Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сапалы білім, саналы тәрбие – уақыт талабы

08.02.2024, 9:30 179

HALYQLINE.KZ

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандағы білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжіліс өтті, деп хабарлайды Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында ағарту саласының күрделі әрі ауқымды мәселелері қаралды. Білім ошақтарын қауіпсіз ортаға айналдыру, оқушыларға өнегелі тәрбие беру, тағы басқа өзекті әрі күрделі мәселелер жан-жақты талқыланды.

Кеңейтілген алқа мәжілісіне мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауыл әкімдері, қоғамдық кеңестің, ардагерлер мен әйелдер кеңесінің, мектептердегі ата-аналар комитетінің төрағалары және білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар қатысты.

Маңыздылығы мол жиынды аудан басшысы ашып, бүгінгі білім беру жүйесінің өзектілігіне тоқталды.

«Қоғамға түйсікті тұлға, мемлекетке жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу білім беру жүйесінің аса маңызды міндеті екендігін естен шығаруға болмайды. Сондықтан да, кез келген елде, қай заманда болмасын, мектеп – қоғам тұрақтылығы мен мемлекет мүддесін қорғау жүйесінің алтын тұғыры болған. Білім беру жүйесінің басы-қасында жүрген әріптестер осыны терең түсініп, тиісті қорытынды жасауға міндетті», – деді.

Мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова білім сапасын арттыру, тәлімді тәрбие беру жұмыстарының барысы мен ұстаздардың жаңашылдық бағытындағы инновациялық жұмыстары туралы баяндама жасады.

Мұнан соң, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрбек Шегебаев балалар мен жасөсіпірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, сондай-ақ олардың өмірі мен денсаулығына қарсы жасалатын зорлық-зомбылық бағытындағы қылмыстардың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу бойынша атқарылған іс-шараларды тізбектеп өтті.

Балалар қауіпсіздігі, олардың құқықтарын қорғау және аудандағы білім беру ұйымдарындағы тексеру нәтижесі туралы аудандық прокуратураның прокуроры Руслан Нұрлыбаев баяндама жасады.

Мектеп директорларының басқарудағы жаңашылдықтары, ұстаздарының әлеуметтік потенциалдарын көтеру мәселелері жөнінде Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектептің директоры Күлайша Сүлейменова пікір білдірді.

Оқушылар үйінің қосымша білім беру педагогы әрі қамқоршылық кеңестің белді мүшесі Төребек Дәрмағанбетов бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, бос уақытын тиімді пайдаланудағы ұтымды тетіктер туралы өз ойын ортаға салды.

Аудан басшысы өз сөзінде «Өмір өзеніне қадам басқан әлемдегі әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазына қарыздар, оны мәңгілік есінде сақтайды. Әркім өз жауапкершілігін жоғары сезініп, бала тәрбиесіндегі өз міндеттерін бұлжытпай орындағанда ғана ұлт үшін ұтымды іс атқаратын боламыз. «Тәрбиесіз үйретілген білім – ақымақтың қолына қанжар ұстатқанмен бірдей» деген нақыл бар. Ендеше, ұстаз – тек білім беруші ғана емес, тәлім-тәрбие үйретуші де. Бала тәрбиесінде «Бала – ұстаз – ата-ана» үштігі әрдайым біркелкі, ұдайы байланыста жұмыс істеуі қажет. Осыны терең түсінгенде ғана біз тиісті мұратымызға жете аламыз», – деп жиынға қатысушыларды елдік істе бірлесе еңбек етуге шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: