Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абайдағы айшықты істер

19.07.2023, 8:30 176

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданының орталығынан 20 шақырым жердегі Сарыкөл ауылдық округінің орталығы һәкім Абай есімімен аталады. Ұлы дарияның дәл іргесіндегі шөбі шүйгін, ажары келісті, табиғаты әсем жерді былайғы жұрт «Қазалының Швейцариясы» деп атап кеткен.

Биыл абайлықтар қос бірдей қуанышқа кенелуде. Cоның бірі «көгілдір отынның» тартылуы болса, екіншісі – ауыл орталығындағы саябақтың абаттандырылуы.

Жыл басындағы халықпен кездесуінде аудан басшысы Мұхтар Оразбаев:

– Өткен жылы Қазалы ауданындағы Басықара, Құмжиек, Қарашеңгел ауылдық округтеріне газ кіріп, халықтың ыстық батасын алған болатынбыз. Алдағы меже – Абай ауылы. Әрине, ауданда атқарылып жатқан, әлде де атқарылатын жұмыстар аз емес. Кезек күттірмейтін, күрмеулі мәселелер де баршылық. «Қарлаң» көпірі мен Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы төрт жолақты жолды аяқтауымыз керек. Әйтсе де осындағы азаматтардың көптен күткен арманы «көгілдір отын» мәселесін шешіп берсек дейміз, – деп ағынан жарылған.

Жыл басында сол шаруаның сәті де түсті. Әдепкіде қиялға, кейін құжатқа, бертінгі уақытта қаржыға айналған жоспар іске көшті.

Кеше ғана аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған басшылар Абай елді мекеніне орамішілік газ желілерін жүргізу құрылысымен танысты.

Жоба құны 357,735 млн теңге болатын құрылысқа жауапты мердігер – «Ремстрой» ЖШС.

– Бұған дейін Қазалы қаласы, Ғ.Мұратбаев ауылы секілді жерлер «көгілдір отынның» игілігін көріп отырғанын білесіздер. Сәтін салып, мұндай қуанышты күнге Абай ауылының тұрғындары да жететін болады. Ол үшін Сіздер жұмыстарыңызға асқан жауапкершілікпен қарап, сапасы мен уақытын да қаперден шығармауларыңыз қажет, – деген аудан басшысы жауапты мамандарға тиісті тапсырмаларды жүктеді.

Шыны керек, биыл Сарыкөл ауылдық округінің жұрты үшін жағымды жаңалықтар аз емес. Олай дейтініміз, елді мекенде газ құрылысынан бөлек орталық саябақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Бас қақпасынан бастап ажарланатын саябақта сахна құрылып, ойын және спорт алаңы салынып, түнгі жарықшамдары жарқырайтын болады.

Бас мердігер «Данияр 97» ЖШС мамандарына құрылыстың сапасына мән беріп, уақытылы аяқтауды тапсырған аудан басшысы орталық саябақ тікелей бақылауында болатынын айтты.

Дана халқымыздың «Қос тойың қабат болсын» деген сөзі қандай сәтті айтылған дерсіз. Олай деуіміздің сыры да жоқ емес.

Жоғарыдағы жұмыстармен қатар сейсенбі күні Абай ауылында дәрігерлік амбулаторияның іргетасы қаланды.

Жоба құны 400 миллионды құрайтын бұл нысанды «Аман-Құрылыс» ЖШС жауапкершілігіне алған.

Жаңа нысанның іргетасын қалау рәсіміне аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев және ауыл ақсақалдары арнайы қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан басшысы бой көтеріп жатқан нысанмен ауыл тұрғындарын құттықтап, халық игілігі үшін салынатын денсаулық нысанының сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажеттігін жіті тапсырды.

Айта кетейік, биыл Қазалы ауданына қарасты 3 ауылда дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Олардың қатарында Бозкөл, Кәукей және Абай ауылдары бар.

Ж.Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: