіншілер жолын да осылай көркейтіп жатқан жандарға алғыс айтамын. Бұрындары Әйтеке би көшесінің бойы қараңғылау еді. Жаңбыр жауған күндері де жүруге қолайсыз болатын. Бұл мәселе де өз шешімін тауып жатыр екен. «Сабақты ине сәтмен» деген сөз бар. Сәтін салып, басқа көшелерге де осындай жағдай жасалса деймін, – деді қала тұрғыны Назым Жүрсінбек.

Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның да алды күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Жоғарыда айтқан кеспе тас мұнда да төселуде. Сонымен қатар, субұрқақ орнатып, жайлы орындықтармен толтыратын болады.

– Қызылорда қаласын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық бюджеттің қаржыландыруымен бірқатар көшелерге кеспе тас төсеп, қала келбетін ашатын түрлі дүниелер орнататын боламыз. Ол жұмыстарды қазіргі таңда мердігер мекемелер бастап та кетті. Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған жобалар биылғы жылы толық аяқталып, халық игілігіне беріледі. Кеспе тастардың сапасы жоғары. Біздің қаламыздың климаттық жағдайына сәйкес келеді. Оны басқа қаладан алдырттық. Айта кететін жайт, өткен жылы қаламызда «Жол картасы» аясында 30 ойын алаңы пайдалануға берілген болатын, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

Бөлім басшысының айтуынша, кеспе тастарды бірнеше зауыттан алдырып, сапасын тексеріп көріпті. Біздегі жергілікті зауыттардың өнімдері нашар болып, талаптарға сай келмеген екен. Сол үшін де кеспе тасты Алматы қаласынан алдырған екен. Ал орындықтар мен қоқыс жәшіктері – өзіміздің жергілікті өнім. Қаланы абаттандырып, көшелерді көркейту қарқынды жүріп жатыр. Атқарылған жұмыс мұнымен шектелмейді. Алда жоспар көп. Қала тұрғындарының демалысын жайлы ету үшін мамандар аянбай еңбек етуге дайын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: