Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ жастары шетелде қаңғып жүр – Нартай Сәрсенғалиев

27.06.2023, 13:10 385

HALYQLINE.KZ

Парламент мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысы Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жолдады. Депутат елдегі жұммыссыз жастардың статистикасына сенбейтінін,  егер ол өтірік  болмаса жастардың шетел асып нан тауып,  жан бағудың тәсілін іздемес еді дейді.  

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

 Қазақта «Қолыма жұмыс бергенің – жаныма тыныс бергенің» деген сөз бар. Бірақ қазір Қазақстан халқының тынысы тарылып, қыларға қызмет таппай жүр. Себебі жұмыссыздық деген жегі құрт барлық салаға дендеп енді, тәжірибелі маман болсын, енді ғана ЖОО-ын тәмамдаған адам болсын екі қолға бір күрек таппай қиналады.

Дей тұрғанмен біздің елдегі статистика деген құдырет өтіріктен өрнек тоқуды доғармай тұр. Соңғы үш жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді.

Қазір елімізде 6 миллионға жуық жас адам бар. NEET жастардың саны 422 мыңға жетті. Олармен нақтылы жұмыс жасалып жатқан жоқ. Ара-тұра айқайлап айтылатын бір реттік жобалардың нәтижесін білу тіптен қиямет.

2022 жылы Ұлттық қордан «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға грант беруге 69,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 6,9 миллиард теңгесі игерілмеген. Бұл да жұмысты жүйелеуде кеткен қателік.

Еліміздегі жастар жұмыссыздығының мәселесін нақты деректермен көрсетсем. Қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны 80 мың, NEET жастардың саны 422 мың, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың саны 408 мың деп келтіріледі. Аталған үш көрсеткіш арқылы құзырлы орындардың елдегі жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын әдемі жасыруға тырысқанын байқауға болады.

Жоғарыдағы деректерді бір ортаға қоссақ, Қазақстандағы 900 мыңнан астам жас азаматтың жұмыссыз екені анық көрінеді. Тағы бір дерек, Қазақстандық жастардың 40 проценті мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ЖОО түлектерінің 30 проценті бірден жұмыс таба алмайды. Аталған мәселемен күресудің орнына салалық министрлік бір реттік грант, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, жастар практикасы деген науқандық шаралармен ғана жүр.

Жастар елдегі жұмыс күшінің 40 пайызын құрайтынын ескеріп, Үкімет оларды тұрақты жұмыспен қамтып, лайықты жалақы төлегенде қамтамассыз еткенде қазақ жастары Кореяға қара жұмысқа кетпес еді, Еуропаның даласында пияз теріп ақша тауып жүрмес еді, Америкаға барып нан табудың, жан бағудың тәсілін іздемес еді.

Осы ретте ұсыныстар:

 1. Жалған есептен құтылып, нақты жұмыссыз жастардың санын жәнге олардың талап-тілегін білу үшін мобильді топтар құру керек. Олар базарлар мен басқа да жастар көп шоғырланған жерлерді аралауы керек. «АМАНАТ» партиясында сондай жүйе бар, аталған тәжірибені мемлекеттік деңгейде іске асыру қажет.

2. Бір реттік науқандық бағдарламаларды қойып, есепті тұрақты жұмысқа орналасқан жастардың санымен жүргізу керек.

 3. Жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға, уақытылы ақпараттандыруға бағытталған бірыңғай навигациялық сайтты, оның мобильдік қосымшасын және оларға арналған ілеспе телеграмм ботты әзірлеу және іске қосуды қолға алу керек.

4. «АМАНАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 1,5 миллионнан астам жас азамат жұмыспен қамтылады деп көрсетілген. Бұл уәде, сондықтан біздің аталған межеге жетпей қоймайтынымызды құзырлы орындарға ескертеміз. Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н. Сәрсенғалиев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: