Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Барыс жылының барысы

29.12.2022, 11:20 181

2022 жыл қазақ халқы үшін өте ауыр басталды. «Басы қатты болса, аяғы тәтті бола­ды» деп өз-өзімізді жұбатқанымызбен, елді есеңгірететіндей оқиға болды. Президенттің өзі уақытында «Бұл – ел тарихындағы ең ауыр дағдарыс» деп баға берген еді. 2-3 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының негізсіз көтерілуіне байланыс­ты бейбіт шеруге шықты. Бұл наразылық бірте-бірте Маңғыс­тау облысының өзге аймақ­тарында қайталанды, 3-4 қаңтарда Қазақ­станның бірнеше облысында жалғасты. 5  қаңтарға  қараған түні наразылар мен күштік құрылымдар арасында қақтығыс басталды. Әскерилер бұйрық бойынша және қорғану мақсатында көзден жас ағызатын газ, шулы гранаталар қолданды. Наразыларды тарқату үшін резеңке оқ та атты. Содан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында Төтенше жағдай жариялады. Дәл сол уақыттағы  ахуал  өте  күрделі  еді…

Жалпы, барыс жылының өту барысы тура­лы, дәлірек айтқанда өткен жылдың елеулі оқиғаларын Abai.kz порталы келтірген деректерге  сүйене  отырып, шолып  шыққан  едік.

БЕЙБІТ  ШЕРУГЕ  БҮЛІКШІЛЕР  ҚОСЫЛДЫ

5 қаңтар күні Қасым-Жомарт То­қаев Асқар Мамин тізгіндейтін Үкіметті «отставкаға» жіберді. Міндетін уақытша Әлихан Смайыловқа тапсырды. Бұл уақытта да наразылық басылмады. Белгісіз адамдар тобы әр қалада әкімдік ғимар­аттарын басып алып, прокуратура, полиция, партия ғимараттарын өртеп жатты. Демонстранттар телеарналар орнала­сқан ғимараттарды қиратып, техникаларды бүлдіре бастады. Талдықорғанда экс-президент Назарбаевтың ескерткіші құлатылды. Алматы әуежайына  басып кіргендер  де  болды.

Сөйтіп, бүкіл Қазақстан аумағында Төтен­ше жағдай жариялауға тура келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ешқайда кетпейтінін, Нұрсұлтан Назар­баев басқарып  келген Қауіпсіздік кеңе­сін өз қолына алғанын мәлімдеді. Біз бұл уақытта «Халық» газетіне «Бейбіт шеру­ден бүлікшілерге дейін», «ҚЫМБАТШЫЛЫҚ пен ҚАРАҚШЫЛЫҚ» деген тақырып­тарда арнайы мақала жазған болатын­быз.

6 қаңтарда президент ҰҚШҰ (ОДКБ) әскерінен көмек сұрады. Осы кезде қалаларда қарулы қақтығыстар әлі де жалғасып жатқан еді. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы болған Кәрім Мәсімов қызметінен алынды. Қарулы қақтығыс­тар 7 қаңтар күні де жалғасты. Президент күштік құры­лымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеп, 20 мың содыр туралы ақпаратты  да  осы  күні  айтты.

ҚАСҚЫРҒА  ҚОЙ  БАҚТЫРЫП  КЕЛДІК

8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы Кәрім Мәсімов қамалды. Оған «Мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыптар тағылды. Бұл туралы  біз  «Қасқырға қой бақтырып келгенбіз  бе?»  деген  тақырыпта мақала жаздық.

10 қаңтарда елде жалпыұлттық аза тұту күні болды. Президент Тоқаев ҰҚШҰ жиынын өткізіп, «5 қаңтардан басталған тәртіпсіздіктің мақсаты – билікті басып алу, басқару институттары мен конституциялық құрылымды бұзу және мемлекеттік төңкеріске талпыныс» деп атады.

Асқар Маминнің «отставкасынан» кейін премьерлікті уақытша атқарған Әлихан Смайылов Үкімет басшысы болып бекітілді. Мәжілісте сөйлеген мемле­кет басшысы экс-президент Назарбаевқа шүйлікті. «Елбасының арқасында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі ауқатты адамдардың тобы пайда болды» деп атап өтті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев билік өкілдерінің жалақысын өсіруге 5 жылдық мораторий жарияланатынын айтты. Мемлекет басшысы әкімқаралардың айлығы жеткілікті екенін және бұл шешім олар үшін жақсы жаңалық емес екенін жасырмады. «ЖЫЛДАП САҚТАЛАТЫН ЖАЛАҚЫ немесе билік өкілдеріне ұнамайтын шешім» деген мақалада бұл тақырыпқа кеңінен  тоқталған  едік.

ҚАҢТАРДА ҚАБІР  КӨП  ҚАЗЫЛДЫ

Қазақстанның бірқатар өңірінде бейбіт шерумен басталып, бүлікшілікке жалғасқан наразылық ешкімге оңай соқпады. «Қасіретті қаңтар» деген атпен елдің ертеңіне енетін оқиға – Қазақстан тарихындағы ең қайғылы кезеңнің бірі. Қымбатшылықтан қажып, бейбіт түрде биліктен талап еткісі келген ел-жұртты бүлікшілер өз тарапына пайдаланды. Тәуелсіз БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде жақынын жоғалтқан және жоқтаған адам қарасы көп болды. Бас прокуратура қаңтардағы оқиғадан кемінде 225 адам (сол уақыттағы статистика – ред.) қаза болғанын, 4578 адам зардап шеккенін хабар­лады. Қаза тапқандардың дені Алма­ты қаласында еді (149 адам). Бұл жайлы «Қабір көп қазылған қаңтар» атты мақаламызда  толығырақ  жазылды.

«Мың асқанға – бір тосқын». Басқа-басқа, біздің халықтан сөз артылып па? Кез келген жағдайға байланысты мақал-мәтеліміз, қанатты сөзіміз да­йын тұрады. Тақырып та табыла кетеді. Ел саясатындағы соңғы ауыс-түйістер көпшіліктің көңіл күйін көтерді һәм түсірді. Өйткені, пікір қайшылығы туындады. «Өзгерістер өң бермейді, бұл – жаңа да ескі Қазақстан» дегендер болды. Ал, кейбір ауыс-түйіс, қызметтен босату мен тағайындауларды жылы қабылдағандар да, қолдағандар да бар» деп жаздық «БАЖАЛАРДЫҢ БАҒЫ мен «БАГЫ» атты  кезекті  материалымызда.

Яғни, экс-президент Назарбаевтың күйеубалалары саналатын «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТранс­Ойл» компаниясының басқарма төр­ағасы Димаш Досанов қызметтен кетті.

Экс-президент Назарбаевтың інісі Сатыбал­ды Назарбаевтың ұлы Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комите­ті төр­ағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының  төрағасы  қызметінен  кетті.

Павлодар облысының полиция бас­қармасы басшысы Нұрлан Мәсімов қыз­метінен босатылды. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов – бұған дейін қамауға алынған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысы.

Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымынан босатылды. Берік Имашев – Назарбаев әулетінің құдасы. Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевтің қайын атасы.

БИЛІК  ТОЛЫҚТАЙ  ТОҚАЕВҚА  ӨТТІ

18 қаңтарда экс-президент Н.Назарбаев видеоүндеу жолдап, өзінің ешқайда кетпегенін айтты. Оның сөзінше Астанада зейнеттік демалыста екен, билік толықтай Тоқаевтың қолына өткенін де мәлімдеуді  ұмытпады.

19 қаңтарда еліміздің барлық айма­ғынан Төтенше жағдай режимі алынды. Осы күні елімізден ҰҚШҰ әскері толық шығарылды.

Парламент Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалық етуінің күшін жоя­тын конституциялық заңдарға түзетулерді  қабылдады.

Қазақстанда АЭС салу туралы бастама қарқынды талқылана бастады. АЭС салу үшін алты елдің технологиясын қарас­тырып  жатқаны  белгілі  болды.

Наурыздың алғашқы күні Назарбаев дәуірінде партия құрып, сенатқа төр­айым болып, жеке концертімен қоса халық­аралық медиа форум өткізген Дари­ға Назарбаеваның депутаттықтан кету өтінішін Парламеттегі 99 әріптесі қолдап дауыс  берді.

Артынан құдасы Қайрат Боранбаев­тың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамау­ға алынды. Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды да ұсталды. Оған да экономикалық айыптар тағылды. Заңсыз иеленген «Қазақтелеком», «Қазақ­стан Темір жолы» компаниясы активтерін  мемлекетке  қайтаратын  болды.

Назарбаевтың жеке меншік партиясы «Нұр Отан» да «Аманат» деп атын ауыс­тырды.  «Адал»  партиясы  онымен бірікті.

РЕФЕРЕНДУМ  –  «ҚАНДЫ  ҚАҢТАРДЫҢ»  ҚАЙТАЛАНБАУЫНЫҢ  КЕПІЛІ

Наурыз айының ең басты оқиғасы – президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыз күні халыққа жасаған жол­дауы болды. Онда саяси реформалардың, атап айтқанда Президенттің жаңарған құзыреті, Парламент, әкімдерді сайлау тәртібі, заң-құқықтық саладағы өзгерістердің нақты  қадамдары  ортаға  қойылды.

Мамыр айының негізгі оқиғалары президент Тоқаевтың Түркия сапары, ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі кезекті жиналы­сы, Ата Заңға өзгеріс енгізу жайында жарияланған халықтық референдумның кеңінен  талқылануы  болды.

Референдум нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпы дауыс беру арқылы қабылданған елдің қолданыстағы негізгі заңының үштен біріне өзгеріс енгізуге шешім қабылданды. Референдум өткізу идеясы ұсынылғаннан кейін, оны қолдағандар да, қарсы шыққандар да болды.

Мемлекет басшысы өткізіліп отыр­ған референдум «Қанды қаңтардың» қайталанбауының кепілі екенін айтты. Сондай-ақ, ол сол  кезде  «20  мың  содыр»  деген статистиканы бұрынғы құқық қорғау органдары басшыларының  бергенін  айтты.

Референдум аяқталып, Конституция­ға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді дауыс берушілердің 77 пайызы қолдады, 18,66%-ы  қарсы  болды.

ҰЛТТЫҚ  ҚҰРЫЛТАЙ  ҚҰРЫЛДЫ

8 маусымда республикада ресми түрде үш жаңа облыстың құрылғаны туралы жарияланды. Абай, Жетісу, Ұлытау облысы құрылып, Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілді. Елде 17  облыс  пайда  болды.

16 маусымда Ұлытау облысында Ұлттық құрылтай өтті. Бұл жиынға еліміздің белгілі тұлғалары, ғалымдар, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдері шақырылды. Құрылтайға бас-аяғы 117 адам қатысты. Ұлттық құрылтайға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев шақырылмады.

25 қазан Республика күні ұлттық мере­ке болып қайта қатарға қосылатыны айтыл­ды.  Президент  үкіметтегі  ескі кадр­лардың  орнынан  асықпай  кететінін  айтты.

18 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Путиннің шақыртуымен Петербург қаласында өткен экономикалық форумға қатысты. Сол жиында президент Қазақстанның өзін-өзі жария­лаған Луганск мен Донецк облыстарын мемлекет ретінде мойындамайтынын айтты.

«ҚАҢТАР  ОҚИҒАСЫНДА» ҚАЗА  ТАПҚАНДАРДЫҢ   ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ

17 тамызда ҚР Бас прокуратурасы Қаңтар оқиғасында қаза тапқан аза­маттардың тізімін жариялады. Тізімде 238 адамның  есім-сойы  жазылды.

«Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза болды. Олардың ішінде қылмыс­керлер, әрі кінәсіз адамдар да бар. Біз әрбір фактіні жан-жақты қараудамыз», – деді Бас прокуратура  өкілі.

24 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Саты­балдыға және басқа да тұлғаларға қатыс­ты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Іс «Қазақ­телеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау  фактілері  бойынша  қаралды.

Тергеу барысында заңсыз сатып алынған активтер мен айыпталушылардың жалпы сомасы 240 миллиард теңге­ден астам немесе 500 миллион АҚШ долларынан астам ақшалай қаражаты мемлекетке  қайтарылды.

25  тамызда  ҰҚК бұрынғы басшылы­ғы К.Мәсімовке, А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Өсіповке және лауазымды адамдар Д.Акиповке, Н.Бекмұратқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

ЖОЛДАУ  САЙЛАУ  ТУРАЛЫ  ХАБАР  БЕРДІ

Президент Қасым-Жомарт То­қаев оқу жылы халыққа кезекті жолдауын жолдады. Бұл – бір жыл ішіндегі екінші жолдау. Жолдау барысында кезектен тыс президент  сайлауы  өтетіні белгілі болды.

«Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсы­намын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салына­ды» деп ел күтпеген мәлімдеме жаса­ды мемлекет  басшысы.

Қыркүйек басталар шақта Қостанай облысында өрт шықты. Облыс бойынша төтенше жағдай жариялауға тура келді.

Астанада 14-15 қыркүйекте әлемнің 50 елінен 108 делегация қатысқан әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтті. Съездің басты тақырыбы «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» деген тақырып болды. Съезге араға 21 жыл уақыт салып  Рим  Папасы  қатысты.

Пандемияға байланысты үш жылға жуық елінен шықпаған Қытай төрағасы Ши сапарын Қазақстаннан бастады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. ҚХР Төрағасы араға 5 жыл салып Қазақстанға  қайта  келді.

«БӘРІНЕ  ҚАРСЫ»  БОЛҒАНДАРДЫҢ  ДА  ҚАРАСЫ  КӨП

Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты, Путин мобилизацияға 300 мың адам тартылатынын айт­қаны сол еді, ер-азаматтары өзге елге үдере көшті. Көбі Қазақстан, Грузия, Арме­ния,  Беларусь  мемлекеттеріне келді.

Қашып келген ресейліктер елімізде бірқатар  әлеуметтік  мәселені өршітті. Бұл ең алдымен пәтер бағасының шарық­тап кетуіне әсер етті. ІІМ жыл басынан бері 74 371 Ресей азаматы қазақ­стандық ЖСН  алғанын  мәлімдеді.

17 қыркүйекте Қасым-Жомарт То­қаев Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

22 қыркүйек күні Республика күні қайта оралды. Парламент депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу  туралы»  заң  жобасын  мақұлдады.

Қазан айының басында Қазақстанға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев­пен жолықты. Мемлекет басшылары екіжақ­ты бірқатар келіссөздер жүргізді. Тараптар 14 құжатқа қол қойды.

Орталық сайлау комиссиясы 20 қара­шада  өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске  жеткенін  айтты.

ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров­тің дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа  6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын»  бағанын  460 484  немесе  5,8%  сайлаушы  таңдаған.

Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуес­баевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат  Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген. Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлау­шылар саны 11 млн 953 мың 465  адамды  құрады.

2022 жылдағы елеулі оқиғалар мұнымен бітпек емес. Әрине, бірін жазып, екіншісін ұмыт қалдыруымыз мүмкін. Бірақ, барыс жылының өту барысын барынша сүзгіден өткізіп көрдік. Ең бастысы, ел-жұрт тыныштықтан асқан байлық жоқ екенін ұғынып, әлемде бейбітшілік жалауы желбірей берсе деген ақ тілегіміз бар.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: