Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Дипломмен ауылға»: нені білу керек?

17.06.2021, 10:00 3835

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қау­лысы және ҚР Ұлттық экономи­ка министрлігінің 2014 жылғы 6 қа­ра­шадағы №72 бұйрығы негізінде жүзе­ге  асырылуда.

Бағдарламаның негізгі мақсаты және міндеті ауылдың қалыпты тіршілігін және ауылды аумақтың әлеуетінің өсуін қамтамасыз ету, сонымен бірге, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік саланың сапалы қызметін көрсету, ауыл аумақтарын тұрақты дамыту, ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген сала мамандарын ынталандыру болып табылады.

Осы орайда, әлеуметтік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша жиі қойылатын төменде көрсетілген сұрақ-жауаптарды ұсы­намыз.

1. Маман туыстарынан тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитті  пайдалана  ала  ма?

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отба­сы туралы» Заңның 1-бабының 13) тармақшасында айқындалған жақын туыстарынан (жұбайынан (зайыбынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандардан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан) тұрғын үй-жай сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға тыйым салынған.

2. Тұрғын үйдің сатылым бағасы ұсынылатын бюджеттік кредит көлемінен асып кеткен жағдайда не істеу  керек?

Сатып алынатын тұрғын үйдің құны берілетін бюджеттік кредит мөлшерінен асқан кезде қоса қаржыландыруға жазбаша келісім жасалады (сатып алу-шартында көрсетіледі).

3. Бюджеттік  кредит алу үшін несие тарихы  әсер  етеді  ме?

Қағидаға сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ, сондай-ақ соң­ғы 2 (екі) жыл ішінде 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ мамандарға ұсынылады.

4. Көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредитті алу үшін жас ерекшелігіне қарай шектеу бар  ма?

Маманның еңбек демалы­сына шыққанға (зейнеткерлік) дейін көтер­ме жәрдемақы бойынша толық 3 жыл шекті жұмыс мерзімі бойынша келісім міндеттемелерін орындау мерзімдері ескеріледі, сондай-ақ бюджеттік кредит бойынша 15  жылға  дейінгі  мерзім  ескеріледі.

5. Маман  міндетті түрде қаладан  келуі  керек пе?

Міндетті емес.

6. Егер әлеуметтік қолдау шара­ларын алған маман ауылдан 3 жыл­дан ерте кетуді шешсе, ол нені төлеу­ге  міндетті?

Өндірістік жағдайларға байланысты немесе әкімшіліктің (әкім­діктің) бастамасы бойынша үш жыл мерзім өткенге дейін басқа ауылдық елді мекендерге (немесе бір ауылдық елді мекен шегінде) жұмысқа ауыстырылған кезде алынған әлеуметтік қолдау шараларына маманның  құқығы  сақталады.

Егер маман өз бастамасы бо­йынша, әкімдіктің келісімінсіз, белгіленген мерзімнен аз жұмыс істесе, онда ол ұсынылған әлеуметтік қолдау шараларын толық көлемде қайтаруға тиіс.

7. Өтінімді қарау мерзімі қандай?

Қағидаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері әкімшіге құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап – 6 жұмыс күнін құрайды.

8. Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін құжаттарды қайда тап­сыру  керек?

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны электронды немесе қағаз түрінде, яғни маман «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ХҚКО) арқылы құжаттарды  тапсыра  алады.

9. Бюджеттік кредит және көтерме  жәрдемақы  көлемі  қандай?

Бюджеттік кредит теңгемен 1500 АЕК көлемінде он бес жылға дейін­гі мерзiмге 0,01% мөлшерiндегі жылдық сыйақы мөлшерлемесі бойынша  тұрғын  үй  сатып алуы немесе салуы үшiн кредиттiк шарттар жасасу  арқылы  беріледі.

Көтерме жәрдемақы 100 АЕК көлемінде  беріледі.

10. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша әлеуметтік қолдау шараларын алған маман қандай міндеттемелер  қабылдайды?

Қағидаға сәйкес алушы әлеуметтік қолдау шараларын алған кезде ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге өзіне міндеттеме алады.

11. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші­лердің әлеуметтік қолдау шараларын алуға  мүмкіндігі  бар  ма?

2020 жылғы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде әлеуметтік қолдау шаралары жөніндегі мамандар тізбесі кеңейтілді (басшылық лауа­зымдарды атқаратын адамдарды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері).

Заңды іске асыру үшін 2020 жылғы 30 қыркүйекте «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агро­өнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық экономика ми­нистрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығы қабылданды.

Көрсетілген қағидаға сәйкес 2020 жылғы 17 қазаннан (алғашқы ресми жарияланған күнінен  кейін күнтізбелік   он  күн  өткен  соң)  кейін жұмысқа орналасқан ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері  аппараттарының  мемлекеттік қызметшілері әлеуметтік қолдау  шараларын  алуға  құқылы.

«Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының тармағына сәйкес нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.

Жадыра  ЕСМАҒАМБЕТОВА,

Қызылорда  қалалық  ауыл  шаруашылығы  бөлімінің 

бас  маманы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: