Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Майдангерге құрмет – қастерлі парыз

28.04.2022, 9:20 408

HALYQLINE.KZ

Кешегі жеңіс – бүгінгі күні үлкен мерекеге айналған. Себебі біз үшін Жеңіс мерекесінің орны ерекше екенін ұғынғанымыз абзал. Бойымызға серпіліс, ойымыз бен тілімізге еркіндік берген бұл жеңіс жолында еліміздің ардақты ардагерлерінің қосқан үлесі елеулі. Майдангерлерді құрметтеу қастерлі парыз болып саналады. Сондықтан Отанымызға тыныштық пен бейбіт күн, жылулық сыйлаған екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне қандай сый-құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Өйткені жанын елі мен жері үшін пида еткен еліміздің құрметті азаматтарының бүгінде көбі өмірден озған. Дәлірек айтсақ, соңғы бір жылдың ішінде елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны 278 адамға азайған. Ерекше құрмет көрмей кеткен ардагерлеріміз қаншама?! Десе де, басшылық артында қалған балалары мен жұбайларын елеусіз қалдырмауда. Келешегімізге жарқын күн сыйлаған батыр жандар бүгінгі ұрпақтың есінде мәңгі сақталатыны хақ. Бұл абзал жандар өмірге қайта келмейді, сондықтан облыстың «Құрметті азаматы» атағын осы жандарға берсек, нұр үстіне нұр болатын еді.

Биыл Жеңіс күніне 77 жыл толады. Осыған орай жыл сайын мерекелік күнді Қызылорда облысы да қал-қадірінше атап өтеді. Облысымыздағы ҰОС-на қатысқан ардагерлеріне үкімет тарапынан арнайы құрмет көрсетіліп, іс-шаралар ұйымдастырылып, сый-сияпаттар беріледі. Еліміздің әр өңірінде соғыс майданында мерт болған сарбаздарға арнап ескерткіштер қойылған. Аталмыш мереке кезінде соғыста қаза тапқан боздақтарға құлпытастар мен гүлшоқтары арнайылап қойылады. Десе де, ол кісілердің жасаған қайсарлықтарына қандай қадір-құрмет болса да лайықты емес пе?

Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, аймағымызда бүгінгі таңда 7 ҰОС қатысушысы мен мүгедегі және тылда қажырлы еңбек еткен 2908 ардагеріміз бар. Атаулы күн қарсаңында өңіріміздегі қазыналы қарттарымызға (ҰОС ардагеріне) облыстық бюджеттен 1 млн теңгеден біржолғы материалдық көмек, жергілікті бюджеттен 122 520 теңгеден біржолғы әлеуметтік төлем, ал тыл ардагерлеріне 122 520 теңгеден әлеуметтік көмек көрсетіледі. Осыдан 5 жыл бұрын облыста 30 Ұлы Отан соғысы ардагері болса, алдыңғы жылы 11 ҰОС ардагері қалған. Бүгінгі күні ардақтылар санының тым азайғаны адамды қынжылтады. Атап айтсақ, Қызылорда қаласында болашақ ұрпақ үшін деп қан майданда жауға қарсы тұрған Любовь Колесник, Әбдрахман Байтиков, Төлеген Жүнісов тұрса, Қазалы ауданында Смағұл Қабақ пен Тілеуберген Тубабергенов, Шиеліде Сәрсенбек Байжанов және ардагерлердің ең үлкені, сырдариялық 101 жастағы Яхия Тасыров қарияларымыз қалған.

Қаламызда ардагерлер кеңесі жергілікті билікпен ынтымақтаса жұмыс істейді. Олар Жеңістің 77 жылдық мерейтойына арнайы іс-шаралар жоспарлауда.

Сөзіміздің соңында, алдымызда жүрген ардагерлерімізді ардақтап, мейлінше мерейін көтерейік. Барынша жағдайларын жасап, денсаулықтарын түзейік. Еліміздің құрметтісіне айналдырып, үнемі ел назарынан тыс қалдырмау керек. Онсызда қариялар азайып бара жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: