Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделген жаңа модельге көшіріліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы аясында білім беру мазмұнын жаңарту, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту, цифрлық интеграцияны дамыту және нормативтік базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа модельдің басты мақсаты – жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп меңгерту және кәсіпорындарды қажетті білікті мамандармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты колледждер енді тек диплом беретін білім беру ұйымы ретінде емес, экономиканың кадрлық қажеттілігін өтейтін негізгі буын ретінде қарастырылмақ.
Қазір еліміздегі 480 колледжде жұмысшы біліктіліктері бойынша мамандар даярланып жатыр. Бұл бағытта жалпы 131 мың студент білім алады. Оның 103 мыңы немесе 79 пайызы колледжге 9-сыныптан кейін түскен.
Биыл жұмысшы мамандықтарына қабылдау көлемі де артқан. Бұл бағытта оқуға түскендер саны 57,8 мың студентке көбейді. Мұндай өзгеріс еңбек нарығында техникалық және жұмысшы кәсіптерге деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткішінде де оң динамика бар. Атап айтқанда, тігінші мамандығын тәмамдағандардың 79 пайызы, аспаз мамандығы түлектерінің 77 пайызы жұмыспен қамтылған.
Үкімет ТжКБ жүйесін жаңғырту арқылы білім беру мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтуді көздеп отыр. Негізгі міндет – кәсіпорындарға қажет маманды алдын ала айқындап, соған сәйкес кадр даярлау. Бұл өз кезегінде түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына және еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!