Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасыл желекке «Жасыл Қызылорда» күтім жасайды

03.04.2024, 18:30 94

HALYQLINE.KZ

Биыл қаладағы аяқ су мәселесін шешу мақсатында облыс әкімінің қолдауымен «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеме жасыл желекті баптап, аяқ су жүретін жолдарды аршып, қажетті шараларды жүзеге асырады. Бұл туралы бүгінгі брифингте «Жасыл Қызылорда» КММ-нің басшысы Әжібек Мампаев баяндады.

– «Жасыл Қызылорда» КММ-нің негізгі бағыттары қаламызды көгалдандыру мақсатында каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жерасты ұңғыма арқылы және насостар арқылы аяқ су беру, сквер, аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, көгалды күтіп-ұстау, қураған ағаштарды кесу және балақтау жұмыстары болып табылады. Осы аталған жұмыстар биыл жыл басынан бастап жүргізілуде, – деді мекеме басшысы Әжібек Алғашбекұлы.

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметіның хабарлауынша, мекеменің мамандарымен Жібек жолы және Сарқырама каналдары толық тазаланды. Қазіргі таңда Қызылжарма, Қалалық, Табиғат каналдарын және қалаішілік арық жүйелерін бекітілген кестеге сәйкес күнделікті тазалау жүргізілуде.

Жалпы, қалаға Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 жерден насос қондырғыларымен аяқ су беру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдар аралығында 27 дана бұрғылау жұмыстары жүргізілген ұңғымаларды және бұрыннан аяқ су беріліп келе жатқан ұңғымаларды да аяқ су беру маусымына дайындығын ұйымдастыруда.

– Қала аумағына 2024 жылдың көктем-күз айларында 8000 дана ағаш көшеттерін егу жоспарланып отыр. Ауа райына қолайлы, құрғақ, ыстық, шөлге төзімді Сыр талы, терек, қарағаш және сәндік (катальпа, айлант, ясин) ағаш көшеттері отырғызылатын болады. Оның ішінде, сәндік ағаштар қаламыздың орталық көшелеріне егілетін болады, – деді мекеме басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: