Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданында күн электр станциясы салынуы мүмкін

13.02.2023, 14:45 380

HALYQLINE.KZ

Аймақтың қос байлығының бірі – Сырдария өзені болса, енді бірі – Арал теңізі. Теңіздің суы уақыт өткен сайын азайып келе жатса да, Арал халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгерілеп келеді. Бұл туралы Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың өз аузынан естідік. Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг берген Серік Сағитжанұлы 2022 жылы ауданға 16,7 млрд теңгеге инвестиция тартылып, өсім 102,1 пайызды құрағанын айтты. Бір жыл ішінде тартылған қаржының қажетті орындарға жұмсалғанын баяндама барысында білдік.

Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі геосаяи жағдайларға байланысты экономикалық қиындықтар біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Ауданымызда жоспарланып отырған бірнеше инвестициялық жобаның іске қосылуына кедергілер келтірді. Дегенмен, атқарылған табанды жұмыстардың нәтижесінде жыл ішінде ауданға тартылған инвестиция көлемі артты. Инвестицияның  басым  бөлігі,  яғни 71  пайызы  ауылдық  елді  мекендерге  тартылса, бюджет қаражатына  деген  тәуелділікті  төмендету  мақсатында, тартылған  инвестицияның 50 пайызы  жеке  сектор  қаражаттарын құрады, – деді Арал ауданының әкімі.

Ал 41 пайызы бюджет қаражатына, 9 пайызы қарыз қаражаттарына тиесілі болды. Салалық  бөліністе инвестицияның 37 пайызы,  яғни 4,5 млрд  теңгесі  өнеркәсіпке салынған.

Аудан әкімінің айтуынша, өңірдегі өнеркәсіп орындары 24,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 23,9 пайызға артқан. Өндірілген  өнеркәсіп  өнімдерінің  70  пайызы  өңдеу  саласына  тиесілі. Есепті  мерзімдегі өңдеу  өнеркәсібінің  өсімі 25,7 пайызға, тау-кен өндірісінің өсімі 38,4  пайызға  жетіпті.

Индустрияландырудың ІІІ  бесжылдығының  аясында 1620  адамды  жұмыспен  қамтитын 162,2  млрд  теңгенің  9 жобасы іске  асырылып, яғни «Aral sea food» ЖШС-нің «Балық қалдықтарын қайта  өңдеу цехын  салу» жобасы, «Қамыш Орда» ЖШС-нің «Қамыс шатыр» жобасы, «QAZAG Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен  құрғақ ұнтақ дайындау зауытын  салу» жобасы, «Арал сода» ЖШС-нің «Кальцийлендірілген  сода зауытын  салу»  жобасы, «Жак Нұр» ЖШС-нің «Титан өндіру  бойынша кенбайыту комбинаты» жобасы, Халықаралық АҚҚ және БШ Қазақ ғылыми зерттеу институтының «Балық және құс өсіру» жобасы, «Арал СДО» ЖШС-нің «Тауарлы балықты өсіру және тереңінен өңдеу кешені» жобасы бойынша өткен жылы оның 3,6 млрд теңгенің 2 жобасы  іске  қосылып, 268 адам  жұмыспен  қамтылған. Оның ішінде «Ас тұзын өндіру бойынша ІІІ испан цехы» жобасы 2,9 млрд теңгені құрап, 198 адам жұмыспен қамтылған. «Кварц құмын өндіру бойынша тау-кен комбинатының құрылысы» жобасының құны 790 млн теңгеге жетіп, 73 адам жұмыссыздар тізімінен сызылған. Қалған 7 жоба бойынша  атқарылатын жұмыстар жалғасуда.

Тағы бір айта кетерлігі, аралдықтардың таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің Арал қаласында бөлімшелері ашылып, «Халық» банкі заманауи талаптарға сай жаңа ғимаратқа көшті.

Агроөнеркәсіп кешені  саласында  2022 жылы еңбеккерлердің  жұмысы  жемісті  болып, аудан «Мал және  балық шаруашылығын дамыту» бойынша 7 аудан арасында үздік деп танылды. Өткен жылы 13,4 млрд  теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 104,2 пайызды құраған. 

Егін шаруашылығына келсек, қазірден бастап ауданды егін  шаруашылығына  бейімдеу  жұмыстары қолға  алынып жатыр. 2021  жылы 166,7  гектар  жерге егін  егілсе, 2022 жылы бұл  көрсеткіш 704,2 гектарға жетті. Ал, 2024 жылға дейін 3000 гектарға жеткізуді жоспарланып отыр.

Аудан бойынша қазіргі таңда жер учаскесін алуға 7 мыңнан астам адам кезекте тұр. Бүгінде осы кезектілікті азайту мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал қаласындағы №5 шағын ауданында электр желісінің құрылысы мен №6 шағын ауданында электр желісінің және су желісінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 567 млн теңге, биылғы жылға  құрылыс жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 62 млн теңге қаржы қаралған.  Бұлар өз кезегінде тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға 2008-2011 жылдар аралығында кезекте тұрған 1043 тұрғынның өтінішін қанағаттандыруға мүмкіндік беруде. 

Автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында 2022 жылға барлығы 2,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 0,5 млрд теңге, аудандық бюджеттен – 0,1 млрд теңге.

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оларға тоқталатын болсақ, «Самара – Шымкент – Қамыстыбас – Аманөткел – Жаңақұрылыс», «Қызылжар – Шөмішкөл» автожолдарына құрылыс жұмыстары, «Сазды елді мекеніне кіреберіс», «Қызылжар елді мекеніне кіреберіс», «Бөген – Ақлақ», «Қаратерең – Жаңақұрылыс», облыстық маңызы бар «Самара – Шымкент – Қамыстыбас – Аманөткел – Бөген» автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

2022 жылы аудандық бюджеттен 6,2 млн теңге бөлініп, Хан елді мекеніндегі 0,4 кВт әуе желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Сексеуіл кентіне электр желісін жүргізуге облыстық бюджеттен 123 млн теңге бөлінді. Аталған қаржыға «ҚЭТТК» АҚ арқылы кенттегі проблемалық мәселелері бар көшелердің электр желілері жаңартылып, пайдалануға берілді.

2023 жылы электр сапасын арттыру бағытында Сексеуіл кенті және Бекбауыл елді мекеніндегі электр желілерін жаңарту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленуде.

Ауданның мұнан бөлек басым бағыты саналатын денсаулық, білім, спорт, мәдениет, құрылыс саласында да айтарлықтай өзгеріс пен өсім бар. 2022 жылды абыроймен аяқтаған аудан 2023 жылы 52,4 млрд теңгенің 96 жобасының өтінімін тиісті министрліктерге ұсынып қойған. Аудан әкімінің айтуынша, биыл «Тезис» компаниясы арқылы 10 млрд теңгеге жуық  қаржыға ауданда күн сәулесі электростанцияларын орнату жобасы мақұлданса, өз нәтижесін көп күттірмей бергелі отыр. Сондықтан, биыл аралдықтардың инновациялық дамуы тағы да бірнеше есеге ілгерілейді деген сенім бар. Бірақ ол алдағы уақыттың еншісінде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: