Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АРАЛ БОЙЫ ХАЛҚЫНЫҢ МҮШКІЛ ХАЛІ ТУРАЛЫ АШЫҚ ХАТ

17.05.2021, 12:10 704

Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.К.Тоқаевқа!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ғалам үш іргелі негізден тұрады – жер, су, ауа. Бұлар – барша тіршіліктің кепілі. Осы құндылықтардан біз, бірінші кезекте, жеріміз шекарасын бекемдеп, мемлекетіміз аумағын бекітіп алдық. Бұған ризашылық сезімі бүгін әр қазақстандықтың жүрегінде.

Өмірдің екінші шарты – су. Қазақстан су, оның ішінде, тұщы су қорларынан кенде емес. Әйтсе де, арналы суларымыздың біразы бізге сырт жерлерден келеді. Ауқымды өлкеміздің тыныс-тіршілігі сол суларға байланған. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында осы, еларалық су мәселелері түбегейлі шешімін таппай келеді. Соның ішінде, оңтүстігіміздің өмір арнасы – Сырдария өзенінің жағдайы аса күрделі.

1. Осы күні Сырдария өзені трансшекаралық сулар қатарынан ең қиын халде тұр. Табиғаттың құрғақшылық кезеңі бар, жоғарғы жақтарда жаңа су қоймалары салынуы бар, суды көп тұтынатын егіс көлемінің жылда ұлғаюы бар – бәрі қосылып, Сырдарияның төменгі алабын мүшкіл халге келтірді. Бұл өзен ежелден төрт ел және Арал теңізінің ортақ игілігі еді. Алайда Орталық Азия елдерінің ішінде су тақсіретін тартып отырған – бір ғана Қазақстан.

2. Қазақстан әлем климатына әсері бар Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қайта көтеруді қолға алды. «Кіші Арал» айдыны – жасанды су қоймасы емес, әлем алаңдатқан Арал теңізінің елеулі акваториясы. Қазақстандық бұл алып жобада планетарлық маңыз бар.

Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл жұмыс – «Ғасыр жобасы» аталды. Көп еңбек, қаржы салынған осы игілікті бастама дария суына аса тәуелді.

3. Жоғарыдағы жайттар ортақ өзеннің суын әділетті бөлуді және заңдастыруды талап етеді. Сырдарияда кешегі КСРО тәжірибесінен қалған су бөлісу дәстүрі бар еді. Ол дәстүр осы күні сақталмайтын болды. Проблемалар сонан туындауда. Ол тәжірибе бойынша, Сырдарияның 34 млрд текше шақырым шамасы жылдық ағынының, ең кем дегенде, 12 млрд т.ш-мы Қазақстанға тиесілі болатын. Жаңа тарих талабында, Сырдариядағы еліміздің үлесті суын анықтап, бекітіп, заңдастырып алатын уақыт жетті деп ойлаймыз.

4. Заңды су көлемі табиғат ырғағына қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Яғни, әр жылдың ылғалдылығына орай, бізге тиесілі су көлемі пропорциясы болуы ықтимал. Мұны бастауынан – сағасына дейін дария суына үйлесімді мониторинг жүргізетін тиісті қызметтер ойдағыдай атқара алады деп сенеміз.

5. «Сырдария-Арал» табиғи кешені – әлемдік маңызы бар экологиялық дәліз. Бұл дәстүрді «Іле-Балқаш экоренессансы» үлгісінде жандандыру қажет. Сырдария өзенін оңалту мен Солтүстік Аралды көтерудің осындай да гуманитарлық мәні бар.

6. Үлесті суымыздан Қызылорда облысына тиесілі лимит – егіс алқаптарына және «Кіші Аралға» қажет су ескеріліп, заңдастырылуы керек. 840 мың халқы бар Сыр өңірінің тек қана Сырдария суына қарап отырған аграрлық аймақ екені үнемі назарда болмағы абзал.

7. Су мәселесін шешу жолында қолға алына бастаған төменгі Сырдағы ауыл шаруашылығын әртараптандыру, суды көп тұтынатын күріштікті шектеу және осы игі бастаманы мақталы Оңтүстік өлкелерде де жалғастыру ісін қолдауыңызды сұраймыз. Бұл кешегі тарихтан қалған ескі аграрлық көзқарас пен экстенсивті тәжірибеден арылуға қол жеткіздіретін прогрессивті жол болар еді. Аймаққа жаңа үрдістер, озық технологиялар, экологиялық мәдениет қажет.

8. Трансшекаралық өзендердегі үлесті суымыз – аманат-игілік. Көршілердің ол аманатқа түсіністікпен қарағанын қалар едік. Көрші елдердің өмірлік мүдделері – электр желілері, құбырлар, автокөлік, пойыз, ұшақ дәліздері біздің жерлерден өтіп жатыр. Біздің ол аманаттарға қиянатымыз жоқ, қызметіміз дайын және мүлтіксіз. Осындай өмірлік коммуникациялар үлгісінде, аманат суға көршілер де оң көзбен қараса дейміз. Жақсы көршілік өзара тиімді ынтымақтастықтан тұратынын көршілер ұмытпаса.

9. Елдерге ортақ сулар – стратегиялық факторға айналды. Әлемде бар үлгімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының әділ бөлуші, қадағалаушы миссиясын Сырдария бойына келтіру қажет деп санаймыз. Бұл бір шетін амал-әрекет емес, әлемдік өркениет жолы. «Есепті дос айырылыспас» деген халқымыз даналығы осыған саяды.

10. Әлемдік әділ су бөлісу тәжірибе-принципімен Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің 50 процент ағынын Қазақстанда игеру қажеттігі еліміз үшін өткір өмір талабына көтеріліп келе жатыр.

11. Жоғарыдағы мәселелер кешенін Сіздің құзыретіңізге жеткізе отырып, Қазақстан сияқты іргелі елге Су шаруашылығы министрлігі немесе Су басқару Агенттігі қажет деп білеміз.

Тарихи дәстүрлі су қорларын әділетті бөлуді халықаралық заңды негізде шешу – еліміз алдында тұрған үлкен міндет. Трансшекаралық суларға тағдыры қатысты өлке тұрғындары, Парламент депутаттары бұл жайтты ұсынып, айтып келе жатыр.Елімізге стратегиялық су қауіпсіздігі қажет. Қазақстанның су саясаты Республика Президентінің тікелей қадағалауына алынса деген халық тілегі бар.

Жоғарыдағы ел тілегі биік қолдауда жүзеге асады деп сенеміз.

Құрметпен, Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы, эколог, қоғам қайраткері,

«Парасат» орденінің иегері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: