Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды. Ол бұл қызметті 2025 жылғы 29 қыркүйектен бері атқарып келеді.
Жұлдыз Сүлейменова 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Кейін осы университеттің философия және саясаттану факультетінде магистратура мен PhD докторантурада білім алған. Мамандығы бойынша тарихшы-ұстаз, философия және саясаттану магистрі, мәдениеттану бойынша PhD докторы.
Еңбек жолының алғашқы кезеңінде жоғары білім беру саласында қызмет етті. 2011 жылы Халықаралық бизнес академиясының студенттермен жұмыс жөніндегі деканы, 2011–2012 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бас ғалым хатшысы болды.
2012 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында еңбек етіп, Білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 2017–2019 жылдары Зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры, ал 2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры болды.
2021–2025 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеді. Сондай-ақ «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары болды. 2022 жылдан Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, 2023 жылдан «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының тең төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға араласты.
2025 жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамына енді. Сол жылдың 29 қыркүйегінде алғаш рет Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған.
Енді Жұлдыз Сүлейменова жаңа Үкімет құрамында да мектепке дейінгі және орта білім, педагогтерді қолдау, балалардың құқықтарын қорғау және білім сапасын арттыру бағыттарына жетекшілік ететін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!