Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайсы такси қосымшасы тиімді?

14.07.2022, 12:20 290

Жаяу жүргінші көп. Соған сай тасымалдау қызметі де жоқ емес. Бар ғой, бірақ бағасы көңіл көншітпейді. Бұл – бұқараның пікірі. Қоғамдық көліктің жыры аз болғандай «қоғамдық  такси»  қызметі  жолаушылардың наразылығын тудыруда. Негізгі мәселе бұл емес. Бастысы қандай такси қызметін пайдаланғаныңыз дұрыс, соны бағамдап, баяндап  көрейік.

«Қоғамдық такси» дегенімізді түсінбей отырған боларсыз, ол ұғым мынадан пайда болды. Қаңтар оқиғасы болмай тұрып, мұндай термин ойымызға келмеген. Десе де жаппай шеру біраз шығын алып келді. Халық жұмыссыз, үйде отырды. Кейін жағдай тұрақталған уақыттан бастап, барлығы бірден баяғы тіршілікке еніп кетуді мақсат тұтып, саудагерлер қымбатшылыққа қайта көшті. Бұл кезде халық жұмысқа енді кіріскен кез болған соң, қаржы тапшылығында жүріп, үнемдеуге кірісті. Такси жүргізушілері де бір емес, бағыттас жолаушыларды қатар қабылдап, бірін кеш, бірін ерте жеткізіп, әлгі қоғамдық көліктің кебін киді. Жұртшылықтың жаңа мәселесі осыдан бас­талды  десек  қате  емес.

Әлеуметтік желіде оқырмандарымның арасында «Қандай қосымша арқылы көлік қыз­метіне жиі жүгінесіз?» деген сұрақ аясында сауал­нама жүргіздім.  500-ге жуық адам қатысты. Дәл қазір әр өңірде үздік үштікте келе жатқан такси қызметін ұсынушы бағдарламалар қатарында «InDriver» мен «ЯндексTaxi»  қосымшалары бар. Жауап берушілер осы екеуі­нің бірін және өз аймағында пайдаланылатын өзге қосымшаларды айтты. Нәтижесіне келсек, 70%-ға жуығы «ЯндексTaxi» қосымшасын пайда­ланатынын айтты. Қалған 25%-ы «InDriver»-ды сенімді жол серігіне айналдырыпты. Бес пайыздық үлесті жаяу жүретіндер, қоғамдық көлік пайдаланушылары, өзге такси қосымшасын жақын тартатындар алып тұр. Цифрға тіл бітірсек, «Яндекс таксидің» қыз­меті қуантарлық секілді. Телефон арқылы біз де осы қызметке ие болуды жөн көрдік. 6 ша­қырым жолға 600 теңге сұрап тұр. Бір шақырым­ды жүз теңге деп бағамдауға болады, бірақ кешкі уақытта бұл баға аспандап кететінін қайте­сің?! Шақырған көлігімізге міндік. Жүргізуші біз ойлағандай  «жарқырап»  қарсы  алмады. «Комфорт» деп мінген темір тұлпардың сал­қындатқышы да істемейді екен. Бастысы ол емес, межелеген  жерге  мәселесіз  жеткізсе  болды деген оймен отыра кеттік. Жүргізушіні сөзге тартып едік, «сөзге аса жоқпын» деп қысқа қайыр­ды. Десе де әңгіме барысында осы бағдарлама арқылы жақсы табыс  табатынын  жеткізді.

– Бұрыннан бері жолаушылар тасымалдап келемін. Жүргізушілік негізгі кәсібіме айналған.  Бұған дейін Индрайвер қызметін пайдаланып, қызмет көрсеттім. Бірақ маған ең қолайлысы осы болды. Десе де бұл бағдарламаны пайдаланушыларда еркіндік жоқ. Шаршаған уақытта шығып, демалайын десең, қосымша аккаунтты құлыптап тастайтын жағдай жиі кездеседі. Сол үшін бірыңғай осында отырып, үздіксіз жүргізушілікте болуды талап етеді. Табысым да жаман  емес, – деді  Дархан  есімді  жүргізуші.

Енді «InDriver» қосымшасына қызмет етуші жүргізушілердің жайын бақылайық деп, такси іздеуге көштік. Мұның бір жақсысы – бағаны өзің қоясың. Жүргізуші де өз бағасын ұсынуына мүмкіндік бар. Егер сіз көрсеткен сома көңілінен шықса, ары кетсе бес минут ғана күттіріп, діттеген жеріңізге жеткізеді. Бұл жолы  әңгімешіл  адамға жолықтық. Отыра сала қай қосымша арқылы табыс тапқан тиімдірек екенін  білуге  тырысып, іске  кірістік.

– Негізінен нәпақа табуда адал жолды ұстану керек. Бұл жағында Яндекс такси қызметі арқылы табыс табуды онша құптамаймын. Өйткені тапқан табыстың пәленбай пайызын өз қызметі үшін ұстап қалады. Сондықтан мен үшін Индрайвер қосымшасын пайдаланған ыңғайлы, – деп пікірін ашық жеткізді Айдын есімді  көлік  жүргізушісі.

Көпті толғандырған табыс деңгейін де сұрап көрдік. Күніне 7-12 мың теңге аралығында пұл тауып, отбасын асырап жүрген жандардың бірі екен. Күніне осылай десек, айына 300-350 мың теңгенің көлемін құрайды екен. Біздің өңірде күн  көруге  жетерлік  қаражат.

Ал бұқара не дейді? Жоғарыда айтқаны­мыздай, «Яндекс такси» қызметін пайдалану­шылар көш бастап тұр. Әйткенмен оның қызметінен  көңілі  қалғандар  да  жоқ  емес.

– Күнделікті жұмыстан қайтар кезде арасы 4 аялдама болатын үйіме қайту үшін Яндекс такси қызметі 550 теңге сұрайды. Ал мен Индрай­вер қосымшасы арқылы 300 теңге ғана құртуға  мүмкіндік  аламын, – дейді Іңкәр есімді қала  тұрғыны.

Әлеужеліден бір айда 700 мыңға жуық теңге тапқан «Яндекс такси» жүргізушісінің айтуын­ша, бұл қосымша Ресейге тиесілі екен. Және қызметі үшін ұсталатын ақы да сол елдің қоржынын қалыңдатуда. Қазақстандық мамандар осындай бағдарлама әзірлесе, үстеме пайыздар өзімізде қалатын көрінеді. «Жай ғана такси қосымшасы арқылы айына миллиондаған қаражатты өзге мемлекетке өзіміз құйып беріп жатқанымызды  ойласам, қынжыламын» деген  еді  ол.

Осыған сәйкес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат  Мусин:

– Бүгінде такси қызметін ұсынатын отандық өнім жасау тиімсіз. Қазір Қазақстанда «Яндекс» сияқты жоба жасау ұтымсыз. Естеріңізде болса, біраз уақыт бұрын Didi такси қызметі іске қосылды. Алайда біздің нарықта қалған жоқ, Қытай қанша қаржы құйса да «Яндекс­пен» бәсекелес бола алмады. Мұндай жобаға миллиардтаған доллар қажет, бұл – венчурлік инвесторлар айналысатын іс, – деген мәлімдеме жасады.

Мәлімдеменің  мәніне  үңілсек, Қазақ­станда  «Яндекс»  секілді  ірі  қосымша арқы­лы такси қызметін жасау оңай жұмыс емес. Әліптің  артын  бағып  көрейік. Бәлкім  шеші­мі  табылар.

Соңғы уақытта көлікке жалғыз отырған  қыз­дар қауымына жүргізушілер тұрпайы сөздермен харассмент жағдайын туғызып жүргені де қоғамда ашық айтылуда. Зорлық-зомбылыққа дейін барған жайттар да кездесті. Бірақ оларға тиісті шара қолданылып, соңы темір тормен аяқталған жағдайлар жетерлік. Сондықтан кешкі уақытта кейбір жүргізуші­лердің жұмысына  күмәнмен  қарап  тұрасың.

Қоғам  пікірі  қашанда бір  сағадан бастау алмасы анық. Жеке ойы, жеке ұсынысы бар біршамасының. Қоғамдық көліктің жағдайы көңіл  көншітсе, одан  артығы  жоқ.  Бірақ  бұл – әзірге «арман». Сондықтан сапарда сенімді жүру  үшін «ЯндексTaxi» қосымшасы көпшілікке ыңғайлы екен. Бірақ аялдамаңыз жақын жерде болуы керек. Ал межелеген мекеніңіз бірнеше шақырымды  құраса «InDriver»-ден артығы  жоқ. Ескеретін  бір  ғана  маңызды     дүние  бар. Ол – жүргізуші қызметіне баға беруде тек шынайылық  таныту.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: