Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сексеуіл кентінде іргелі істер атқарылады

05.03.2024, 9:15 90

HALYQLINE.KZ

Кеше Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаев Сексеуіл кентіндегі ауылдық мәдениет үйінде жергілікті халықпен кездесу өткізді. Мұнда аудан әкімі биылға жоспарланған жобалар мен міндеттерге тоқталып, өңірдегі жаңа бастамаларды баяндады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ең алдымен аудан әкімі кездесуге келген 90 жастағы ауылдың абыз анасына сый-құрметін көрсетті. Алдағы көктемнің шуақты мейрамымен құттықтап, әрдайым батасын елге арнап, ортамызда қолдап отыра беруіне тілектестігін білдірді.

«Аймақта, өңірде жасалынып жатқан жұмыстарды өздеріңіз жақсы білесіздер. Соңғы екі жылдың көлемінде облыстың бюджеті екі есеге артып, дәл осындай даму динамикасы ауданда да қалыптасып отыр. Түрлі инвестициялық бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асуда. Ауданның негізгі кәсібінің бірі мал шаруашылығы болғаннан соң, екі жыл қатарынан облыс төрінде «Озат аудан» атымен жеңімпаз болып келе жатыр. «Түйе сүтінен құрғақ сүт өндіру» жобасы да биыл жүзеге аспақ. Оған қосымша, «Түйе етінен консерві шығару» жобасын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Сексеуіл кентінде де іргелі істер өз шешімін табуда. Түйіні тарқалмаған мәселелер де жоқ емес. Дегенмен барлығы ретімен орындалуда. Кенттегі құрылыс жұмысы тоқтап тұрған 40 төсектік аурухана мәселесі облыс басшысы Н. Нәлібаевтың қолдауымен қайта жалғасатын болады. Елді мекенді газға қосу жұмыстары да биыл аяқталып, ел игілігін көретін болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде кентте жаңа мектептің құрылысы басталуда. Қазіргі уақытта мемлекетіміздің ұстанымы – бірінші кезекте халықтың тұрмысына қажетті әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу. Біз бұл бағыттағы шараларды кезең-кезеңімен жүргізетін боламыз», – деді, аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы.

Сондай-ақ,кездесуге облыстық мәслихат депуттары Жорабек Нұрымбетов, Орынбасар Төлепов, Бауыржан Сандыбаев, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Жандос Досжан, Мейрамбек Жұмашев арнайы қатысып, елді мекенде қордаланған мәселелерге қолдау көрсетіп, шешімін табуға жұмыс істейтіндігін айта өтті.

Сексеуілдіктер басқосуда аудан басшысына өздерін толғандырған ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Мұнан соң, аудан әкімі кент тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, жауапты сала басшыларына тұрғындар өтінішін заң аясында шешуде барша мүмкіндікті қарастыруды міндеттеді. Келген азаматтардың дені елді мекендегі шешімін таппаған мәселелерді алға тартса, енді бірі жұмысқа орналасу бойынша жүгінді.

Сапар барысында Аманжол Сақыпұлы кенттегі 96 жастағы абыз ақсақал, елге сыйлы азамат Молдабай Ахметовпен арнайы кездесіп, ілтипатын білдірді. Қария аудан басшысының Арал өңірінің әлеуетін арттыруға арнаған қарымды қызметіне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: