Қазалы ауданында Су шаруашылығы мен Ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай салтанатты шара өтіп, қос саланың үздіктері марапат төрінен көрінді.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, сала мамандарын мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің орнықты дамуы үшін су қауіпсіздігі мен ветеринариялық қауіпсіздіктің стратегиялық маңызын үнемі айтып келеді. Қазалы ауданында су шаруашылығының қалыптасу тарихы да тереңнен бастау алады. Бүгінде аудан аумағында су жүйелерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп, су пайдаланушыларға суды уақытылы жеткізу, каналдар мен гидротехникалық нысандардың жұмысын күнделікті бақылау бағытында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының Қазалы өндірістік учаскесі, Ә.Тыныбаев атындағы су торабы, «Арал-Сарбұлақ топтық су құбырларын пайдаланушы» Қазалы өндірістік бөлімшесі, «Қазалы-Су Сервис» және Байқожа топтық су құбыры сынды 5 мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Бұл мекемелерде 400-ге жуық маман ел игілігі жолында аянбай еңбек етуде. «Медицина адамды емдейді, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің мәні өте терең. Ветеринария – тек мал саулығын ғана емес, адам денсаулығын, азық-түлік қауіпсіздігін, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды сала. Бүгінде ауданымыздың ветеринария саласында 128 қызметкер халық игілігі жолында қызмет атқаруда. Қос саланың қалыптасуы мен дамуына, өлшеусіз үлес қосқан сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ерекше ризашылығымды білдіремін, — деді аудан әкімі.
Мерекелік жиында қос салада жемісті еңбек етіп жүрген сала үздіктеріне ҚР Су ресурстары және Ирригация министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті басшысының, облыс әкімі мен облыс әкімі орынбасарының және аудан әкімінің Алғыс хаттары, Қазалы ауданының Құрмет грамотасы, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі табысталды.
Салтанатты шара әрі қарай аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.
Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданымызда су шаруашылығы мен ветеринария саласына ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, өткен жылы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, республикалық және облыстық бюджеттен, сондай-ақ арнайы есепшоттан 1,5 млрд. теңге бөлініп, аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ауданның сол жағалауындағы 1-ГД, 2-ГД және К-3-2 қашыртқылар жүйесін реконструкциялау мен механикалық тазалау жұмыстары қолға алынды. Қызылқұм ауылдық округіндегі «Нартай» каналын механикалық тазалау жұмыстары қолға алынып, бүгінде 2-ГД қашыртқысын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан 2027 жылы Қазалы ауданында 7 каналды бетондау жобасы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, ветеринария саласы бойынша соңғы төрт жыл ішінде ауданның ветеринария саласына 11 арнайы техника берілген. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 11 арнайы техниканы жеткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек өткен жылы ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерге 20 компьютер жиынтығы мен 20 термочемодан берілді. Бұл – сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартып, қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты қолдау.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!