Жаңақорғанда аудан әкімі Мажит Самитовтың қатысуымен 7 мамыр – Қазақстан Республикасы Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ерлікке тағзым – Елдікке тағылым» атты салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Іс-шара қонақтары алдымен аудандық мәдениет үйінің фойесінде тақырыпқа сай безендірілген көрмені тамашалап, тарихи мазмұндағы экспозициялармен танысты. Бұдан кейін «Ұрпаққа аманат – елге қорған» атты театрландырылған прологпен басталып, іс-шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Тағылымы мол іс-шарада аудан әкімі Мажит Самитов құттықтау сөз сөйлеп, қос мерекенің маңыздылығына тоқталды.
— Бүгін біз тағылымы терең, тағдыры ортақ, мағынасы айрықша қос мерекені – 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Ұлы Жеңіс күнін қатар атап өтудеміз. Бұл – елдік пен ерліктің, батырлық пен бірліктің айқын көрінісі болған тарихи күндер. Баршаңызды осы айтулы мерекелермен шын жүректен құттықтаймын! Отанға деген адал қызмет – әр азаматтың қасиетті борышы. Қарулы Күштеріміздің қуаты артып, айбыны асқақтай берсін. Жеңіс рухы мәңгі жасасын! — деді аудан басшысы.
Салтанатты іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен, облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Мерекелік кештің көркін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, көпшіліктің сүйікті өнерпазы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаева қыздыра түсті. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынды.
Тағылымы терең, рухы асқақ іс-шара көпшілікке көтеріңкі көңіл- сыйлап, елдік пен ерліктің мәнін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!