Қай кезеңде болмасын, мемлекеттің даму деңгейі оның табиғи байлығымен қатар, адами капиталының сапасымен өлшенеді. Ал адами капиталдың негізі білім екені әмбеге аян. Сондықтан білім беру саласы қоғамның назарынан ешқашан тыс қалған емес. Соңғы жылдары бұл бағытта түрлі реформа жүзеге асырылып, жаңа бағдарламалар енгізіліп, заманауи технологиялар білім беру үдерісіне кеңінен тартылуда. Алайда, осы өзгерістердің бәрі күткен нәтижеге жеткізіп отыр ма? Ең бастысы, біз білім сапасын қандай өлшемдер арқылы бағалап жүрміз?
Бүгінде білім сапасы туралы сөз болғанда көпшілік ең алдымен тест нәтижелерін, олимпиада жүлделерін, грант иегерлерінің санын немесе түрлі рейтингті алға тартады. Расында, мұндай көрсеткіштер белгілі бір деңгейде білім беру ұйымының жетістігін танытады. Бірақ сапалы білім ұғымын осы көрсеткіштермен ғана шектеуге бола ма? Егер оқушы жоғары балл жинағанымен, алған білімін өмірде қолдана алмаса, өз ойын еркін жеткізе алмаса немесе қоғамдағы өзгерістерге бейімделе алмаса, онда бұл білімнің сапасы туралы қандай қорытынды жасауға болады?
Қазіргі күні әлемдік білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріс үстінде. Ақпараттың көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Кез келген деректі бірнеше секунд ішінде табуға мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда білімнің құндылығы ақпаратты сараптап, талдап, тиімді пайдалана білуде жатыр. Сондықтан бүгінгі мектептің алдында тұрған басты міндет – оқушыны ақпарат қорымен қаруландырмен қатар, оны ойлайтын, шешім қабылдайтын, жауапершілік жүгін сезінетін тұлға ретінде қалыптастыру.
САНҒА ЕМЕС, САПАҒА…
«Сапалы білім» ұғымы әр кезеңде әртүрлі түсіндіріліп келді. Бұрын білімді адамның өлшемі оның есте сақтау қабілетімен, теориялық білімімен бағаланса, қазіргі қоғам мүлде басқа талаптар қояды. Бүгінде еңбек нарығында белгілі бір ақпаратты жатқа білетін маманнан гөрі, мәселені шеше алатын, жаңа жағдайға тез бейімделетін, шығармашылық тұрғыдан ойлайтын азаматтарға сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, сапалы білімнің бірінші көрсеткіші – функционалдық сауаттылық. Яғни, адамның мектепте немесе жоғары оқу орнында алған білімін күнделікті өмірде пайдалана білуі. Мәселен, математикалық формулаларды жаттау жеткіліксіз. Оларды қаржылық жоспарлауда, тұрмыстық мәселелерді шешуде немесе кәсіби қызметте қолдана алу маңызды. Өкініштісі сол, кей жағдайда оқушылар жоғары баға алғанымен, қарапайым өмірлік мәселелерді шешуде қиындықтарға тап болып жатады. Бұл білімнің мазмұны мен оны игеру тәсілдері арасындағы алшақтықтың бар екенін аңғартады.
Қоғамда қалыптасқан түсінік бойынша жақсы баға алған оқушы – білімді оқушы. Десе де, бұл ұғым әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейтіні анық. Баға белгілі бір кезеңдегі нәтижені ғана көрсетеді. Ал білім адамның ойлау жүйесінде, дүниетанымында және әрекетінде көрініс табады.
Соңғы жылдары оқушылар арасында жоғары нәтиже көрсетуге деген ұмтылыс күшейді. Бұл – заңды құбылыс. Өйткені жоғары оқу орнына түсу, грант иелену немесе түрлі білім сайыстарына қатысу белгілі бір көрсеткіштерге байланысты. Бірақ кейде білім алудың өзі емес, жоғары балл жинау басты мақсатқа жағдайлар кездеседі.
Мұндай жағдайда оқушының танымдық қызығушылығы төмендеп, оқу үдерісі жарыс сипатында қабылданады. Соның салдарынан білім терең игерілмей, қысқа мерзімді нәтижеге бағытталады. Сондықтан білім беру жүйесі оқушыны тек емтиханға дайындайтын орта емес, тиісінше, өмірге дайындайтын орта болуы тиіс деп бағалуымыз қажет.
СЫНИ ОЙЛАУ – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШІ
Ақпараттық технологиялар дамыған заманда кез келген мәліметті санаулы секунд ішінде табуға болады. Алайда, ақпараттың көп болуы оның бәрі шынайы дегенді білдірмейді. Бүгінде жалған ақпарат, манипуляция және түрлі идеологиялық ықпалдар қоғам өмірінің бір бөлігіне айналды.
Осындай жағдайда оқушыны ақпаратты қабылдауға, оны талдауға үйрету маңызды. Сыни ойлау қабілеті қалыптасқан адам кез келген мәліметке күмәнмен қарап, оның дереккөзін тексереді, бірнеше көзқарасты салыстырады және өзіндік қорытынды жасай алады. Сыни ойлау сондай-ақ, азаматтық ұстаным қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады. Өз ойын дәлелдей алатын, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын, жауапты шешім қабылдайтын тұлға қоғамның дамуына үлес қоса алады.
Жаза кеткен жөн, білім сапасы туралы сөз қозғағанда тәрбиені назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі, білім мен тәрбие – бір-бірнен ажырамайтын ұғымдар. Ғылым мен технология қаншалықты дамығанымен, адамгершлік құндылықтар әлсіресе, қоғамның ілгерілеуі де қиын.Бүгінде білім сапасын бағалау мәселесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Сарапшылар мен педагогтер жоғары баға мен жақсы нәтиженің әрдайым сапалы білімнің көрсеткіші бола бермейтінін айтады. Бұл ретте жас педагогтердің де көзқарасы маңызды. Осы орайда біз жас маман Айсұлу Қожахметованың пікірін білген едік.
– Жас маман ретінде байқайтыным, қазіргі оқушылардың ақпаратқа қолжетімділігі өте жоғары. Бірақ ақпараттың көп болуы оны дұрыс пайдалана біледі дегенді білдірмейді. Сондықтан сабақ барысында балаларды дайын мәліметті қабылдауға емес, ізденуге, талдауға және қорытынды жасауға үйрету маңызды. Бұл олардың сыни ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Меніңше, сапалы білімнің басты өлшемі – оқушының алған білімін тәжірибеде қолдана алуы, өзіне сенімді болуы және қоғамға пайдалы азамат ретінде қалыптасуы. Егер мектеп түлегі өмірде кездесетін мәселелерді шеше алатын, жауапкершілігі жоғары, білімін үнемі жетілдіруге ұмтылатын тұлға болып шықса, онда білім беру жүйесінің өз мақсатына жеткені деп есептеймін, — дейді А.Серікбек.
САПАЛЫ БІЛІМНІҢ БАСТЫ ӨЛШЕМІ ЖОҒАРЫ БАЛЛ немесе ҮЗДІК АТТЕСТАТ ЕМЕС
Қорыта айтқанда, сапалы білім ұғымын тек жоғары баға, тест қорытындысы немесе түрлі рейтингтік көрсеткіштермен шектеу бүгінгі қоғамның талабына толық жауап бере алмайды. Өйткені, білімнің шынайы құндылығы адамның қанша ақпарат меңгергенімен емес, сол білімді өмірде қалай қолдана алатынымен, өзгермелі ортаға қаншалықты бейімделе білетінімен және қоғамға қандай пайда келтіретінімен өлшенеді.
Қазіргі уақытта әлем бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Жаңа технолоргиялар, цифрлық мүмкіндіктер мен жасанды интеллект адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай жағдайда мектептің де, мұғалімнің де алдында жаңа міндеттер пайда болды. Ендігі жерде оқушыны тек белгілі бір көлемдегі ақпаратпен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Ең бастысы – оны дербес ойлайтын, өз көзқарасын қалыптастыра алатын, ақпаратты саралап, саналы шешім қабылдайтын тұлға ретінде тәрбиелеу.
Сол себептен, сапалы білім туралы сөз қозғағанда академиялық жетістіктермен қатар, функционалдық сауаттылыққа, сыни ойлауға, азаматтық жауапкершілікке және адамгершілік құндылықтарға да баса назар аударған жөн. Өйткені, қоғамның ертеңгі келбеті бүгінгі мектеп қабырғасында қалыптасады. Бүгін сапалы білім алған оқушы ертең елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын білікті маманға, саналы азаматқа айналады. Бұл ретте ұстаздың рөлі айрықша. Қандай бағдарлама қабылданып, қандай технология енгізілсе де, білім беру үдерісінің өзегінде мұғалім тұрады. Оқушының бойындағы қабілетті байқап, оны дұрыс бағытқа жетелейтін де, білімге деген қызығушылығын оятатын да – ұстаз. Сондықтан білім сапасын арттыру мәселесі ең алдымен мұғалім мәртебесін көтерумен, оның кәсіби дамуына қолдау көрсетумен және оқу-тәрбие үдерісінің мазмұнын жетілдірумен қатар жүруі тиіс.
Білім – мемлекеттің стратегиялық капиталы. Ал оның сапасы болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігі мен елдің даму әлеуетін айқындайды. Демек, сапалы білімнің басты өлшемі – жоғары балл немесе үздік аттестат емес, алған білімін өмірде тиімді пайдалана алатын, заман талабына бейім, рухани кемел, жауапкершілігі жоғары әрі ел болашағына бейжай қарамайтын тұлға қалыптастыру. Нағыз білімнің нәтижесі де, қоғам үшін құндылығы да дәл осындай азаматтардың қатарын көбейтумен өлшенбек.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!