Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазіргі оқытудағы басты мақсат – баланы дамыту

13.05.2022, 16:40 1149

Өз елін, жерін, Отанын, ұлтын сүйетін, тәрбиелі де, білімді азамат даярлау үшін бар білімі мен кәсіби шеберлігін аямау – әрбір кәсіби ұстаз парызы. Балаларды білім тереңіне, өнер мен мәдениеттің биігіне көтеру және зор адамгершілікке тәрбиелеу үшін, егеменді еліміздің туын биіктен желбірету үшін қазіргі оқытудың басты мақсаты – баланы дамыту.

Тілдің дамып, көркеюіне де өз үлесін қосу, баланы дамыту жолында ұстаздық ұстанымымды ту етіп шығармашылықпен жұмыс істеу – ұстаз біліктілігі.

Шығармашылық жұмыстағы мақсат-міндет: оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, баланы өз жұмысының мақсат-міндеттерін анықтауға үйрету, сонымен бірге дамыта оқыта отырып, баланың шығармашылық қабілеттерін арттыру, өз іс-әрекетіне бақылау жасап, өзін-өзі бағалауға, өзін-өзі тануға үйрету.

Адам өзін-өзі толық білмей, бүгінгі және ертеңгі күні неге үміт артатынын білмейді. Өзін толық білмей, адам өзінің әлсіз жерін ажырата алмайды. Алдына қойған мақсатын да орындай алмайды. Сондықтан да, балаларды өз іс-әрекетін қадағалауға, өзін-өзі басқаруға, алдына мақсат қою білуге үйрету керек.

Оқу – мектеп жасындағы балалардың таным әрекеті. Баланың танымдық әрекеті, яғни түйсігі, зейіні, сезімі, қабылдауы, есте сақтауы, ойлауы, сөйлеуі және психикалық дамуы, яғни бейімділігі, мінезі, қабілеті оқу процесінде қалыптасады, жетіледі, дамиды.

Баланың жалпы психикалық дамуы мектептегі оқу мен өздігінен оқуға байланысты. Баланың оқу әрекеті – күрделі, жан-жақты үрдіс. Ол баланың танымдық әрекетін, белсенділігін керек етеді. Белсенділік ақыл-ойға байланысты, сондықтан ақыл-ой еңбегін белгілі жүйемен жасауға, оның жалпы міндеттерін анықтауға үйрену қажет. Егер бала әрбір оқу кезіндегі тапсырманы не үшін, қандай мақсатпен жасау керектігін, ол қандай нәтиже (жаңа білім, дағды) беретінін білсе, онда оқушы әрекетінің саналылығы артады.

Оқу жұмысының мақсат-міндеттеріне сай баланы өз бетімен жұмысын жоспарлай білуге, уақытын дұрыс пайдалануға, өз әрекетін қадағалауға, өзін-өзі бағалауға, өзін-өзі басқаруға дағдыландырудың маңызы зор.

Мұғалімнің міндеттерінің бірі – оқушының өз бетімен жұмыс істеуіне ықыласын арттыру және балалардың өз іс-әрекетіне басшылық жасай білуін дамыту. Әрбір бала алдына мақсат қоя білуі, мәселенің дұрыс шешімін табуда ізденуі, оқу материалдарын өзі зерделей білуі керек.

Баланы ізденіспен жұмыс істету, өз бетімен ізденіп, мәселенің дұрыс шешімін табуға талпындыру, оқушының жеке басын қалыптастыруға мол үлес қосады. Ендеше, оқушы өздігінен ізденетін болса, өз білімін қалыптастырады, бұл шығрамашылыққа жетелейді. Ал, өзіндік білімі қалыптасқан оқушы ғана өзін басқара алады.

Дамытушы сұрақтар – жаңаны білуге талпыныс туғызады, бірақ та тақырыпты күрделендірмеу керек. Өте қызықты, маңызды сұрақтарға жарыс өткізуге болады. Оқушылар өзара сұрақтар қою арқылы, болашақ баяндаманың тақырыбын белгілеулері мүмкін.

Әрбір ұстаз ізденіп, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқушыларға шынайы қамқорлықпен қарап, мейіріммен сезініп, оларды білімді етіп шығару қажет десек, онда қазіргі оқытудағы басты мақсат – баланы дамытуды жетілдіру. Біздің мақсат-рухани әлемі бай шәкірт. Осы мақсаттан шығу- ұстаздарымыздың басты міндеті деп білеміз.

Анар ЖАМИЕВА,

М.Шоқай атындағы

№187 ақпараттық технология мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: