Қызылорданың дәл жүрегінде орналасқанымен, уақыт ағысына ілесе алмай отырған бір шағын аудан бар. Ол – «Арай-Шұғыла» мөлтек ауданы. Халық арасында «Остров» деген атауға ие болған бұл мекен кезінде бау-бақшалы, көл жағасындағы тыныш оазис іспетті еді. Бүгінде осы бір табиғи әсемдік күл-қоқысқа толған, инфрақұрылымнан кенже қалған аумаққа айналып отыр. Қаланың тіршілігі қарқын алып, сәулеті мен келбеті жаңарып жатқан шақта бұл аумақтың қалып қоюы тұрғындар үшін алаңдатарлық жайтқа айналған.
Кеш түсе бастаса болды, бұл маңдағы көшелер қара түнекке оранады. Жарық бағаналары жоқ, жолдардың көбі асфальтсыз, тегіс емес. Мұнда тұратын тұрғындар үшін ең қарапайым қозғалыстың өзі қолайсыздыққа ұшыратып жатады. Балалар мектепке лай-батпақты кешіп барады, егде жастағы кісілер кешкі уақытта сыртқа шығудан тартынады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік мәселесі өзекті болып қала береді. Ал қоғамдық көлік пен такси қызметтері үшін бұл аумаққа бағыт алу жол жүйесінің нақты еместігіне байланысты қиындық тудырады.

25 жылдан бері осы маңда тұратын зейнеткер Жанқожа Тәшпеновтың айтуынша, көшелерде нақты атау мен реттік жүйе жоқтың қасы.
– Бір үй 145 болса, көршісі 14 деп тіркелген. Мұндай жүйесіздік жедел қызметтердің келуіне де кедергі. Ал балаларға арналған ойын алаңы – тұрғындар көптен күткен мәселе, – дейді ақсақал.
Шағын аудан тұрғындары бұл проблемаларды бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Әкімдік тарапынан жоба жасалып жатқаны, қаржыландыруға ұсыныс берілгені айтылғанымен, нақты нәтижелерге жету уақыты ұзарып бара жатқанына жұрт наразы.
Аудан аумағындағы көлшік бұрын табиғаттың сыйы саналған. Қазір оның айналасы қоқысқа толып, санитарлық талаптарға сай келмей қалған. Тұрғындар көлдің ресми түрде жекеменшікке өткенін айтып, оның қоғамдық кеңістік ретіндегі құндылығы сақталуы тиіс екенін алға тартады. Табиғи орта мен экологиялық қауіпсіздік қаланың тұрақты дамуы үшін маңызды. Бұл жерді абаттандырып, қауіпсіз, ашық демалыс орнына айналдыру – тұрғындардың орынды талабы.

Сондай-ақ, мөлтек ауданда әлеуметтік маңызы бар дүкендердің болмауы да қиындық тудырып отыр. Қала орталығында орналасса да, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмекті сатып алу үшін тұрғындар алысқа қатынауға мәжбүр. Әлеуметтік осал топтар үшін мұндай жағдай қосымша салмақ салады. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына осы бағытта ұсыныс айтылды. Дегенмен, ол үшін қалалық жер бөлімі мәселені ескеріп, әлеуметтік дүкен салуға арналған жер телімін беру керек екенін алға тартты мекемедегілер.
Бұл аумақтағы тағы бір өзекті мәселе – көшелердің бірдей атаумен тіркелуі. Бүкіл мөлтек аудан «Арай-Шұғыла» атауын иеленгенімен, нақты көше атаулары мен реттік нөмірлер реттелмеген. Бұл – құқықтық тіркеу мен мекенжайлық нақтылықты қажет ететін маңызды мәселе. Оны жүйелі шешу мемлекеттік қызметтердің тиімділігі үшін де қажет.
Аталған мәселелерді талқылау мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Партияның филиал төрағасы Нұрбек Дәуренбековтың бастамасымен өткен бұл жиында тұрғындар ұсыныстарын ашық айтып, нақты шешім жолдары қарастырылды. Көтерілген мәселелердің қатарында жарық тарту, жол салу, балалар алаңын орнату, көше атауларын нақтылау, әлеуметтік дүкендер ашу, көл маңын абаттандыру, қауіпсіздік камераларын орнату және қаңғыбас иттер мәселесі болды.

Партия бұл ұсыныстарды жинақтап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті мекемелерге жолдауда. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы тарапынан бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынатыны, соның ішінде мектепке апаратын төрт көше мен жарық шамдарын орнату бойынша құжаттар дайындалып жатқаны хабарланды.
– Арай арал деп аталып кеткен ауданда биыл маңызды мектепке баратын 4 көшеге жоба әзірленіп, қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Одан басқа жарық шамдарын орнату үшін жоба әзірлейміз. Тұрғындардың ұсыныстары ескерілді. Сол бойынша жұмыс істейміз, – деді мекеме маманы Әділ Тәжібаев.
Арайлықтардың көтеріп отырған мәселелері – тек бір ауданның емес, тұтас қаланың әлеуметтік теңдігін айқындайтын көрсеткіш. Қаланың дамуы орталық көшелермен ғана өлшенбейді. Нағыз сапалы қала әрбір бұрышында жайлы өмір сүретін тұрғындарымен бағаланады. Ал қазіргі таңда «Арай-Шұғыла» мөлтек ауданы қаланың осы бағыттағы жұмысының әлі де өзектілігін еске салып тұр..
Тұрғындардың сабырына селкеу түсірмей, сенімін ақтау – арайшұғылалықтардың басты өтініші. Қарапайым қажеттіліктерге жауап беретін нақты шешімдер ғана осы үннің жаңғырып, болашаққа жол ашатынын көрсетеді. Бүгінгі үн – үнсіздіктің үзілуі емес, әділеттілікті сабырмен күткен халықтың ақ үміті.
Ердәулет Сәрсенұлы,
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!