Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлы ұстаз баланы шабыттандырады

09.12.2021, 15:30 728

Мамандық. Бұл тақырыпқа келетін болсақ, адам өмірінің бүкіл ғұмыры дерлік осы тақырыппен байланысты екенін аңғару қиын емес. Десек те ұстаз болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақылдығы» деп Ғафу Қайырбеков атамыз айтқандай, ұстаз – білім, ғылым негізін өмір бойы шәкірттеріне дәріптеуші, жеткізуші болса, екінші жағынан алып қарағанда үнемі шәкіртімен байланысып, ізденімпаздық танытқан әр баланың арманы мен болашағына басшылық етуді, нақтырақ айтқанда дұрыс жол сілтеуші, үлкен мамандық иесі. Менің осы салаға келуімнің өзі жас күнімнен мұғалім болуды армандап, еліктеуімнің арқасы шығар. Өз мамандығыммен мақтанамын. Мектепке келіп, шәкірттерімді көргенде ізденген үстіне іздене бергің, жоғарыға өрлей бергің келеді, одан бетер қанаттана түсемін!

«Жас шыбықты қалай исең, солай майысатыны» сияқты баланың жас кезінен бастап, тәрбиелеуіміз қажет. Осыған орай тілге тиек ете кететін жайт, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, басшылық етуімен республика бойынша «Балапан» телеарнасы жұмыс істеп жатыр. «Балапан» телеарнасы арқылы әрбір үйдің бүлдіршіндері, тәрбиелік мәні бар бағдарламаларды тамашалап, әсіресе, қазақ тілінің тазалығына үлес қосып жатқандай. Бүлдіршіндеріміз біршама сөздің таза қазақшасын осы телеарна арқылы үйреніп, қолданып та жүр. Әрине, оған қуаныштымыз. Елбасы қолдаған «Балапан» телеарнасы өткен жылғы оқу жылында мемлекетіміз бойынша қаншама балаға « онлайн» яғни, қашықтан білім беру мақсатында тікелей сабақтар өткізіп, білім нәрімен сусындатып отырды. Оған барша қазақастандықтар куә.

Бүгінгі таңда мұғалім мәртебесіне келер болсақ, авторитарлық (өктем) болуы. Мұғалім оқушыға қатал болады. Мұғалім өктемдік көрсету арқылы талап қоя алады. Мұғалім әрқашанда – жоғары дәрежеде болса, оқушы – төмен сатылы болып саналады. Педагог үшін артық мақсат – мүдде болмайды, тек өзіне берілген уақыт ішінде тиісті дәрісін өткізеді, шәкірттерін адамгершілікке, ізгілікке, тәрбиелілікке баулиды. Сонымен қатар мұғалім – баланың кеміс не ақылының жетіспеуін жоюға тырысады, жер бетінде тыныштық пен бейбіт өмірдің орнауын қамтамасыз етіп, өмірде кездесетін қоайсыз не қолайлы жағдайларда өзін дұрыс ұстауға бағыт-бағдар береді, үйретеді. Егер педагог өзін талапқа сай, дұрыс ұстаса, өз ісіне берілген жан болса, онда біздің болашағымыз жарқын және көзі ашық, көкірегі ояу, білімді ұл-қызға ие болмақ.

Ықылым заманнан бері мұғалімнің атқаратын рөлі қай халықта болмасын ұлық болған. Педагог міндеттері басқарушылар мен ата-аналардың міндеттерімен қатар құрметтелген. Ұстаздар қай кезде де қоғамда үлкен сұранысқа ие, өйткені, қоғамдық орындарда болсын, әлеуметтік ортаны қалыптастыру сол мамандық иелерінің қолынан келетін іс. Сол мамандық иелері, яғни ұстаз – жүзжылдықтан жүзжылдыққа болашақ ұрпақты жан-жақты даярлайды. Осындай ізгі мәртебені әрбір ұстаз көкірегіне құйып, ұлт шамшырағы аталатын – Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, әрбір істі бастар алдында «бір Аллаға сыйынып» деп бастап, шәкіртінің жұмысына «дұрыс», «бұрыс» деп баға беретін кемеңгер, маман иелерінің еңбектері зор. Зор еңбекті бағалауға Білім және ғылым министрі де өз мүмкіндігін пайдаланып, жеңілдіктер мен қатар ұстаз мәртебесінің қайта жандануына өз үлесін қосып жатыр. Тоқырау замандарда айтатыны жоқ, ұстаз мәртебесі өте төмен деңгейде болды. Халықтың көзқарасы да біршама өзгерді. Ал, қазіргі уақытта, мәртебеміздің көтерілуі де үлкен серпін бергендей, қанаттандыра түседі.

Уильям Артур Уорт айтқандай, «Тек тұлға ғана тұлғаны тәрбиелей алады, орташа мұғалім баяндап береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, көрнекті мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», – дей келе, мақтан тұтар мамандығым жайлы жазбамды аяқтаймын.

Назира ЖАКИПОВА,

№85 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

Төретам кенті

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: