Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапарымен Қарақұм ауылдық округіне барды.
Кезекті іссапарда аудандық мәслихаттың төрағасы Базарбай Төрахметов, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаев және коммуналдық сала басшылары болды.
Аудан басшысы алдымен Абай ауылындағы су айдау насосты станциясында болып, әлеуметтік нысанның қазіргі жай-күйін зерделеді. Аудан басшысы нысан басында құрылыс жұмыстарын жүргізген «Сапа құрылысы 2007» ЖШС өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда насос станциясының құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Ауылішілік ауыз су желісі бірнеше мәрте химиялық тазалаудан өткізіліп, үйді-үйге арнайы ауыз су шүмектері арқылы су жеткізіле бастаған.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мұнан соң халықпен жүздесіп, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға тоқталып, өңірімізде облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың басшылығымен бүгінгі таңда қолға алынып жатқан жобалар туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ аудан көлемінде халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен әр саладағы жетістіктерді атап өтті.
Ауылдағы өзекті мәселелер де аудан әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Кейбір түйткілдердің кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын айтып, тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің барлығы заңдылыққа сай қаралып, оларды шешу бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Ауыл тұрғындары тарапынан ауылға тартылып жатқан ауыз су мен уақыт өткен сайын сапасы төмендеп бара жатқан тас жол мәселесі басты назарға алынды. Тұрғындар ауыр салмақты жүк көліктерінің жүруіне шектеу қою мәселесін көтерді.
Аудан әкімі ел көтерген мәселенің қайсыбірі болсын орынды екенін айтып, оларды шешу бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы жұмыс сапары барысында Ерімбетжаға елді мекеніне де барды.
Ауыл тұрғындарымен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы міндеттер туралы айтып, елге ортақ мәселелерден хабардар екенін жеткізді.
Кездесуде тұрғындар аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді. Ауылға қатынайтын автомобиль жолын жөндеу, жедел жәрдем көлігін қарастыру және дәрігер маман тапшылығы мәселелері тұрғындар тарапынан көтерілді.
Аудан басшысы елге ортақ мәселенің қайсыбірі болсын назардан тыс қалмайтынын айтып, тұрғындар тілегі ескерілетінін жеткізді.
Ауыл тұрғындарымен болған кездесуде аудан прокуроры Дарын Елтайұлы мал ұрлығының алдын алу және интернет-алаяқтықтан сақтану мәселелері жайында кеңінен түсіндіріп, тұрғындарды алаяқтардың құрған тұзағына түсіп қалмауға шақырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!