Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шахтинскідегі өрттен екі адам қайтыс болды

18.08.2023, 11:09 141

HALYQLINE.KZ 

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында 17 тамызда болған өрттен екі шахтер қаза тауып, жер астында қалған төртеуі адам әлі іздестіріліп жатыр.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір жұмысшының мәйітін кеше кешкі сағат бес жарымда табылса, таңғы сағат 8:15-те екінші адамның денесі жансыз күйде шықты. Қазір олардың бірінің аты-жөні анықталды . Ол шахта ішінде 39 жыл жұмыс істеген 1965 жылы туған Виталий Владимирович Слюньков. Ал төрт шахтер әлі табылған жоқ.

Таңертең апат болған кезде жер астында 227 шахтер болған, олардың ішінде 222 шахтер жер бетіне шығарылды. Өрт әлі толық өшірілмегені хабарланды.

Дәрігерлердің сөзінше, сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Қазір екі шахтер жансақтау бөлімінде жатыр.

– Екі адам Мақажанов клиникасына жеткізілді, алдын ала тексеріс бойынша, олардың шахта газынан қатты уланғаны анықталып, улы-гипоксикалық энцефалопатия, улану бронхиті диагнозы қойылды. Жансақтау бөлімінде жатыр, – деді Қарағанды облысының штаттан тыс бас токсиколгы Сәуле Смағұлова.

Қарағанды облысының әкімдігі құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатқанын хабарлаған. Ал шахтаның иесі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тау-кен бөлімі атқарушы директорының орынбасары Сергей Оғай «іздеу жұмыстармен бес бөлімше айналысып жатыр, шахтаның ішін түтін басып кеткендіктен іздеу жұмыстары қиынға соғып тұр» деген.

17 тамыз таңғы сағат онда, ресми дерек бойынша, шахтадағы конвейер лентасында өрт болған. Осыдан соң жер астындағы шахтерлерді шығара бастаған, бірақ шахтаның астын түтін басып, жағдай қиындап кетті.

Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Қазір «Тау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу» бабы бойынша тергеу басталғаны, оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің басшысы жүргені хабарланды.

«Қазақстан» шахтасы – Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі 8 шахтаның бірі. Онда көмір өндіріледі. Бұл 1957 жылы қазылған, 1969 жылы пайдалануға берілген елдегі ең ескі шахталардың бірі.

2022 жылы 3 қарашада Шахтинскідегі АМТ компаниясының Ленин атындағы шахтасында метанның салдарынан жарылыс болып, бес адам қаза тапқан, төрт адам уланған. Бұл оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Зардап шеккен шахтерлердің жақынданы қауіпсіздікке жауаптылар жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Олардың алаңдауына негіз бар, себебі 2021 жылы Абайдағы АМТ шахтасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс тоқталыған еді. Абайдағы жарылыста адам шығыны болса да, ешкім жауапқа тартылған жоқ.

2021 жылы Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің мамандары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданған. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектелеген.

Фото авторы: Тұрар Қазанғап

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: