Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалының  жетінші  батыры  табылды,  ол  кім?

27.04.2026, 9:40 60

HALYQLINE.KZ

2025 жылы Жеңістің 80 жылдығы да аталып өтті. Герман-Кеңес соғысына Қазақстаннан аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің тең жартысы қаза тапты. Төрт жылға созылған соғыста Қазалы ауданынан бес жерлесіміз Үрмәш Түктібаев, Мақаш Балмағанбетов, Владимир Счастнев, Генадий Шляпин, Иван Михайлюкті ұзақ жылдар бойы бес батыр деп келдік. Бертін келе «Қазалы» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шамша Айтуғановтың ізденісі арқасында алтыншы батырымыз Біліс Нұрпейісов қосылған болатын.

Енді міне, Қазалының жетінші батыры белгілі болып отыр. Сонымен есімі 80 жыл белгісіздеу болып келген Кеңес Одағының батыры кім?

Пірімжар Наурызбаев (1-сурет) 1925 жылдың 18 шілдесінде Қызылорда облысының Қазалы станциясында дүниеге келді. Пірімжардың анасы Гүлбарам Қарасақал руының жас жігіті Баймаханды ұнатып, 1917 жылдың желтоқсанында бір түнде қашып кетеді. Себебі, Гүлбарам ауқатты отбасынан шыққандықтан, өздеріне жалданып жұмыс істеп жүрген Баймаханға қызын бермейтін еді. Қыздың көптеген туысы қарындасына қуғыншы жіберіп тартып алуға оқталып барып қойған себебі, большевиктер үкімет басына келіп, әйел теңдігін көтеріп, қалыңмалды жоюға декрет қабылдап қойған да болатын.

Ерлі-зайыпты Баймахан мен Гүлбарам 12 балалы болғанымен, тек алтауы ғана Злиха, Пірімжар (3-сурет, метірке), Дариха, Зағипа, Пірімхан, Ескендір тірі қалды. Пірімжар жас кезінен бастап елгезек, оқуға зерек болып өсті. Бауырмалдығы мен еңбекқорлығы үшін көршілері өте жақсы көрген екен. Ауыл шетіндегі бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқыны болып қалып қойған немістің ұстаханасынан шықпай, түрлі тұрмыстық заттар мен ат-әбзелдерін жасауға машықтанып жүріп, неміс тіліне қызығушылық танытуы болашақ мамандық таңдауына себебші болған екен.

Мектепті бітіріп, Қызылорда педагогикалық институтының неміс тілі факультетіне оқуға түседі. 1943 жылы бірінші курс бітірген соң аудандық әскери комиссариаттан соғысқа шақырту алады. Пірімжар Наурызбаевты Орта Азия әскери округіне қарасты Ташкент қаласындағы жаяу әскери училищесіне оқуға жібереді.

«Память народа» сайтынан алынған мәліметте: Училищенің қысқартылған курсын бітірген кіші лейтенант Пірімжар Наурызбаев 33-ші Қызылтулы Холмск атқыштар дивизиясы 82-ші полкінің взвод командирі болғаны, 1945 жылдың 29 сәуірінде Бранденбург қақпасы маңында қаза тауып, Линденбург қаласының оңтүстік-батыс жағындағы қорымда жерленгені жазылуымен қатар, армияның саяси бөлім тарапынан лейтенант Пірімжар Наурызбаев қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағы батыры атағы берілгендігі  жазылған.

Пірімжар Наурызбаевты батыр атағына ұсынған «наградной парақшасында» (5-сурет) былай деп жазылған екен: «1945 жылдың 15 сәуірінде Одер өзенінен жаудың плацдармын бұзып өту үшін шайқаста Наурызбев жолдас өз взводымен арғы бетке өтіп, жаудың өзіне оқ жаудырып, батальонның өтуіне мүмкіндік жасап, өзі төрт немісті өлтірсе, взвод 50-ден астам немісті жер жастандырды. 16.04.1945 жылы Линич қаласы үшін шайқаста жаудың екі доты оқ жаудырып, қарсы шабуылға мүмкіндік бермей тұрғанда кіші лейтенант Наурызбаев взводын екіге бөліп, артиллерия оқ жаудырғанын шебер пайдаланып, дотқа жер бауырлап жетіп, өз тобымен басып кіріп, жеке өзі 5 гитлершілні атып өлтірді. Наурызбаевтың екінші тобы да осындай жолмен екінші дотты басып алып, біздің негізгі әскер келгенше дотты қайтадан басып алмақшы болған жаудың қарсы екі шабуылына тойтарыс беріп тұрды, осы шайқаста жаудың 100-ден астам солдаты мен офицерінің көзін құртты. Осылайша батальон алға қойған тапсырманы орындады. Пинвардер селосы үшін шайқаста лейтенант Наурызбаев взводына жаудың тылына шығып, шегініп бара жатқан немістерді жою тапсырылды. Взвод алға қойған тапсырманы орындады: 100-ге жуық гитлершілні өлтіріп, 4 автомашинаны, 2 зеңбірек тартатын тракторды, 200 винтовканы қолға түсірді. Пвонендорд шебін бұзу кезінде лейтенант Наурызбаевтың взводы плацдармды бірінші болып басып алып, батальон тапсырманы орындады. Лейтенант П.Наурызбаевты Кеңес Одағының батыры атағына ұсынамын.

82-ші атқыштар полк командирі, подполковник Пинчук. 23 сәуір 1945 жыл».

Бұл ұсынысқа 33-ші Қызылтулы дивизия командирі, генерал-майор Смирнов лейтенант П.Наурызбаевты Кеңес Одағының батыры атағына ұсынғанда, оны Армияның Әскери Кеңесі де келісім берген. «Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» деп 12-ші гвардиялық атқыштар корпусының командир,і гвардия генерал-лейтенанты Филатов, үшінші Екпінді Украина Армиясының қолбасшысы генерал-полковник Кузнецов, Әскери-Кеңес мүшесі, генерал-майор Литвинов (6-сурет) қол қойған.

Өкініштісі сол, 20-ға да толмаған Пірімжар Наурызбаевқа «Алтын жұлдыз» медалін кеудесіне тағу бұйырмады.

Енді батыр жерлесіміздің есімі қалай табылғанына келейік. Пірімжардың есімі 80 жылдан астам уақыт белгісіз болып келді. Әкесі Баймахан Қазалы аудандық әскери комиссариаттың есігін тоздырып, іздеу салумен болғанымен, еш нәтиже берген жоқ (4-сурет). Пірімжардың немере қарындасы Сәуле: «Менің әжем Гүлбарам Пірімжар көкемді өмір бойы күтумен болды. Теледидардан соғыс хроникасын көрсе, арасында ұлым болуы мүмкін деп қарайтын. Өмірінің соңына дейін Пірімжар келеді деп күтумен өтті» деген болатын.

Батыр жерлесіміздің табылуына отандасымыз Андрей Мендеевке (2-сурет) қарыздармыз. Алматыда дүниеге келген Андрей Германияда Рейхстаг пен Бранденбург қақпасы аралығында орналасқан кеңес жауынгерлері жерленген Даңқ Мемориалында болғанда, гранит тастағы «Наурсбаев П.В. погиб 29.04.1945.» деген жазуға көзі түсіп кеткен болатын. Көзі мыңдаған жазу ішінен осы күнге тоқтаған себебі, Андрей соғыс аяқталған соң 20 жылдан кейін 29.04.1965 жылы дүниеге келген болатын. Содан бастап интернеттен іздеумен болады, ешқандай дерек табылмағасын, фейсбуктегі өзінің парақшасына салады. Оны оқыған волонтер-еріктілер Ақмарал Шолақова мен Макка Каражанова екеуі іздейді. Осы уақытқа дейін табылмау себебі, батырдың аты-жөні қате жазылуында еді. «Наурсбаев Присижар» деп орысша жазылып кеткен фамилияны Наурызбаев Пірімжар деп іздеу салғанда барып табылды. Немере қарындасы Сәуле 2021 жылы отбасымен Берлин қаласындағы көкесі Пірімжар Баймаханұлы Наурызбаевтың басына барып, туған жердің топырағын салып, тағзым етіп қайтты.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы-журналист.

Қазалы  ауданы

(Дереккөзі: 26.06.2022 жылғы «Кызылординские вести» газетіндегі

Ботакөз Ажарбаеваның мақаласы)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: