Кеше Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Жаңақұрылыс, Қаратерең, Бөген ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Алдымен аудан басшысы Жаңақұрылыс ауылындағы мектеп ғимаратында тұрғындармен жүздесіп, жыл басынан бері өңірдегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде айтып, біткен істер бойынша сөз сабақтады.
Ауылдағы өзекті деген мәселелер де аудан әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Кейбір мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанына тоқталып, тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің барлығы заңдылығына сай қаралып, шешуге жұмыс істелетінін жеткізді.
Ауыл тұрғындары жайылымдық жерлерді суландыруда маңызы зор каналдарды су өткізуде кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауды алға тартты. Сонымен қатар ел арасына қатынас жасауда маңызға ие жолдардың жай-күйі сөз болды. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті екенін айтып, алдағы уақытта шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Мүмкіндік келетін жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауға тырысып, қаржыны көп талап ететін маңызды жолдардың жайын күн тәртібінен түсірмей, шешу жолдарын қарастыруға күш салынатындығын жеткізді.
Тұрғындар тарапы аудан көлемінде істеліп жатқан жұмыстардың барлығынан хабардар екенін айтып, оңға басқан бастамаларға сәттілік тіледі.

Ал, Қаратерең ауылының халқымен өткен кездесуде аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде тоқталып өтті. Сондай-ақ ауылға ортақ кейбір мәселеден хабардар екенін жеткізіп, оларды алдағы уақытта шешу жолында жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
Ауылдағы қатынас құралына айналған жол мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Сәтін салса осы жылы ауылдағы үш көше асфальттанып, электр желісіне байланысты қолға алынған жобалар да қолдау табады деген үміт бар.
Кездесу барысында аудан әкімі ел тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, көтерілген мәселелердің барлығын назарға алды. Ауыл тұрғындары жол мен жайылымдық жер және елдің ырысына баланған көлдер жүйесіндегі кейбір мәселеге алаңдаушылық білдірді.
Аудан басшысы кейбір сұраққа заңдылығына сай жауап беріп, мүмкіндікке қарай тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізді. Ауыл тұрғыны, көпбалалы ананы жұмыс мәселесімен қабылдап, өтінішіне құлақ түрді. Қабылдауда айтылған өтініштің оңтайлы шешілуін қадағалау үшін жауапты тұлғаларға заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Құт қонып, берекесі артқан киелі өңірлердің бірі Бөген ауылында да ел айтып жүрер ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бөген-Аманөткел бағытындағы жолдың құрылыс жұмыстары басталып, «Сарытерең» каналының ауыл тұсындағы бөлігінен су тоспасын салу жұмыстары да қарқын ала бастаған.
Құны 5,2 млрд теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекені тұсынан автоматты газ тарату стансасы салынып жатыр. Бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік болады. Осы жұмыстардың бірлігінде де Бөген ауылы да бар. Бүгін-ертең болмағанмен, жақсылық істің жалғасын сабырмен күткен ағайын алдағы жылдардың еншісінде «көгілдір отынға» қол жеткізіп қалуы бек мүмкін.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесу барысында осы және өзге де мәселелерді тілге тиек етіп, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.
Бөген мен оған қарасты Қарашалаң ауылына ортақ негізі мәселе жолдың қазіргі жағдайы тұрғындар тарапынан айтылды. Көкарал бөгетінің басында жүргізілген құрылыс жұмыстары кезінде ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауы салдарынан салынған асфальт жолдың қазіргі жайы жарамсыз күйге түскен. Ауыл тұрғындары осы мәселені айтып, жөндеу жұмыстарын жүргізсе деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар Қарашалаңдағы медициналық бекеттің сыйымдылығы және Бөген ауылындағы медицина маманының тапшылығы сөз болды. Сондай-ақ ауылішілік электр желілерінің тозуы мен кернеудің аз болатындығы айтылды.
Аудан әкімі айтылған ұсыныстардың барлығы орынды көтерілгенін айтып, бұл мәселелерді шешу бағытында алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!