Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов кезектілік тәртібімен жазылған тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға жазылған 20 тұрғын аудан әкіміне өтiнiш-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Азаматтардың басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасу мен тұрғын үй кезегі мәселесін қозғады. Мұнан бөлек Әйтеке би кентінің бірқатар көшесін жөндеу, ауызсу, тұрғын үйге газ кіргізу және Әйтеке би кентінің тазалығына қатысты мәселелер көтерген тұрғындар да болды.
Аудан басшысы жұмыссыздық мәселесі бойынша мамандықтарға сәйкес сұраныс болған жағдайда бос жұмыс орындарына кезектілікпен, ал мұғалім мамандығы бойынша арнайы конкурс нәтижесі арқылы жіберілетінін түсіндірді. Кейбір азаматқа қоғамдық жұмыс арқылы да жұмыс істеуге мүмкіндік барын жеткізді.
Қабылдауда аудан әкімі Жанқожа батыр ауылы мен Майдакөл ауылынан жұмыс сұрап келген тұрғындарға «Күміс жас» жобасы аясында және Жанқожа батыр ауылына жүргізіліп жатқан орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстарына орналасуға мүмкіндік барын айтып, ауыл әкімдеріне екі тұрғынды да мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін жұмысқа орналастыруға тиісті көмек көрсетуді тапсырды.
Ал, кент көшелеріне қиыршық тас төсеу, жол жөндеу мәселелері бойынша тиісті сала басшыларына аталған аумақтарға арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта қаржының мүмкіндігіне қарай жол мәселесін шешуге жұмыс жасалатындығын айтты.
Қабылдауда көтерілген басқа мәселелер бойынша да тиісті заңдылықтарға сәйкес жұмыстар жасалатынын айтып, бұл бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!