Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамзаттың азаматы

09.03.2023, 10:40 508

Адамның шыр етіп дүние есігін ашқан күні мен бақилық болған күннің арасын бес күн өмір дейміз. Сол бес күн жалғанда қалай өмір сүреміз? Тағдырымызға жазылған талқанымыз таусылғанда қандай адам болғанымызды жаназа үстінде молда жамағаттан сұрағанда, «жақсы адам болды» дейтініміз рас. Жасындай жарқ еткен жақсыларымыздың жолы қаншалықты насихатталып жүр? Мақсатым – ұлтты ұлықтар ұрпақтың бойына тарих бетінде өшпестей із салған тұлға Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің ғұмырынан ғибрат  беру.

Сыр елінің әрбір адамы еңбектеген бала­дан, еңкейген қартқа дейін Әуелбековтің есімін әулиедей атайды, аса ардақ тұтады. Менің қайынатам Нұрымбетов Ерболат Айт­байұлы Кеңес заманында Амангелді ауылының бас мал дәрігері болып, Әуелбековпен бірге қыз­мет жасаған кезін жиі еске алып, даналығын да, даралығын да айтып, жақсының атын жаңғыртып немересінің есімін «Еркін» қойған болатын. Әуелбековтің шәкірті болған атамыз да ұстазына  ұқсап жетпіске толмай келместің  кемесіне  кете  барды…

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, кейіпкеріміздің шыққан тегі мен өскен ортасы да осал емес. Еліне елеулі еңбек еткен азаматтардың бірі, Қазақстанның үш ірі облысын басқарған, халқымыздың біртуар перзенті Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің қазақ ауылында туып, «Шұқыркөл» қазақ мектебін алтын медальмен бітіріп, Тимирязев атындағы Мәскеу Мемлекеттік ауыл шаруашылық академиясын үздік бітіруі ерекше дарындылығын дәлелдейді.

Өсу жолына назар аударсақ, еңбек жолын машина-трактор станциясының бас агрономы қызметімен бастап, 25 жасында МТС дирек­торы болса, 1991-92 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін атқарған. 43 жасында  «Еңбек Ері»  атанады.

Еркін Әуелбеков өзі туралы «Мен артыма ешқандай дүние-мүлік, байлық қалдырған жоқпын, ұятыма, кісілігіме, адамгершілігіме қылдай дақ түсірген жоқпын. Халқыма барынша  адал және таза қызмет еттім. Менің ұрпағыма қалдырған ең қымбат қазынам да, мұрам  да – сол!»  дейді.

Ерекеңнің жары Күлше «Бірінші басшының ары, жаны  таза  болмаса құрығаны, оны ел сыйламайды.  Ісі ешқашан оңбайды. Егер біреу-міреуден Әуелбековтің әйелі бір затты алыпты немесе  бір  шаруаға араласыпты деген­ді  естісем  қиын  болады, сол күні ажырасамын!»  деді»  деп  жазады  естелігінде.

Естеліктерді ескерсек, Қазақстан Респуб­ликасының мемлекет және қоғам қайраткері С.Шаухаманов: «Еңбек – әлемнің әміршісі болса, онда Еркін Әуелбековті еңбектің әміршісі дегім келеді. Өмірін жанкешті, жанқиярлық, өлермендік еңбекке, бейнетке арнаған азамат. Бұл дүниеге тек жұмыс үшін, пайдалы еңбек ету үшін келгендей. Әділеттілік үшін айтуым керек, Күннің жарығын бүркемелеу қандай қиын болса, Еркін Әуелбековтің азаматтығын, іскерлігін, қайраткерлігін, қажыр­лылығын, өнегелі өмірін, өшпес ізін, өлмес ісін, тарихи тағдырлы сөздерін ешкім жоққа шығара  алмайды»  деген  екен.

Әуелбеков агрономмен агрономша, меха­никпен механикше, финансиспен финансист болып сөйлесетін. Қызметте қандай адам болған десек, жұмысты жан-тәнімен беріліп жасайтын  өте  еңбекшіл  адам  болған.

Бірде Қызылорда қаласының тұрғынының жер үйі газ баллонынан қас  қағым сәтте өртеніп, күлге айналады. Сөйтіп, қыстың күні қырауда далада қалған отбасына ертесіне «Батыс» мөлтек ауданынан пәтердің ордерін беріп, баспаналы қылған болатын. Бұл Ерекеңнің мәрттігі болса, ал өзі КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланғанда, Мәскеуден берілген пәтерді алмай, «өз елімде ұлтан болайын» деп, Ресейге бармай, Алматыға аялдап, сегіз ай пәтер ала алмай жүргені де рас болатын. Адамның пейілі тарылған, ниеті байлықтың құлына айналған, мың құбылған заманда Ерекеңнің тұлғасы таудай боп биіктері  ақиқат.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұстазы, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбайдан пікір алып, бейнебаянға түсірген болатынмын. Сол бейнебаян мазмұнында Еркін Нұржанұлының Сыр еліне жасаған  қызметін  былайша  баяндады.

«Е.Әуелбеков 1985 жылы 22 қаңтарда Қызыл­орда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сыр еліне мынандай басты еңбек сіңірді. Мәскеу Кремлінде КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Қызылорда  облысына байланыс­ты  бес  маңызды  құжат  қабылданды.

Біріншісі, 1988 жылы 29 тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің Н.Рыжковтың 1733 өкімінде «Арал теңізі аймағындағы экология­лық және санитарлық жағдайды түбегейлі жақсарту шаралары» қаулысын қабылдауына себепкер болды. Қаулыда Арал теңізін сақтап қалу шараларын қолға алу және экология­лық апат аумағы болуына орай, Қызылорда облысы­ның тұрғындары үшін жалақы бойын­ша III топтан II топқа көшіріліп, «15»% үстеме экологиялық коэффиценттің қосылуы халықтың қамы үшін аянбай тер төккен Е.Әуел­бековтің еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Ыдырыс Қалиев, Қамал Шөкенов, Әбдіржан Қалыбаев сынды әріптестерінің де еңбегі зор еді. Бұл үстеме қазіргі  кезде 30% және 50%  пайызға  көтерілді.

Екінші, Арал өңіріндегі мұнай мен газ кенін анықтау  бойынша барлау жұмыстарының кеңінен жасалуы, Жезқазған облысының мұнайлы жерін Құмкөл кенішін Қазақ ССР Министрлер кабинетінің қаулысын шығартып, Қызылорда облысына жиырма жылға жалға алып бергендігі, Құмкөл кенішінің Қызылорда облысының аумағында қалуы Е.Әуелбековтің бастамасымен орындалған ауқымды жұмыс болатын. Осы мұнайдың арқасында тоқсаныншы жылдары Қызылорда облысының  солтүстік бөлігі Ақтөбеге, оңтүстік бөлігі Шымкентке  бөлінбей, қара  шаңырағымыз қақ  жарылмай  аман  қалды.

Үшінші, Байқоңыр космодромы басшыларының жауапсыздығын жасырмай, 1986 жылдың көктемінде әскери бөлімшенің кінәсінен Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының суының космодром қалдықтарынан улануын Мәскеуде тура айтқанының өзі сол заманда ерлікпен пара-пар болатын. Еркін Нұржан­ұлының талабымен Мәскеуден Главкосмос басшысы, екінші космонавт генерал-лейтенант  Герман Титов бастаған делегация Қызыл­ордаға келген еді. Нәтижесінде Е.Әуелбековтің айтқан сынын Байқоңыр космодромы басшылары  мойындап, Ақай, Төретам  ауылының  біраз  мәселесі  оң  шешімін  тапты.

Төртінші, Мәскеуде Е.Әуелбековтің Денсаулық сақтау министрі Е.Чазовты Арал аума­ғындағы экологиялық зардап аймағын бірде-бір рет көрмегені үшін сынға алуының нәтижесінде Аралға елу жыл аяқ баспаған Мәскеу делегациясы медицина академигі Евге­ний Иванич Чазовпен 1989 жылы 7 тамыз­да  Аралға  келіп, санитарлық самолетті сыйға  тартып, облыстың денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық базасын нығайтуға қыру­ар қаржы бөлді. КСРО халық депутаттары Е.Әуелбековтің, Т.Махановтың, С.Шаухамановтың, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Омаровтың белсенді жұмысы­ның нәтижесінде 620 орындық облыс­тық медициналық орталық пен диагностика ғимараты салынды. Бұндай ғимараттар КСРО-да санаулы болатын. Сонымен қатар, Е.Әуелбековтің басшылығымен 1985 жылы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда драма театры ғимараты салынды. Бұрынғы аэропорт қала сыртына көшірілу себебінен қазіргі уақытта Тасбөгет мекені қалаға қосылды. Қызылорда қаласының «Батыс» мөлтек ауданы салынып, мыңдаған  тұрғын  баспаналы  болды.

Бесінші, Е.Әуелбековтің ауыл шаруа­шылығына қатысты еңбектері де зор. Әсіресе, асыл тұқымды малдарды бордақылауға көп көңіл бөлді. Осы мақсатта Белорусия, Латвия­дан 10 мың бас асыл тұқымды сиыр әкелініп, 25 бордақылау пункті салынды. Облыс бойынша күріш егістігінің көлемі 100 мың гектарға жетіп, әр гектардан 50,5 центнер өнім алынып, қоймаға 470 мың тонна астық құйылды. Облыс­та 1680 мың қой-ешкі, 235 мың ірі қара, 75 мың жылқы, 26 мың түйе болды. 778 мың құс жылына 33 миллион жұмыртқа беретін. Облыс тарихында мұндай көрсеткіштер еш­қашан болған емес» деп Дастан Яхьяұлы сұхбатын  аяқтады.

«Сыр бойы» газетінде 2020 жылдың 18 мау­сымында жарияланған Cәдуақас Аңсаттың «Әуелбеков феномені» мақаласында: «Қызылордаға басшы болып келген күні қала базары мен дүкендерін өз көзімен көріп, қала халқына қажетті азық-түлік заттарының адам басына шаққандағы мөлшері, ненің сырттан, нені өзіміз өндіретінімізді туралы мәлімет алып, көрсеткіштердің басқа қалалармен салыстырғанда төмен екеніне қала басшыларының көзін жеткізді. Осы саланы жандандару жолын көрсетті. Мақалада Әуелбековтің кез келген шаруаны бүге-шүгесіне дейін зерттеп, бастаған шаруасын аяғына дейін тындыратыны жазылған.

Е.Әуелбеков туралы халық аузында айтылатын естеліктің бірі мынадай. Ерекең қай жерге, қашан барып не тексеретінін ешкімге айтпайды екен. «Бір ауданға Әуелбеков келеді» деген сыбыс жетіп, директоры мен орынбасарлары жаңа костюм шалбар, туфлимен Әуелбеков «Волгамен» келер деп трассаға қарап, күтіп тұрады. Сөйтсе, Әуелбеков бензовоз көлігінен түсіп, резина етікпен бүкіл күріштікті аралап, барлап келген екен. Аудан басшыларымен қайта барып мұнтаздай киімдерімен күріштікті кештіріп, «мына жерді былай жасаңдар» деп жұмыстың  көзін  көрсетіп  кетеді  екен.

Е.Әуелбеков Сыр елі туралы: «Қызылорданың халқы кішіпейіл, кешірімшіл, сөйте тұра жаманшылыққа жол бермейтін, ел серкесі басшыларын да жақсы сыйлайтын. Солтүстік пен оңтүстік арасында көп айырмашылық бар. Нағыз қазақтың ортасы – осында. Қазақ тіліне тереңдеп, қазақы салт-дәстүрді үйрендім. Қазақтың негізі – осы жер, сондықтан осы халыққа бас иемін, мың сан алғысымды айтамын. Қызылорда халқының Сырдариядай дарқан пейілі, адамды сыйлай білетін кең құшағы мені таңғалдырып, тәнті етті. Мен сияқ­ты бірбеткей адамның өзін ділін, дінін үйретіп, қайтадан хас қазақ етіп жіберді» дегені бар.

Халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған қазақ елінің өсуіне елеулі үлесін қосқан ардақты азамат Еркін Әуелбеков өз уақытысында Қазақстан Республикасының президенті болса, Америка мен Арабияны артта қалдырар ма едік деген ойда қалдым. Адамзаттың басты құндылығы – адалдық пен еңбекқорлық, осы қасиеттерді бойына сіңірген Е.Әуелбековті бір қазақ халқының азаматы ғана емес, барша «Адамзаттың азаматы» деп санауға болады.

Анар  ҚАРАЖАНОВА,

№217 Б.Шалғынбаев  атындағы

IT-мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі

Фото: Болат Омарәлиев

Пікірлер:
  • Мақаланы әдемі сөз саптаумен, халыққа түсінікті қылып жазыпсыз. Рахмет, осындай халыққа жанашыр жандар лайым көп болсын!

  • Өте керемет ,тың ақпаратқа толы мақала болыпты.Осындай дана адамдардың жүріп отқан жолы мен еңбегі ,ұрпаққа осылай қарапайым тілде насихатталып отырса,нұр үстіне нұр болар еді.Қаламыңыз ұштала берсін🥰

Анар үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: