Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық тұрғындар баспана қуанышына кенелді

09.01.2024, 18:20 270

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде 53 отбасыға тұрғын үй кілтін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жигули Дайрабаев, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев та қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Халықты баспанамен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты. Жыл сайын аймақта пайдалануға берілген тұрғын үй саны артуда. Өткен жылы 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды. Осылайша 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Биыл мемлекеттік бюджеттен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Оның 16-сы жеті қабатты болады. Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өткен еді. Былтыр аймағымыздың барлық ауданында 450-ге жуық отбасы баспана қуанышына кенелді. Бүгін Тасбөгет кентінде 53 отбасы қоныстойын тойлайды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жигули Дайрабаев пен Мархабат Жайымбетов баспана кілтін алған тұрғындарды құттықтады. Қоныстой иелерінің атынан мектеп мұғалімі Мереке Тауманова қуанышын жеткізіп, аймақ басшысына алғыс білдірді.

Іс-шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: