Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

04.12.2023, 18:00 109

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевпен кездесіп, жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Биыл облыста жол инфрақұрылымын дамытуға 37,1 млрд теңге бөлініп, 603 шақырым автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдері жөнделуде. Өткен жылмен салыстырғанда қаралған қаржы екі есе ұлғайды. Келер жылға республикалық бюджетке 53 млрд теңгенің  84 жобасы ұсынылды,  14,3 млрд теңге болатын 31 жоба қолдау тапты. Марат Кәрімжанұлы, қалған жобаларға қаржы бөлінуіне қолдау көрсетуіңізді сұраймын.

Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапарында республикалық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шалқар» жолын бастауды тапсырды. Қазір бұл жоба бойынша қоғамдық тыңдаулар өтуде. Халықтың басым бөлігі жобаның Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кенті арқылы жүргізілгенін қалайды. Бозой және Шалқардың ортасында елді мекен жоқ, яғни халық шоғырланбаған. Жоба Сексеуіл арқылы жүзеге асырылған жағдайда Бозой мен Сексеуілдің ортасындағы 5 елді мекен халқының қатынас мәселесі шешіледі. Орталық және оңтүстік облыстарға қатынайтын батыс халқының жолы 150 шақырымға қысқарады. Осы жолдың бойындағы Ақеспе елді мекенінде шипалы ыстық су бұлағы бар, бұл да туризмді дамытуға оң ықпал етеді.  Осыған орай, жобаның Қызылорда облысы арқылы жүргізілуіне ықпал етуіңізді және қолдауыңызды сұраймыз», – деді аймақ басшысы.

Жыл басынан бері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолының «Қызылорда-Ақтөбе» бағытында 33 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін алға тартып, жол құрылысын Қызылорда қаласынан бастауды ұсынды.  Аймақ басшысы облыстағы теміржол вокзалдарының  ғимараттарын күрделі жөндеуге, аумағын абаттандыруға қаражат бөлуді және әуе қатынасына қосымша Астана бағытын, ал келесі жылы жаңа әуежай терминалы жұмысы басталғаннан кейін халықаралық әуе рейстерін қосу туралы өтініш білдірді.

Өз кезегінде, Көлік министрі барлық ұсыныстар зерттеліп, шешу мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі жоғары деңгейде атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдірді.

«Осы уақытқа дейін 11 өңірде болдым. Олардың ішінде көлік саласы жағынан қайсысы үздік десе, Қызылорда облысын атар едім. Әуежай, автовокзал, теміржол вокзалы сияқты нысандардағы жұмыстарға қарап Қызылордадан озық аймақ жоқ деп ойлаймын. Бұл тағы да облыс әкімінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін дәлелдейді», – деді министр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: