Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп жазады баспасөз қызметі.
Аудан басшысы көпшілікті мерекемен құттықтап, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылғанын, еліміздің шекарасы белгіленіп, Қарулы Күштер қатары жасақталғанын атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылды. Еліміздің шекарасы белгіленіп, Қарулы Күштер қатары жасақталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екені анық. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы» деп атап көрсетті. Президент тапсырмасымен бүгінде қазақ әскерінің қуаты артып, еліміздің айбынды қорғанына айналды. Құрлықта да, теңізде де, әуеде де біздің сенімді қамалымыз бар. Бұл күн – ерекше мереке, біз бұл күні Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен барлық қазақстандық, Ауғанстанның, Карабахтың отты жолдарымен өткен, Чернобыль, Семей зардаптарын жоюға қатысқан ержүрек жауынгерлер алдында тағзым етеміз. Біз Отан үшін ерлік көрсеткен батырларға әркез бас иеміз. Олардың қатарында бүгінде ортамызда отырған Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметі азаматы, 104 жастағы Яхия Тасыров зор құрметке бөленіп келеді. Ұлы Отан соғысы ардагеріне әрқашан құрметіміз мол, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шарада аудан дамуына, ел тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген бірқатар азамат облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Алиев және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Жасұлан Шанкулов сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыровқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің «Құрмет белгісі» медалін табыстады. Сонымен қатар, тыл ардагерлеріне облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Салтанатты іс-шарада ауданның көрсемөнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Айта кетейік, мерекелік іс-шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Я.Тасыровпен кездесу өткізіліп, патриоттық бағытта көріністер қойылып, көрмелер ұйымдастырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!