Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлының төрағалығымен қалалық, аудандық білім бөлімдері басшылары, орта білім ұйымдарының бірінші басшыларының қатысуымен Қызылорда облыстық білім басқармасының алқа мәжілісі өтті. Мәжілісті басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы ашып, алдағы маңызды білім беру үдерістеріне тоқталды. Күн тәртібінде оқу жылының аяқталуы, қорытынды емтихандар, жазғы демалысты ұйымдастыру, оқушылардың қауіпсіздігі және өзекті әлеуметтік мәселелер қаралды.
Биылғы оқу жылы 23 мамырда «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағатымен аяқталмақ. Сол күні сағат 09:00-де барлық мектептерде 11-сынып түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шара өтеді. Шараны мектеп қабырғасында қарапайым форматта өткізу тапсырылды.
Ата-аналар мен оқушылардан, мұғалімдерден мектеп бітіруге байланысты ақша жинауға қатаң тыйым салынды. Салтанатты кештерді мейрамханаларда өткізуге, кортеж ұйымдастыруға жол берілмейді. Бұл шаралар оқушылардың қауіпсіздігі мен тәртіпті сақтау мақсатында қабылданған.
Мектеп бітіру шараларында балалардың өмір қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары медициналық қызмет, өрт сөндіру, ішкі істер органдарымен бірлесіп, кезекшілік пен алдын алу шараларын ұйымдастыруы қажет.
9-сыныптардың қорытынды емтихандары 29 мамыр – 10 маусым, ал 11-сыныптардікі 30 мамыр – 16 маусым аралығында өтеді. Емтихан процесінде әділдік пен ашықтық басты талап. Мұғалімдерге сыйлық жасау немесе дастархан жаюға тыйым салынады. Колледжге қабылдау аттестаттың орташа балымен жүзеге асады – бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді.
5–8 және 10-сыныптар арасындағы 79 409 оқушыдан қазақ тілі пәнінен қорытынды емтихан 26–29 мамыр аралығында тапсырылады. Сондай-ақ, «Алтын белгіге» үміткерлер 4 және 9 маусым күндері жазбаша емтихан тапсырады. Бұл емтихандар облыстық комиссияның бақылауымен өтеді.
Мәжілісте жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Табиғат аясында демалыс кезінде де төтенше жағдайлар мен қауіпсіздікке байланысты барлық шаралар қолға алынуы керек.
Алқа мәжілісінің қорытындысында мұғалімдердің кәсіби этикасы, балалардың құқықтарын қорғау, мектептердегі ішкі тәртіп пен қаржының тиімді пайдаланылуы секілді өзекті мәселелер көтерілді. Барлық білім беру ұйымдарына оқу жылын сапалы әрі қауіпсіз аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!