Қызылорда қаласындағы «ORDA» жоғары колледжінде «Халықаралық тәжірибе – колледж кеңістігінде» атты ауқымды халықаралық семинар өткізілді. Шараның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және халықаралық әріптестікті дамыту.
Семинар ҚР Президентінің «Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялау туралы» Жарлығына және ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1134 қаулысына сәйкес қабылданған іс-шаралар жоспары негізінде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бұл бастама облыс әкімінің «Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі» аймақтық жоспары аясында жүзеге асырылып отыр.
Халықаралық форматтағы бұл семинар аясында Түркия, Қырғыз Республикасы және Германия елдерінен келген оқу орындары мен сарапшылардың қатысуымен білім беру саласындағы тың реформалар мен озық тәжірибелер талқыланды. Сонымен бірге, жұмысшы мамандарды даярлаудың заманауи тәсілдері, ТжКБ жүйесін интернационалдандыру және шетелдік әріптестік байланыстарды нығайту мәселелері көтерілді.
Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру департаменті басшысының орынбасары Қасымова Ақзира Бақтыбайқызы, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, «ORDA» жоғары колледжінің негізін қалаушы Мұрат Бақтиярұлы, Түркия Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығының білім атташесі Айхан Коркмаз, Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Есенбаев Бекжан Шахизатұлы және бірқатар шетелдік делегаттар қатысты.
Семинар барысында Германияның SES халықаралық сарапшылары, Түркия мен Қырғыз Республикасының колледж өкілдері, Жетісу облысы Үштөбе гуманитарлық колледжінің мамандары және Қызылорда облысындағы ТжКБ ұйымдарының директорлары мен оқытушылары өзара тәжірибе алмасып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Қызылорда облысы әкімдігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Түркия консулдығы тарапынан маңызды сөздер айтылып, халықаралық серіктестіктің маңызы атап өтілді. Сонымен қатар, шетелдік оқу орындарымен меморандумдарға қол қою рәсімі өтіп, екіжақты байланыстарды нығайтуға нақты қадам жасалды.
«ORDA» жоғары колледжі мен Түркия және Қырғызстанның жетекші оқу орындары арасындағы әріптестік алдағы уақытта бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, оқытушылар мен студенттер алмасу жобаларын дамыту, кәсіби даярлық стандарттарын жетілдіру бағытында жалғасын табатын болады.
Халықаралық семинар жұмысшы мамандықтарының беделін арттырумен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаңға айналды.
©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
«ORDA» жоғары колледжі Президент Жарлығына сәйкес “Техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру: бірлескен бағдарламаларды одан әрі іске асыра отырып, шетелдік колледждермен әріптестікті дамыту” қадамдарын жүзеге асыруда өзекті шешімдермен өрлеуге қадам басты. Бұл сапалы даму мен кәсіби өрлеудің негізі.