Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Каспий жағалауынан 200-ге жуық итбалықтың өлексесі табылды

18.04.2026, 12:30 52

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында қатты ыдырап кеткен 191 итбалықтың өлексесі анықталды. Бұл туралы Балық шаруашылығы комитеті хабарлады.

Мамандардың айтуынша, теңіз жануарларының өлексесін жағалауға 15–16 сәуір күндері тіркелген күшті батыс бағытындағы дауылды жел шығарып тастаған болуы мүмкін.

Оқиға орнына каспий итбалығын зерттеумен айналысатын Гидробиология және экология институтының мамандары барып, өлекселерді ашу және ішінара сынама алу жұмыстарын жүргізген. Ал Маңғыстау облыстық экология департаментінің қызметкерлері су мен топырақтан сынама алған.

Алайда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринариялық қызметі өлекселердің қатты ыдырап кетуіне байланысты ықтимал инфекциялық ауруларды анықтауға қажет патологиялық материалдардан сынама ала алмаған.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, ғалымдардың көпжылдық зерттеулеріне сүйенсек, итбалықтардың қырылуына иммунитеттің әлсіреуі мен ағзаның жалпы төзімділігінің төмендеуі себеп болуы ықтимал. Бұл жануарлардың түрлі инфекциялық ауруларға бейім болуына әсер етеді.

Қазіргі таңда өлекселер жиналып, тиісті тәртіппен жойылған. Каспий теңізі жағалауын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салсақ, 17 сәуір күні таңертең Каспий жағалауынан 97 итбалықтың өлексесі табылғаны хабарланған еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: