Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы «түйенің етін жеген» нысан

23.03.2022, 9:00 699

Қызылорда  облысының  әкімі  Гүлшара  Әбдіқалықованың,

Қазалы  ауданының  әкімі  Мұхтар  Оразбаевтың  назарына

HALYQLINE.KZ «Әйтеке би кентінің түбегейлі жоспарлау жобасына сәйкес мектеп, аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, сот, жаңадан салынып жатқан мәдениет үйі ғимараттары бір аумақ, бір көшенің бойында орналастырылған. Бұлай жасау халықққа да ыңғайлы» дегенді кезінде бір ағамыздан естіген едім.

Дұрыс-ақ. Онсызда тіршілік қамымен қарбаласып жүрген қарапайым бұқара әрі-бері сандалып, уақытын жоғалтпайтынына не жетсін?!

Бірақ… Осы мекемелердің арасындағы жаңадан салынып жатқан 600 орындық мәдениет үйінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ақиқатына жүгінсек, «жаңадан салынып жатқан» деген сөзді айтуға да өзіңді біртүрлі, ыңғайсыздау сезінеді екенсің.

Қазақта «түйенің етін жеген» деген сөз бар. Түп-төркіні неден шыққаны, қандай жағдайда айтылатыны көзі қарақтыларға жақсы мәлім. Бұл жолы осы теңеу кент орталығынан бой көтеріп жатқан, жоғарыда біз айтқан 600 орындық мәдениет үйінің ахуалына тығыз қабысып тұрғандай. Неге дейсіз бе?! Жарайды, түсіндіріп өтейін.

Қолдағы деректе: «Құрылыс-монтаж жұмыстары 2018 жылы шілде айында басталды. Құрылысын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 2019 жылға – 465,800 млн теңге, 2020 жылғы – 360,420 млн теңге, 2021 жылға 98,0 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қалған жұмыстары – шетелден алынатын болғандықтан сахна жабдықтарын және дизель электр стансасын орнату жұмыстары. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйінің құрылысы. 2021 жылдан өтпелі. 2022 жылға құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 41,311 млн теңге қаржы бөлінді» деп тайға таңба басқандай анық жазылыпты.

Құрылыс басталғалы 4 жылға таяу уақыт болыпты. Аз мерзім емес. Әсірелеп жеткізсек, сол кезде дүние есігін жаңа ашқан шақалақ қазір балабақшаға барып жүр деген сөз. Құзыреттілер тарапынан «құрылысты сапалы әрі мерзімінде тапсыру» туралы әңгіме қозғалған да шығар. Алайда айтылу мен істің орындалуы екі бөлек дүние екендігі тағы рас. Осы аралықта ауданда талай игі шаралар атқарылып, ауқымды жобалар жүзеге асты. Мұхтар Оразбаевтың Қазалы ауданының әкімі болып келгеніне де 1 жылға қадам басты.

Жоғарыда айтылған «мәдениет үйінің құрылысын 2022 жыл аяқтауға облыстық бюджеттен 41,311 млн теңге қаржы бөлінді» деген лебіз дәтке қуат. Тек тағы да ащы ішектей созылып кетпесе болғаны да. Бәрі уақыттың еншісінде.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: