Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЖЕҢІЛДІГІНЕН ЖЕҢІЛДІК…» немесе 4% ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН АВТОНЕСИЕ АЛУДЫҢ ӨЗГЕРІСТЕРІ

26.05.2022, 11:00 508

Көптен бері елімізде 4 пайыз жеңілдікпен несиеге көлік беру бағдарламасы басталған болатын. Өйткені автонесиені қаржыландыу үшін Қазақстанның даму банкі екінші деңгейлі банктерге 100 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, биыл бағдарламаға сәйкес, жеңілдікке жазылу 16 мамырда басталды. Бұл бастама көлігі жоқтардың қатарын азайтып, жастар мен 63 жасқа дейінгілердің мүмкіндігін арттырады. Дегенмен, соңғы ережелерге сәйкес егер банктерде қарызыңыз, сонымен қатар несие төлеу тарихыңызда «дақ» болса, көлік алу мүмкіндігінен айырыласыз. Өзіңіз қалаған бағада, яғни 10 млн теңгеден асатын көлікті алғыңыз келсе, банк қалған ақшасын алдын ала төлетіп, тек 10 000 000 теңгені ғана несиеге рәсімдей алады. Бұл да – өзгерген ереженің бір түрі. Қазіргі уақытта банктердің алды толған өтінім иелері. Ұзын-сонар кезектің санына саусақ жеткіліксіз, себебі жеңілдікке асыққандар саны күннен-күнге өсуде. Бірақ қоғам пікірі екіге бөлінген. Бірі бұл бастаманы  зор мүмкіндік санап, көлік кезегіне тұрса, қоғам белсенділері мен екінші тарап жеңілдікке же­лікпеуге шақырады. Олардың ай­туынша, бұл – үлкен саяси салық жоспары. Өтімсіз көліктердің саны артқандықтан, мемлекетке салық төлеуші ірі компаниялардың салық мөлшерлемесі азайғандықтан екі жаққа қолайлы бағдарлама жасап, халықтың өз рұқсатымен қалтасын «қағып алу» екен. Бұл кездің өзінде KIA, LADA, RENOULT, UAZ, CHEVROLET, HUYNDAI, JAC брендіндегі көлік маркаларына рұқ­сат етіледі. Шамамен 25 түрлі көлік түрі  қарастырылған.

Егер жеңілдікті пайдалануды пайымдасаңыз, мына қадамдарды білуіңіз қажет:

  • тұтынушы автосалонға барып, отандық өндіріс  автокөлігін  таңдауы  керек;
  • автосалонның өкілдері қарыз алушыға қолданылу  мерзімі  5  банктік күннен аспайтын VIN-кодты  міндетті  түрде  көрсете отырып, төлемге  шот  береді;
  • тұтынушы банкке VIN-кодты көрсете отырып, төлем шотымен жүгінуі қажет;
  • банк өтінімді қабылдаған сәттен бастап тұтынушы электрондық кезекке тұрады;
  • банк тұтынушының төлем қабілетін және кредиттік тарихын қарап, оң шешім қабылданған жағдайда банк кредит беруге мақұлдау­ды және қолданылу мерзімі 5 банктік күннен аспайтын  кепілдік  хатты  береді;
  • кепілдік  хатын  алғаннан  кейін  тұтынушы автокөлікті  рәсімдеу  үшін  автосалонға жүгінуі  тиіс;
  • егер тұтынушы кепілдік хатты алған сәттен бастап 10 банктік күннен кешіктірмейтін мерзімде банктік қарыз шартын рәсімдемесе, ол кезектен автоматты түрде шығарылады.
  • Өтінім бергеннен кейін тұтынушы таңдалған автомобильдің маркасын және моделін өзгерте алмайды немесе кезекте тұрған орынды басқа жеке тұлғаға қайта тіркей алмайды.
  • Бас тартқан жағдайда қарыз алушы электрондық кезектен шығады және оның орны­на жаңа  қатысушылар  қосылады. Бағдарламаға  бір  тұтынушы  екі  жылда бір  рет қатыса  алады.

«Еуразиялық банк» АҚ, «Банк Центр­Кредит» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, Forte Bank АҚ. Бұл – сіздің автонесие алу үшін автосалоннан кейін баратын нүктелеріңіз. Дәлірек  айтқанда  «шешім  шығарушы  жер».

Несиеге  көлік  беру  осы шарттар арқылы жүзеге  асады.

  • сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 пайыз;
  • кредит  беру  сомасы – 10 миллион теңгеден  аспайды;
  • қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан аспайды;
  • бастапқы жарна – 0 пайыздан бастап;
  • көлік  құралының  құны – 15 миллион  теңге­ден  аспайды.

Соңғы уақытта бұл ережелерге өзгеріс енгізіп, халықтың наразылығын тудырды. Бірі  байыппен қараса, енді бірі ережеге сәйкес келмейтіндердің қатарынан табылуда. Басты талап – «бай  болсаң  болды».

16 мамырда басталған жеңілдетілген авто­несие мүмкіндігін пайдаланып, көлікке «талас­қандардың» саны едәуір көп. Қызылорданың өзінде бұл сан күннен-күнге артып келеді. Осы жөнінде қаладағы белгілі Hyundai Center Kyzylorda көлік  салоны Сату бөлімінің басшысы Берік Толыбаевтың  пікірін  білдік.

– Автонесиеге байланысты өзгертілген ережелері бойынша, 21 жастан зейнет жасына дейінгі азаматтар мен азаматшалар келіп, бағдар алу мүмкіндігіне ие. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша Hyundai брендімен  Accent, Creta, Elantra, Sonata, Tucson маркалы көліктер берілмек. Бұл – бұрыннан бері жүзеге асып келе жатқан жеңілдіктердің бірі. Бағдарламаның  кәдімгі  20-25%-дық көрсеткіште кредитке көлік алудан айырмашылығы – едәуір есе қаражат үнемдеуінде, – дейді ол.

Көпшілікті қызықтырған цифрдың соңына үңіліп көрелік. Барған сайын салық көбейіп, төлем сомаңыз артып кетсе, сіз әлі де ережелерді толық білмегеніңіз. Өйткені көлікпен қатар КАСКО сақтандыруын рәсімдеу қажет. Оны да несие арқылы іске асыруға тура келеді. Қазіргі ережеге сәйкес КАСКО сақтандыруының жылдық жалпы сомасы 150 000 мен 200 000 теңге аралығында болады. Осылайша ойыңыз­ға келмеген соманы 7 жыл уақыт ішінде банк үлесіне құйғаныңызды  білмей де қалуыңыз әбден  мүмкін. Бағдарламаның  ұтымды тұстары жайлы  маман  мәліметіне  көңіл  бөліңіз.

– Банктен ешқандай алдын ала төлемсіз ай сайын 138 000 теңгеге жуық төлем жасауға болады. Ол үшін алушының айлық табыс мөлшері кемінде 200 000 теңге шамасында, кредиттік тарихы (болған жағдайда) таза, басында ешқандай несие болмауы керек. Болған жағдайда алдымен сол несиенің құнын өтеп, жаңа кредиттік парақ  аша  алады. Ал  табыс деңгейі 400 000  теңгеден асатын тұлғалар үшін кредиттік проблема туындамайтын болса, көлік алу мүмкіндігі жоғары. Егер сатып алушының өтінімі банк тарапынан да, көлік беруші бюродан да мақұлданатын болса, 5 күн мен 1 ай ішінде оған өзі қалаған көлік түрі жеткізілетін болады.  Бағдарлама бойынша Hyundai компаниясынан бүгінге дейін 4 көлік нақты мақұлданып, жіберуге дайындалып жатыр. 30-ға жуық заңды тұлғаның өтініші банк тарапынан мақұлданып, ендігі кезекте көлік бюросынан рұқсат күтіп отыр, – дейді Б.Серікұлы.

Айлығы шайлығынан артылмайтын халық үшін банкке ай сайын «жүз мыңдап»  төлеу қиынға соқпақ.  Демек,  темір тұлпар алу қара­пайым халық үшін ауыр болары сөзсіз. Бұл  көлікті болғысы келетіндердің қалтасы қалың болуы қажет екенін аңғартады. Тіптен тұрақты жұмысы жоқтар мен аз табыс иелері «жаяудың шаңы шықпастың» кебін кимекші. Хош. Тақырыптың өзектілігіне мән берсек, «мұндай жеңілдікті пайдалану қажет пе әлде кредитсіз күнімізді жалғастырған дұрыс па?» деген сұрақ туындайды. Осы және өзге де сауалдар аясында  маман  кеңесіне жүгіндік.

– Пайыздың  төмендігі қызықтырарлық  жағдай. Себебі қазірдің  өзінде  ұлттық  банк 4% базалық пайызды қойған. Демек, нарықтағы ең төменгі пайыз сондай болу керек деген сөз. Екінші деңгейлі банктер тек сол пайыздың үстінде ғана несие бере алады. Негізінен ондай деңгейде несие рәсімдеу қазіргі уақытта өте ыңғайлы екенін атап өту қажет. Дей тұрғанмен, банктердің ұсынған келісімшарттары сақталуы керек. Осыдан 4-5 жыл бұрын дәл осындай бағдарлама жүйеге асқан кезде мынадай бір пункттер болды: егер  елдегі  инфляция  деңгейі 10 пайыздан асса, банк сіздің қарызыңызды қайта қаржыландыратын немесе келісімшартқа байланысты қарызыңыздың негізгі пайыздары өзгеруі мүмкін деген. Қазірдің өзінде инфляция 13,2%  болып тұр. Ондай пункттер болса, келісімшартта пайыздар өсіп кетуі ықтимал. Одан кейін тағы бір мән беретін жағдай комиссияларға кеп тіреледі. Мұндай жайттар соңғы уақыттарда көп болған. «Банк тарапы несиеге қызмет көрсеткені үшін» деп комиссия ұстап отырған. Оның мөлшері ай сайын 15-20 мың теңге көлемінде. Демек осындай комиссия болса, оның 4% болып тұруы екіталай, – деді экономист-сарапшы Мақсат Халық.

Тек жұрттан естігенге сеніп, үйдегі құжаттарын, қалтасындағы қаржысын «құшақтап», банкке кезекке тұрғандар машина мінуге дайын­далып жүр. Соның өзінде көлікті болуы­ңыз, маман айтпақшы, екіталай. Жоғарыда айтқан «жеңілдікке желікпеуге шақыратындардың» ұстанымы пайдаға әкеледі ме дейсің кейде. Себебі, «Дәл осындай нарықтық бағадан төмен беріп жатқан несиелердің дұрыс емес екенін айтқым келеді. Өйткені шаруалар болсын, жеке кәсіпкерлер болсын, несиені пайдалану үшін үкімет осындай қадамдарға бара­ды. Бұл жерде банк тарапы ештеңе жоғалт­пайды, кез келген цифрда жеңілдікке несие берсе де, мемлекет бюджет есебінен төлейді, яғни халықтан жиналған салықтың қорынан төлейтін болады. Несие беруді бұлай емес, тіке­лей әлеуметтік осал топтарға өмір сүру сапа­сын жақсартуға, жұмылдыруға болатын еді деп есептеймін. Бұл – менің жеке пози­циям. Оператор РОП жұмысының негізгі актив­тері бұғатталғандықтан солардың ішінен 100 млрд теңгені ажыратып, жеңілдетілген несие есебінен береді. Десе де, ол да мемлекет қаржысына басқа да мәселелерді шешуге түсетін қара­жат еді. Бұл жоба автосалондарға  дефицит туғызып  жатыр», – деп пікір  білдірді экономист-сарапшы.

Ал ел не дейді? Автосалоннан соңғы өзге­ріс­тер  жайлы  білуге  барар жолда көлік салонынан шыққан адамдардан 4 пайыздық жеңілдік жайлы сұрағанымызда, «Түсіндірмешінің талабын естіп, кері қайттық, айлық табысымыз  аз  екен. Қысқасы, жеңілдігінен жеңілдік», – деп  өзгерістерге  өкпесін  білдірді.

Соңғы ережелер жайлы көп айтылды, тіпті, бұл мәліметтер интернетті шулатып тұр.  Бірақ ол жалпыға бірдей ме? «Ережелерге енді сай келдім бе?» деген қоғам үшін бұл жаңа­шылдықтар  зиян  әкелуде. Тізімге тізілсе де, көлік алудан  үміті  үзілгендер  көбейіп  жатыр. Мұның тағы бір себебін таптық. Көлікке кезек көп, бірақ көлік жоқ. Жыл сайын «пәлен» авто­көлік құрастырып шығаратындардың бүгінде «түгені» де көрінбейді.  Айы­на сан мыңдап темір тұлпар құрастырушылардың мәлімдеген мәліметтері қате ме, әлде «сылтауларына сызат» түскен бе? Әйтеуір «ит үреді, керуен көшеді» дегенді парыз етіп алған барлығы. Көлік аламыз деп, әлекке қалғандар әлеужеліде субъективті  пікірлерін жазып, 4%-ды жұртшылықтың талқысына салуда. «Халық игілігі үшін» деп басталған бағдарламалардың көбі мемлекет мүддесіне шешіліп жүр. Десек те, бұл бастаманың соңы әділдікпен  аяқталарына  сенеміз!

Айтпақшы, алғашқы өтінім берушілер темір тұлпардың иесі де  атанып жатыр. Барлық талап­тарға сай келетіндердің негізгі қуанышы – жаңа көлік болып тұр. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, алымның салығы санада болуы керек!

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: